Спорт сыйлығын табыстады

0
374

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Жеңімпаз  рухы» ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты кеш барысында министрлік 2022 жылды қорытындылап, халықаралық ареналарда Әнұранымызды шырқатып, Көк туымызды көкте желбіреткен спортшыларды марапаттады. Сондай-ақ олардың бапкерлері мен спорттың сан түрлі саласында Қазақ спортының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ.

Қазылар алқасы 14 номинация бойынша республика бойынша еңбегімен көзге түскен 20 үздікті анықтады. Іс-шараның қорытындысы бойынша әйелдер күресінен екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Жәмила Бақбергенова (жазғы спорт түрлерінен) мен Бейжің Паралимпиадасының қола медаль иегері Александр Герлиц (қысқы спорт түрлерінен) «Жылдың үздік спортшысы» атанса, олардың жеке бапкерлері Нұрсұлтан Теміров (жазғы) пен Антон Жданович (қысқы) «Жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымына ие болды. Сондай-ақ Ұлттық коньки тебушілер федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы», Атырау облысы «Мүгедектердің спорт ұйымы» – «Жылдың  үздік спорт мекемесі», Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы – «Жылдың үздік спорт өңірі»,  Ирина Новикова мен Елена Галиц – «Дене шынықтыру және спорт бөлімінің үздік маманы», Самат Сапишев – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы», «Қуаныш» волейбол клубы – «Ойын түрлері бойынша үздік спорт командасы», Бекжан Адамбеков – «Ауылдағы үздік дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері», Елена Рыбакина – «Жыл жаңалығы», Қайырбек Хамзин – «Жылдың үздік меценаты» және Алан Құрманғалиев (үстел теннисі), Евгений Федоров (велоспорт), Мария Бровкова (каноэде ескек есу) – «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы үздік спортшы» деп танылды.

Салтанатты іс-шарада жерлесіміз, Жетісу облысының жаттықтырушысы Дастан Балабеков – «Ауылдағы үздік жаттықтырушы» номинациясын иеленді.

Аталған жеңімпаздар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Салтанатты кештің соңында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев сөз алып, жеңімпаздарды құттықтады.

«Әуелі барлық жүлдегерді құт-тықтағым келеді. Биыл атап айтар жеңістеріміз де көп болды. Бүгін сол сәттің жеңімпаздары осында жиналды. Мемлекет спортты дамыту, спортшыларды ынталандыру бойынша бар жағдайды жасап жатыр. Ел спортына серпін беретін бірқатар заңнама да қабылданды. Десе де алда жұмыс көп. Келесі жылы Олимпиадаға дайындықтың қызар шағы. Біздің құрамалар барынша көп жолдама иеленуге барын салмақ. Ал мақсат – Париждегі басты бәсекеде сәтті өнер көрсету», –  деді ол.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ