«Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер»

0
551

Қара қылды қақ жарады, ақты ақ, қараны қара  деп айғақтайды деген билердің бүйрегі жемқорлыққа бұрып тұрса не шара. «Бүлінгеннен бүлдіргі аламын» деп басы бәлеге қалған Т. атты судья бөтеннің мүлкіне көз алартқаны үшін өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Талдықорған қалалық сотында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Т., кәсіпкер П., сондай-ақ, делдалдар А. және Ж. есімді адамдарға қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды деп хабарлайды баспасөз өкілдері.

Сот жүйесінің анықтауы бойынша Т. МАЭС судьясы бола тұра, кәсіпкер П.-ның ақшалай қаражатын алдау және оның сенімін теріс пайдалану жолымен өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ұрлау мақсатында делдалдар Ж. және А.-ға  анық емес мәліметтерді, яғни  Т.  Алматы облыстық сотының апелляциялық сатысында өзі шығарған шешімнің күшінде қалуына ықпал ете алатынын хабарлаған. П. есімді азамат ЖШС директоры бола тұра, апелляциялық саты Т.-ның бұрынғы қабылдаған шешімінің күшін жою салдарынан оның компаниясына келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, атап айтқанда Алматы облыстық сотының судьяларына, судья Т.-ның шешімін күшінде қалдыру үшін делдал арқылы 3 млн. теңге сомасында пара беруге оқталған.

Өз  кезегінде кәсіпкер А. және Ж. есімді азаматтар П. тарапынан облыстық соттың судьяларына Т. арқылы пара беруде делдал болған. Прокурор соттан сотталушы Т.-ны тағылған айып бойынша кінәлі деп тануды және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленбей, 5 жылға бас бостандығынан  айыру жазасын тағайындауды, сотталушы П.-ны өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленбей, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, сотталушылар А. және Ж.-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны, атап айтқанда, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленбей, А.-ны 3 жыл, Ж.-ны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар тарапынан судья Т. тағылған айыпты толық мойындаса, П. тағылған айыпты мойындамады. А. есімді  кінәні ішінара мойындаса, Ж. кінәні мойындамады және өзін ақтауды сұрады.

Сот үкімімен Т. алаяқтық жасағаны, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, П. жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға делдал арқылы елеулі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға, А. және Ж.  келісімге қол жеткізуге ықпал еткендіктен, сот олардың осы бап бойынша әрекеттерін қайта саралап, (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға ірі мөлшерде пара беруден  парақорлыққа делдал болуға) және оларға мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойы айыра отырып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның 2-бабының 1-бөлігі 1-тармақшасы талаптарына сәйкес А. және Ж.  ҚК 368-бабының 1-бөлігінде көзделген тағайындалған жазадан босатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мұндайда атам қазақ «Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер» деуші еді. Билік айтар биін бұра тартқан соң, өзгелерден  не қайыр. «Ақша жүрген жерде албасты жүреді» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады. Бір ғана судьяның теріс әрекеті барлық судьяларға жаман ат келтірді. Мұны да қазақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» дейді.

Айтақын  МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ