Жетісу спортының өзекті мәселелері талқыланды

0
406

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы Тіл сарайында өңір спортшыларымен кездесіп, саланың көкейкесті мәселелерін талқылады. Сол сияқты жиында 10 спортшы облыс әкімінің қолынан наградалар алды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Бейбіт Исабаев Президент тапсырмасына сай облыс спортында қолға алынатын жұмыстар жайлы қысқаша айтып берді. Сол  қатарда заманауи шаңғы және биатлон стадионын, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу туралы жоспарларымен бөлісті. Сонымен бірге өзекті мәселелерге де тоқталып, олардың шешіміне қатысты тапсырмалар берді.

– Облыс орталығында Орта Азияда  теңдесі жоқ заманауи бассейніміз бар. Өзінің ерекше мүмкіндігімен еліміздің жүзуден Ұлттық құрамасы жаттығатын орталыққа айналды. Мұнда көптеген республикалық жарыстар өтеді. Жетісу облысының командасын баптауға мықты жаттықтырушылар шақырып, команда жақсы нәтижелер көрсете бастаған еді. Алайда жаттықтырушылардың тұрғын үй мәселесі шешілмегендіктен, қиындық туған. Осыған байланысты Талдықорған қаласының әкіміне сырттан шақырылған жүзу бойынша жаттықтырушыларға тұрғын үй қорынан қызметтік пәтер бөлуді тапсырамын. Ал Суда жүзу федерациясы мен бассейн директоры жоғары білікті мамандар тартуды жалғастыруы керек, –  деп атап өтті Б.Исабаев.

Бұдан бөлек, «Жетісу» футбол клубының биылғы маусымдағы ойын барысын қысқаша талдай  келе, запастағы алаңының талапқа сай болмауынынан команданың 3 ұпайдан айырылғанына ойыншылардың титтей де кінәсі жоқ екенін қадап айтты, бұл – басшылықтың салғырт жұмысының салдары.

«Осыған байланысты «Жетісу» орталық стадионын қайта жаңғыртуға 2023 жылы 1 млрд. теңге бөлу  керек  деп  шештім. Бұл жұмыс тиісті басқармалардың ерекше бақылауында болуы тиіс», – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ ол кәсіби клубтарда ойыншылардың сапалы резервтерін қалыптастыру, жергілікті спортшыларды көптеп тарту, жас таланттарды іріктеп алу сияқты жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Сөзінің соңында спортты дамытуға қосқан елеулі үлестерін бағалай отырып, бірқатар спорт саласының қызметкерлеріне наградалар ұсынды. Атап айтқанда, он азаматқа облыс әкімінің  Алғысы хаты, «Жетісу облысының Құрметті спорт ардагері» атағы, «Спорт саласының  үздігі», «Үздік спорт қызметкері» төсбелгілері табысталды.

Кездесудің екінші бөлігінде спортшылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мәселен, Жетісу облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Рүстем Досжанов өңірде көкпар командаcын құру және «Ұлттық спорт түрлерін дамыту» дирекциясын ашу туралы ұсынысын айтса, Қазақстан Республикасы Регби федерациясының президенті Айгүл Жартыбаева Талдықорған қаласында регбиден жабық жаттығу алаңын салу мәселесін көтерді. Талдықорған қаласының А. Кивилев атындағы велоспорттан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Самат Сапажановтың ұсынысы велотрек салу туралы болды. Оған қоса велоспортшылар қажетті құрал-жабдықтарын қоятын арнайы орынның жоқтығынан оларды орта мектептер мен «Жастар» спорт сарайының жертөлелеріне қоюға мәжбүр. Осы мәселенің шешіміне де қолдау сұрады. Сол сияқты көгалдағы хоккей ойынына облыс орталығында әмбебап зал тұрғызылса, үстел теннисіне арналған спорт нысаны салынса, волейбол клубының жеке жаттығу залы болса деген де тілектер айтылды. Осы және өзге де көтерілген проблемаларға қатысты жауап берген облыс әкімі бірқатар нысандарды блок-модульді конструкциялар арқылы шешуге болатынын жеткізді. Мәселен, регби командасы мен индорхоккей спортшыларына  арналған  қыста жаттығуға қажетті ангар типтес ғимараттарды БМК-дан тұрғызса, әрі шығыны аз, әрі жылдам салынатын болады. Облыс әкімінің айтуынша, волейбол клубына арнайы жаттығу залын салу мәселесі келесі жылы шешіледі. Ал волейболшылар үшін сұралып отырған жатақхана құрылысы әлі де сараптауды қажет етеді. Велотрек салуды облыс бюджеті көтермейді, сондықтан оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі немесе инвестор тарту шараларын қарастыру керек. Ал үстел теннисі орталығын салуға бір кәсіпкер ұсыныс білдірген екен.

Осы жаңалықты жеткізген облыс әкімі өз кезегінде Талдықорғанда салынатын осы орталықта Пара үстел теннисімен айналысушы спортшыларға да барлық жағдай жасалатынын айтты. Ұлттық ат спорты ойындары да назардан тыс қалмайды. Кездесуде көтерілген барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талдап, сараптап, қорытындылаған Бейбіт Исабаев олардың шешімен қатысты нақты жауап берді. Сонымен қатар жасалған жағдайға қарай нәтижесі де қатаң сұралатынын қадап айтты:

 – Бүгінгі басқосуда айтылған барлық мәселелерге облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай, қажет жерінде демеушілер тартып, барынша қолдау көрсетеміз. Бірақ бұл сіздерге берілген аванс деп есептеңіздер. Себебі жағдай жасалғаннан кейін нәтиже де сұралады. Жетістіктеріңіз соған сай болуы керек. Жетісудың спортта жетістіктерге жететін мүмкіндігі мол. Ол үшін спортта талантты жергілікті балаларды іріктеп, оларды дұрыс баптай білу керек. Жаттықтырушылардың біліктілігіне де жоғары талап қоямыз. Әділеттілік тек экономикада ғана емес, спортта да болуы тиіс. Әділеттілік пен талапшылдық спорттың басты принципіне айналғанда ғана нәтиже болады, – деді Б.Исабаев.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ