Құлдықтағы жандар көбейді

0
311

Соңғы жылдары өмірін құлдықта өткізіпті, құлдықта ұстапты деген әңгімелерді жиі естіп жүрміз. Құқық  қорғаушылар  елімізде адам еңбегін тегін пайдалану кең тарағанын, айыптылардың міндетті түрде жазаға тартылатынын айтады. Жыл сайын  ішкі істер министрлігі мұндай оқиғалардың дерегін жариялап отырады. Статистика бойынша үй шаруасына  жұмысқа  салу  мақсатында  адам саудасы кеңінен таралған. Оған бағынышты адамдар көбіне ауыр, қара  жұмысты  және  өмірін қауіпке тігетін жұмыстарды да атқаратындарын айтады.

Жақында Жетісу облысы Қаратал ауданының тұрғыны өзінің 10 жыл бойы жергілікті шаруаның еңбек құлдығында болғанын айтып бейнесюжет түсірген. Ағымдағы жылдың 14 қарашасында ол кішкентай қызымен өзін құлдықта ұстағандардан қашып кеткенін айтты. Үндеуінде  қазір қожайындарынан жасырынып жүргенін, тәртіп сақшылары-нан құжаттарын қайтаруға көмектесуін сұрайды.

«Егер мен қайтып ол жерге баратын болсам, барлығы қайталануы мүмкін. Тағы да мәжбүрлі түрде құлдыққа алып қалады деп қорқамын. Қызым екеуміз қалыпты өмірге кірісуіміз үшін құжаттарды қайтаруға көмектесіңіздер», – дейді ер адам бейне үндеуінде.

Полицейлер бұл бейнежазбаның назарға алынғанын және қазірдің өзінде Қаратал аудандық полициясында ресми тіркелгенін айтты.

«Қазір факті бойынша ақпарат тексерілуде. Біз ер адамнан бізге хабарласып, тиісті айғақ беруін сұрадық», –  деп хабарлады Жетісу облыстық  ІІД  баспасөз қызметі. Облыстық департамент тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат кейінірек берілетінін түсіндірді.

Психологтер құлдыққа түсуден ешкімнің сақтандырылмағанын айтады. Тұрмыстық жағдайы жақсы, толыққанды отбасынан шыққан адам да «құл» болуы мүмкін. Өйткені қоғамда біреуге ақы төлегеннен гөрі тегін еңбек күшін пайдаланғанды тиімді көретіндер көп.  

 Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 128-бабына сәйкес адам саудасы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген делінген. Яғни, елімізде  траффикингке жол жоқ. Дей тұрғанмен, құлдықтағы жандардың қатары артуда.  Неге?

 А.БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ