Үміт алға жетелейді

0
296

Еділ Юрийұлы ҚАЗАҚБАЕВ, кәсіпкер:Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келген сәттен бастап елімізде көптеген оқиға болды. Атап айтқанда, әлемді дүр сілкіндірген пандемия, қаралы Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, экономика мен мемлекеттер арасындағы әлемдік дағдарысқа бәріміз куәгерміз. Әркім өз дәуірінің куәгері деген сөз осындайда айтылса керек.

Үгіт-насихат жұмыстары басталғалы Талдықорған қаласының тұрғындарымен түрлі кездесулер өткізіп, көпшілікті алаңдатқан мәселелерді сұрап білдік.

Сайлауалды бағдарламамызды түсіндіріп, еліміздегі салық саясатын қайта жаңғырту, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, әйелдерді 58 жаста зейнетке шығару, міндетті медициналық сақтандыруды алып тастау, әрбір азаматқа тиесілі 10 сотық жер беру, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін зауыттар салу, көкөністер мен жемістерді заманауи үлгіде сақтауға инвестиция құю, жүк тасымалын қамтамасыз ету, жаңа өндірістер ашу, кәсіпкерлерді үш жыл салықтан босату, отандық өнімді экспорттау сынды аса өзекті мәселелерді орындау біздің міндетімізге кіретінін жеткіздік. Сұрақ қоюшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.  Халықтың талап-тілегі таза ауызсу, сапалы білім, білікті медицина, түзу жол екендігін айқын аңғардық. Одан бөлек отандық туризмді дамыту, шағын кәсіпкерлікке қолдау, отандық өндірісті өркендету сынды аса маңызды бағыттардың жұмысын жандандыруға көпшілік ынталы екен. Алайда елімізді арзан тауармен қамтамасыз етіп, сауда-саттықпен айналысатын саудагерлер отандық өнімді өндіруге тікелей кедергі келтіретінін білдік.

Шынында өзін Қазақстан азаматы санайтын әрбір адам отаншылдық рухты берік ұстанғанда ғана еліміздің экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуы белең алады. Себебі, экономиканың өзегі саналатын өндіріс қана еселі дамуға серпін береді. Осыны ұғындыру үшін ертеңге үмітпен қарап, Парламент Мәжілісінің мінберіне ұмтылып отырғанымызды жеткіздік. Адамды үміт жетелейді. Үмітсіз адам алға ұмтылмайды!


ПІКІР ЖАЗУ