Мемлекет қорғайды деп…

0
347

Бүгінде ақпарат құралдарынан «баласын  өлімші етіп сабап тастапты», «баласын ұрып өлтіріпті» деген жаға ұстатарлық хабарларды жиі көреміз. Әлі қабырғасы қатаймаған бүлдіршіндер ауыр соққыны көтере алмай, қыршыннан  қиылып та жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ІІМ берген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы жәбірленушілердің саны екі есеге артып, 250 мыңнан астам жағдай тіркелген. Және олардың 63 пайызға жуығы арыз жазудан бас тартқан. Сырт көзге бәрін жақсы етіп көрсетуді әдетке айналдырған әйелдер «ұят болады», «балам толыққанды отбасында өссін», «ел не дейді?» деген сөздерге алаңдап, үнсіз қалғандықтан бүгінде жазықсыз балалар зардап шегіп отыр. Жақында kazinform ақпараттық порталы хабарлаған Панфилов ауданының тұрғыны ұлын сабап тастапты деген жағдайда «Бәлкім, бұл қылықтарын доғарар. Өзіміз шешіп аламыз» деген әйелдің сөздерінен кейін жылы жабылды. ІІМ-нің өкілдері жәбірленуші арыз жазудан бас тартса, тұрмыстық тирандарды жауапқа тарта алмаймыз дейді. Бір өкініштісі, осылай, қол сынса жең ішінде деп үндеместің күйін кешкен аналарға қарап өскен балалар үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық қалыпты жағдайға айналып барады. Баланы аяусыз соғудың астарында бүгінгі ата-ананың психологиялық тұрғыдағы күйзелісінің жатқандығы да жасырын емес. Осы мәселе бойынша еліміздегі білікті мамандар балаларға және олардың ата-аналарына арнап түрлі курстар мен тренингтер де өткізіп жатыр. Психологтардың  айтуынша балаларына қол көтеретін ата-аналардың 80 пайызы кішкентайында жәбір көріп, қиын балалық шақты бастан өткергендер болса, қалған 20 пайызы психикалық ауытқушылықтары бар азаматтар екен. Ал балаларын көз алдында ұрып-соқсада күйеуін жақтайтын әйелдер көбіне «Еріңдікі жөн қызым, сен қашанда көн…», деген тәрбиемен өсіп, жарының ісі бұрыс болса да дұрыс көретін жандар. Сондай-ақ елімізде қандай заң барын, өз құқықтарын қалай қорғау керектігін білмегендіктен көндіккеннен басқа амал жоқ деп тағдырына мұйынсұнған әйелдер. Осындай заңнан бейхабар жәбірленушілерді қолдап, қорғау мақсатында 2018 жылы «Не молчи» ұйымы құрылған болатын. Қайырымдылық қорының арқасында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, жүздеген бала мен әйелдердің құқықтарын бүгінгі күнге дейін  қорғап келеді. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылдың басында әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң әзірленіп, зорлық-зомбылық қылмысы ауыр санатқа ауыстырылды. Елімізде осындай жан-жақты заңдар қабылданып жатқан уақытта тиран күйеулерінің айтқанынан шықпай өзін де, балаларын да құрбан етіп отырған әйелдер жәбір көргендерді мемлекеттің қорғайтынына сенімді болып, үнсіз қалмаулары тиіс!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ