Періште келді, періште кетті

0
339

Жетісу өңірінде жантүршігерлік оқиға  орын алды. 6 жасар бала  өзінің үш айлық  қарындасын  пышақтап өлтіріп қойды… 

Қара жамылған отбасының бес  баласы бар. Үлкен екі ұлы студент. Анасы үшінші ұлын  мектепке алып кетіп,  үш айлық нәресте мен 6 жастағы төртінші ұлын үйге тастап кеткен. «Неге бұлай істедің?» деген сұраққа 6 жастағы бала «ол жылап мазамды алды» деп жауап берген. Баланың ешбір психикалық ауытқуы жоқ, бірінші сыныптың оқушысы.  

Ауылдастары  бұл  жанұя  жайлы тыныш, қатардағы отбасы екенін  айтқан. Ал қоғам  ішінде  түрлі пікір туындауда. Оқиғаға  қатысты халық қалаулысы Нұртөре (Ж) ағамыз  да  үн қатып: «Бұл оқиға неден өрбіді? Бала көргенін істейді. Ал көретіні соткадағы сұмдық болса ше? Ұялы телефон ұлттың түбіне жетпей қоймайды-ау осы!» деп жазады.

Жан түршіктірер оқиғаға қатысты пікірін білдірген Талдықорған қаласындағы «Ясмин» орталығының психологы Гүлден  Молдыбайқызы мұны балаға дұрыс көңіл бөлінбегендіктен әрі  ішкі агрессия болуы мүмкін дейді. Маман  сөзінше, отбасында қандай, қаншасыншы бала болмасын 7 жасқа дейін толыққанды махаббатқа бөлеп, өсіру қажет. Көбіне 3-7 жас аралығында оларда түпсана жақсы жұмыс жасайды. Көп  травма  да  осы аралықта  қалады екен. Бала  қаннен қаперсіз еркелеп жүріп, бір сәтте бар көңіл басқа жаққа ауып кеткен соң, қарындасын кінәлі санап осындай іске баруы мүмкін…

Кез келген әйел жүкті болып  жүргеннен  бастап  үйдегі өзге балаларын психологиялық тұрғыда дайындау керек. Мәселен балаға  «ой, сен  сасып қаласың», «енді сені еркелетпейміз» деудің орнына, «балам сенің қарындасың болады», «ол сенің бөпең» деп жақсы сөздерді айтып, түсіндіру қажет. Жалпы  әр  ата-ана жылына бір рет болса да баланы психологқа апарып тұру керектігін есте ұстаған жөн.  Бала мінезіндегі өзгерістерді анықтап, олқылықтар болса, орнын толтырған дұрыс.

Әр ата-ана үшін бауыр еті баласы ыстық қой. Ешкім баласын бөліп-жарып, төмендетпейді. Алайда, түрлі технологиялардың дамып, баланың миына ойын арқылы түрлі ойларды салып жатқан мынадай заманда – әрбір әке-шеше баласының тәрбиесі үшін үнсіз қалмай, өзіндік шаралар қолдана білуі тиіс…

 Арайлым НҰРЖАПАР

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ