Өзгеріс өзімізден басталады

0
561

Қуаныш Сапаұлы ЖАПБАСБАЕВ, «ORDATS» ЖШС қаржылық директоры: Үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүруде. Сайлаушылармен кездесіп, қазіргі саяси науқанның маңызын түсіндірдік. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында елде орын алып жатқан өзгерістерді сөз еттік.

Сайлауалды бағдарламамда 1993 жылғы Ата Заңды басшылыққа ала отырып, жаңа Конституцияны қабылдау керектігі айтылған. Одан бөлек гранттарды бөлу жүйесін өзгерту қажет.  Министрліктер, әкімдіктер ұсынған өтініштер негізінде оқу-ағарту министрлігі гранттар қалыптастырады. Нәтижесінде әрбір грантқа үміткер келешек жұмыс орнын білетін болады және белгілі бір ұйымда 5 жыл қызмет етуге міндеттеледі. Емханалардың жұмысын жүйелеп, медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне мүмкіндік береміз. Яғни, олар 5 жыл жұмыс істегеннен кейін шетелдің озық клиникаларында тәжірибеден өтетін бағдарламаны әзірлейміз. Әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас етіп қалдырып, әр бала үшін өмір бақи айына 20 000 теңге көлемінде төлем белгілеу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартамыз. Келесі кезекте қазақ тілінің мәртебесін көтеру арқылы, жаңа терминдерді зерттеу және енгізу үшін институт құруды қолға аламыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту үшін, ірі сатып алуларды автоматты түрде бақылауға, қаржы көздері мен табыстың заңдылығын тексеруге мүмкіндік беретін заңнамалық негіздер мен тетіктерді құруға тиіспіз. Сайлауалды бағдарламамның осындай маңызды тұстарын түсіндіру үшін ең алдымен Сарқан ауданына бардық. Әрмен қарай Алакөл ауданына ат басын тіредік. Халық көп жүретін базарларды аралап, мектеп, ауруханаларда болдық. Дәрігер, мұғалім, такси жүргізушілерімен тілдесіп, сұрақтарына жауап бердік. Мемлекетті оң өзгеріске бастау үшін алдымен өзімізді өзгертуіміз керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істесек қана еліміз өркендейді, экономикамыз өрістейді.


ПІКІР ЖАЗУ