60 тұрғын баспаналы болды

0
428

7 мамыр Отан қорғаушылар, 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында   Талдықорған   қаласында   60  отбасы   үйлі болды, –  деп   хабарлады   Жетісу   облысы әкімінің баспасөз   қызметі.

Мереке қарсаңында  Әлімжанов көшесіндегі 40 және 20 пәтерлік жалгерлік үйлердегі пәтерлердің кілтін кезекте тұрған азаматтарға облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды.

Пәтер кілтіне ие болғандар арасында негізінен ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысында қиыншылығы бар жалғыз басты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ, Ауған соғысының  ардагерлері бар.

Қуанышқа жиналған қауым алдында жүрекжарды тілегін білдірген аймақ басшысы  тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселелердің бірі екенін айтты. «Президенттің алдымызға қойып отырған үлкен талабы да осы. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында біз қазір бұл  мәселеге ерекше назар аударып, қолға алып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары қалада тұрғын үй беру біршама саябырлап қалды. Оның түрлі себептері болды – құрылыс жүргізген мердігерлердің жауапсыздығы, құрылыстың сапасыздығы, коронавирус індеті, мұның бәрі өзінің кері әсерін тигізді. Сонымен бірге жасырары жоқ бұрынғы жылдары 1200-ден астам тұрғын үй заңсыз беріліп, кезекте тұрған азаматтардың реті бұзылған. Қазір бұл мәселе сот арқылы шешімін тауып, үйлер кері қайтарылуда», –  деді Б. Исабаев.

Бейбіт Өксікбайұлының сөзінше қазір Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде 15  мыңдай  адам тұр. Жыл соңына дейін қалада жалпы 1000 шаршы метрге жуық 51 тұрғын үй салынып қолданысқа берілмек. Соның 42-сі жергілікті бюджеттен салынса, қалғанын жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызуда. Осылайша,  бір жылда 2 мыңға жуық талдықорғандық отбасы  баспаналы   болады   деп  күтілуде.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ