Топ жарған Тоқаев ел үмітін ақтай ала ма?

0
2962

Сайлау өтті, бәйгеге ат баптап қосқан баптаушылардың сүйінгені де бар, күйінгені де бар. «Ат қостым, ат айдаушы, айда деймін, жығылмаса Құлагер, қайда деймін» деп құсадан зар жылап отырған Ақан баптаушы бұл бәйгеде жоқ шығар, сірә.

«Бабы мен бағы жанған көмбені шаңға көміп, жал құйрығы сүзіліп, қос құлағын қайшылап, артқы аяғы алдыңғы аяғынан асып түсіп, оза шапқаны қара көрсетпей келді. Ел іші болған соң, бұған бірінің көңілі толып, енді бірі сол баяғы «Нұр Отанның» үлгісі десіп жатыр. Мұны оппозициялық көзқарас десекте болады. Бірақ халықтың басым бөлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергені нақтыланды. Сонымен сайлауға әу баста, Қазақстан Президенттігіне 12 адам ұсынылған болатын. Оның ішінде Орталық сайлау комиссиясы алты адамды тіркеген.

Олар: елдің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты халықтық коалиция ұсынса, оның кандидатурасын «Amanat», «Ақ жол» және  Қазақстан халық партиясы қолдады. Мейрам Қажыкенді «Аманат» кәсіподақтар одағы ұсынса, Жигули Дайрабаевты «Ауыл» партиясы ұсынды. Қарақат Әбденді «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынса, ал Салтанат Тұрсынбекова сайлауға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің атынан түсті. Нұрлан Әуесбаев Қазақстанның «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының атынан түскен-ді.

«Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» демекші Президенттікке кандидатураларын ұсынған кандидаттар бұрын соңды халық алдына етене таныс болмаса да мемлекет басшысы болудан дәмелі әрі сайлауға түсіп бақтарын сынады. Сайлау алды бағдарламаларымен республиканың барлық аймақтарын аралап, аламан жарыс басталарда көгілдір экран арқылы дебатқа түсіп, бірін-бірі шалып сөйлеп, іскерліктері мен шешендіктерін сынап баққан кандидаттар елді ауыздарына қаратып, соңдарынан ерту үшін түрлі көріністер көрсетті.

Мәселен «Ауыл партиясы» ұсынған кандидат Жигули Дайрабаев жілік сындырып аты шықты. Кандидаттың бұл көрінісін қалың бұқара «жұдырығы дәу болғанмен жілік жіңішке әрі алдын-ала сындырып қойған ғой» деп сенбестік танытты. Менің пайымдауымша Жигули мырза егер  халық мені таңдап, сайланып кетсем елдегі парақорлар мен жемқорларды осылай сындырам» деп жуан жұдырығын көрсеткендей болды. Ал, Қарақат Әбден егер мен Президент болсам, мемлекетті де басқарып, аналық парызым бойынша сиыр сауып, отбасына да  қарай аламын деген пайымын көрсетті. «Бәрін айт та бірін айт, комсомолдың жырын айт» демекші, Президентке үміткер алты кандидаттың ішінен халық мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасына тоқталды.

«Әділетті Қазақстан, Жаңа Қазақстан» құру жолындағы жеті жылдық бағдарламасын айқындап экономиканы өрлету жолында ауыл-шаруашылығына басымдық берілетін, саяси саханада да Қазақстан беделін көтеріп, идеологиялық әлеуметтік теңдікті қалыпқа келтіремін. Жастар мәселесі, Қазақстандағы қазба байлықтар халыққа теңдей үлестірілетін болады. Оның алғышарты туылған әр баланың есепшотына салым салынады әрі енді Президенттік сайлау мерзімі 7 жылдан әрі аспайды»,- деп Конституциялық Заңмен мөрлеп бекіткен Қасым-Жомарт Кемелұлына қараша қауым сенім артты. Әлем желідегі сайлаушылардың бірі Сәбит Рысбаевтың Фейсбук парақшасынан:

«Ердоғанды қаншама диктатор анау, мынау десе де, маған оның харизмасы ұнайтын. Түріктерде сайлау біткен соң «Балкон конушмасы» деген болады. Сайлауға қатысқан әрбір кандидат немесе партия көшбасшысы сайлаушылары алдында сөйлейді. Сол кезде Ердоғанның үнемі айтатын бір сөзі бар. «Бізге сеніп дауыс бергендеріңізге рахмет. Дауыс бермегендерге де рахмет. Сіздер осы арқылы бізді тағы да қамшыладыңыздар. Келесі жолғы сайлауда сіздердің де дауыстарыңызды алу үшін жұмыс жасаймыз» дейтін.

Кешегі Экзит-поллдың алдын-ала шешімі бойынша Тоқаев 80%-дан жоғары алыпты. Ресми санақ қорытындысы 1-2 күнде шыға жатар. Десе де осы 80%-дың айналасында болары анық. Өз басым Тоқаевты адам ретінде сыйлаймын. Президент емес, жәй адам болса да сыйлар едім. Білмеймін ішімде сондай бірнәрсе бар. Алдағы 7 жылда елі үшін жұмыс жасайды деп ойлаймын.

Дауыс бермегендердің  де  дауысын  алу  үшін жанын салып жұмыс жасайтын болар. Бұрында Назарбаев уақытында басымда үнемі шетелге көшіп кетсем ба екен деген ой жүретін. Болашаққа сенбейтінмін. Енді ол ойдан арылдым. Болашағын Тоқаевқа сенемін», – дейді. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Әділет дамудың даңғыл жолы» атты парақшасында  толғақты ойын, жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына бағыттаған.

«Отыз жыл секілді жеті жыл да өтеді. Президент артында қандай саяси жүйе, нендей қоғам қалыптастырады, қай деңгейде экономика жасайды, тарихта сонысымен қалады. Алғыс па, қарғыс па, оны уақыт көрсетеді. Билік балансын, заң үстемдігін, сөз бостандығы мен адам құқығын қамтамасыз ететін дұрыс жүйе құра алмаса, әдемі сөздер мемлекеттің ең биік мінберінен айтылып, уәде берілсе де нәтижелі бола бермейді.

Себебі толықтай жүйе жұмыс істемесе, бір адамның бүкіл мемлекеттік мекемені бақылап, қадағалауы мүмкін емес. Нәтижесінде ескілер кетсе де, орнына жаңа жемқорлар мен олигархтар тобы қайта пайда болады. Бұл жол тұстас елдің отыз жылын ұрлаған, мемлекетті тығырыққа тіреген тайғақ жол. Жүйе өзгермесе, уәде етілген «Әділетті Қазақстан» орнамайды.

Жаратқан елімізге жарқын болашақ нәсіп етсін!»,– депті. Сайлау өткенге дейін қай кандидатқа дауыс береміз, Тоқаевтан басқа топты жарып, толағай ойларымен көшті бастап кететін көсемді көре алмай тұрмыз деген сайлаушылардың да пікірлерін көзіміз шалып қалған-ды. Соның бірі Ұларбек Нұрғалымұлы Абай хәкімнің бірінші қара сөзімен фейсбуктегі өз парақшасында мынадай жазба жариялаған-ды. Сайлау алдында оқырманды ойландырып тастаған ұзын-ырғасын мынау.

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір біраз сайлау өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық  – әурешілікті көре-көре келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі тамыр-таныстық, жемқорлық екенін білдік. Сөйтіп жүріп «Әділетті Қазақстан» деген тұсқа жетіппіз. Ал, енді мына сайлауды қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны біле алмай өзім де қайранмын. Жигулиге дауыс беру?  Жоқ, оған сенім жоқ. Жілік сындырамын деген жастар беремін демесе, бізді Құдай сақтасын. Қарақатқа дауыс беру?

  Жоқ, бере алмаймын. Беретіндер керегінше өздері берер. Енді ғылым-техника дамыған кезде не еңбегің ақталмайтын,  не жем-шөп шақ келмейтін екі биенің емшегін созғылап қалған өмірімді қор етер жайым жоқ. Салтанатқа дауыс беру?  Жоқ, ән айтып, би билеуге де қосыла кетер апа-әже керек. Білмеген биіңді кімнен сұрарсың, қара жорғаны кімге үйретесің? Жағдайсыз, ғылымсыз мынау уақытта музыканы бақыртып қойып, билей бергеннің несі пайда? Билесер кісі болмаған соң, бидің өзі – бір тез шаршататұғын күйік. Тәуекел қылып, Нұрлан Әуесбаевқа дауыс беру? Жоқ, ол да болмайды.

Не Жигулиге тыныштық жоқ, не өзі ештеңе істемейді, Нұрланға не қылған Президенттік? Мейрам Қажыкенге дауыс беру? Жоқ, бере алмаймын. Берер едім, не деп берудің мәнісін білмеймін. Не қылсын деп берем? Қай харекетіне қосылайын? Оның үстіне ана тілінде бір ауыз сөз айта алмайды. Сайлау алды бағдарламасының ішінен ілгері өмірімнің, білімнің пайдасын тыныштықпен көрерлік ештеңе тапқаным жоқ. Сайлаудан соң қайда бар, не қыл дерімді білмей отырмын. Не бол деп берем, оны да көрнек қыла алмадым. Ақыры ойладым: Осы кандидаттардың ішінен Тоқевқа дауыс берейін, ақ қағазға қара сиямен өрнек салайын деп.

Кімде-кім ішінен Тоқаевты тапса тұсына () осы белгіні қойсын, керегі жоқ десе, өз дауысы өзінікі дедім де ақыры осыған байладым. Енді мұнан басқа ешбір кандидатым жоқ», – деген Ұларбек Нұрғалымұлының сарказмы жебенің оғындай үшкір екен. Халықтың басым бөлігінің Тоқаевқа дауыс беруіне осы салмақты сатира себепкер болуы да бек мүмкін ғой. Сонымен сайлау бітті, жеңімпаз анықталды. Қасым-Жомарт Тоқаев топты жарды. Жарияланған мәліметке сәйкес, президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев ең көп дауыс жинағаны жарияланды.

«Социс-А» институтының еxit poll нәтижесіне сәйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы 82,02% дауыс жинаған.

«Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы» ұсынған кандидат Қарақат Әбден  –  2,84% , Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынған  кандидат  Нұрлан  Әуесбаев  –  2,38% , «Ауыл» партиясынан түскен кандидат Жигули Дайрабаев  – 3,68%, «Аманат» кәсіподақтар бірлестігінен ұсынылған Мейрам Қажыкен – 2,62% , «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Салтанат Тұрсынбекова –  2,24% дауыс жинаса, «барлығына қарсымын» деген бағанды ​​сайлаушылардың  –  4,22 пайызы таңдаған. Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 10 101. Республика бойынша 86 учаске 06:00-де ашылған.

Шетелдегі қазақстандықтар үшін  53  елде  68 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Сайлаушылардың жалпы саны – 11 950 485 адам.

Сайлауға келу деректері бойынша: Абай облысы – 80,18%, Ақмола облысы – 78,87%,  Ақтөбе облысы – 72,81%, Алматы облысы – 72,10%, Атырау облысы – 70,87%, Батыс Қазақстан облысы – 68,67%, Жамбыл облысы – 79,57, Жетісу облысы – 81,42%, Қарағанды облысы – 78,39%, Қостанай облысы – 79,28%, Қызылорда облысы – 81,07%, Маңғыстау облысы – 66,99%, Павлодар облысы – 77,58%, Солтүстік Қазақстан – 79,01%, Түркістан  облысы – 80,37, Ұлытау облысы – 75,48%,  Шығыс Қазақстан облысы – 79,49%, Астана қаласы – 48,60%, Алматы қаласы – 28,72%, Шымкент қаласы – 59,79%. Жетісу облысы сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың көрсеткіші бойынша 1-ші орында тұр. Сайлаушылардың жалпы саны – 11 953 465. Қатысқаны 8 299 501.  Алдын ала келу 69,43% құрады.                      

А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ