Тігін цехын ашты

0
412

Жетісуда алты мыңнан аса кәсіпкер қаржылай емес қолдау алып, жаңа облыс құрылғалы 1,5 млрд теңгеден астам жобалар қаржыландырылған.

Солардың бірі  Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылында шағын тігін цехы ашылып, бүгінде онда  жұмыс  қызу жүруде.  Кәсібін жаңа бастаған Бақытгүл Ырысақын өткен жылы цех ашып, ұлттық киім, бас киім, балалар кеудешелерін тігумен  айналысады. Аталмыш тігін цехында ай сайын 200-ге дейін өнім дайындалады.  Қазіргі таңда  тапсырыс бойынша жұмыс істеп келетін цех бұйымдары  тек аудан аумағында ғана емес, Жетісу облысынан тыс жерлерде де сатылуда. Кәсіпкер тігін цехын кеңейте отырып, өндірісті ұлғайтуға, сол арқылы 60-қа жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті.

Бақытгүл Ырысақын мамандығы бойынша аспаз, он  жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, кафе ашқан. Сонымен қатар  ол  кестелеп көрпе бұйымдарды  да  тіккен.

«Тігін шеберханамыздың жұмыс істеп тұрғанына бір жыл болды. Кәсіп ашуда  кәсіпкерлер палатасына жүгіндім, өйткені жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға көмектесу ниетім болды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында маған өз ісімді қалай бастау керегін, қай бағытты таңдауды егжей-тегжейлі  түсіндірді. Біз мониторинг жүргізу арқылы  Қапал ауылында көптеген шебер бар екенін білдік. Осылайша тігін цехымыз ашылды. Өткен жылдың желтоқсанында  мемлекеттік грант байқауына қатысып, бизнес-жоспарымды ұсынып, 5 млн теңге алдым», – дейді ол.

Алған қаражатқа кәсіпкер 14 тігін машинасын сатып алған.  Қапал ауылының тұрғыны Сарагүл Нүсіпбайдың осы цехта жұмыс істегеніне бір жылға жуықтапты. Оның айтуынша цех жұмысы кеңейіп келеді. «Біздің әрқайсымыз қолымыздан келген дүниені жасап,  еңбек етудеміз. Мен киімді ұлттық ою-өрнекпен безендіремін. Бізді жұмыспен қамтамасыз еткені үшін Бақытгүлге дән ризамыз.  Бұған дейін  үйде отырған едік, енді тұрақты  жұмысымыз бен табысымыз бар», – дейді  С. Нүсіпбай.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, қазіргі таңда  Жетісу облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік  субъектісі жұмыс істейді. Облыстың әр өңірінде жаңа өндірістер, цехтар, шеберханалар табысты ашылуда екен.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ