Шатырдан аққан су шаршатты

0
465

Талдықорған қаласы «Ғарышкер» ықшам ауданындағы №8 үйдің шатырлары әбден ескірген. Көктем шыққалы мазалары кеткен халық жаңбыр жауса төбелерінен су сорғалап тұратынын айтып редакциямызға хабарласқан болатын.
– Қазан айынан бері шатыр мәселесімен алысып келеміз. Жамап та көрдік. Түк пайда жоқ. Кейде тіпті қорқынышты. Жаңбыр жауған күндері бесінші қабатта тұратын тұрғындардың төбелерінен су ағып тұрады. Қатты жел соқса сынған шатырлар ауладағы балалар алаңқайына ұшып біреуді жазым ете ме деп қорқамыз, – дейді олар.
Бұған қатысты тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жұлдыз Иманғазинова былай дейді:
– ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 42 бабына сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін объектіні басқарудың мынадай нысандарының бірін таңдауға міндетті:
1) мүліктің меншік иелері бірлестігі;
2) көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (жай серіктестік).
Жоғарыда аталған тұрғын үйде көп пәтерлі тұрғын үйдің мүлік иелерінің бірлестігі де, жай серіктестікте тіркелмеген. Сондықтан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 2 бабы 14 тармағына сәйкес (ары қарай – Заң), кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан басқа кондоминиум объектісінің бөліктері (қасбеттер, кіреберістер, вестибюльдер, холдар, дәліздер, баспалдақ марштары мен баспалдақ алаңдары, лифтілер, шатырлар, шатырастылар, техникалық қабаттар, жертөлелер, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, абоненттік пошта жәшіктері, көппәтерлі тұрғын үй тұрған жер учаскесі және (немесе) үй жанындағы жер учаскесі, абаттандыру элементтері және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлік) керекті қаражат мемлекет тарапынан бөлінген уақытта жөнделетін болады. Сондай-ақ, осы Заңның 32 бабы 1 тармағына сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 34 бабы 4 тармағына сәйкес, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған барлық шығыстарға қатысуға міндетті. Сондықтан «Ғарышкер» ықшам ауданы, №8 тұрғын үй ағымдағы жөндеу жұмыстарын талап ететін тізімге енгізілді. Қаражат бөлінген жағдайда алдағы уақыттажөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.


ПІКІР ЖАЗУ