Бес жүз мың турист келеді

0
336

Шыбық қадасаң шынарға айналып шыға келетін Жетісу өңірінің табиғаты тұнып тұр.  Өзендер өрнектеген Ақсу, Көксу, Қараталды айтпағанда, туризмнің  қайнар көзіне   айналған   айдынды    Алакөл    мен Балқашқа маусым мезгілінде ағылып жатқан халықта есеп жоқ. Одан бөлек көздің   жауын  алған  Жоңғар Алатауының баурайы   көрікті   жерлерге   толы.

Аң-құсы жортқан қорықта сонау ықылым заманнан сыр шертетін   балбал тастардан бастап,  сақ, ғұн дәуіріндегі тасқа қашалып түсірген таңбаларға дейін сақталған. Дала тарихын таразылап, туризмінің тура жолымен бағыт-бағдар сілтесең  Жетісу өлкесіне келушілердің саны арта түсері анық. Заманның ағымы, нарықтың талабы осыған сұранып тұр.

Экономика мен облыс бюджетінің күре тамырына қан жүгіртудің бір саласы осы туризмде жатыр. Жетісуда  бұл бағытты дамыту үшін  қыруар жұмыс атқарылуда. Туризмді дамыту, сондай-ақ облысты елден тыс жерлерде туризмнің тартымды аймағының бірі ретінде танымал ету және тану бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын өңірдегі туризм саласының мамандары айтуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыстық  туризм басқармасы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырғандарын  мәлімдеп,  27 қаңтарда Қазақстан Республикасында туризмді дамыту мәселелері жөніндегі мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысына қатысқандарын  тілге тиек еткен. Төрт бағытта жоспарланған жұмыстарының басты талабы туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерге мемлекеттік қолдау көрсету. Туризммен айналысамын деушілерге бұл үлкен қолдау болмақ. Яғни, бұл салаға жұмсалатын шығынның бір бөлігін мемлекет субсидиялайтын болады. Туризм басқармасымен ақпан айында Facebook, Instagram әлеуметтік желілері және YouTube бейнехостингі арқылы ақпараттық жұмысты күшейту, бірінші тоқсанға жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізілді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап туризм саласында кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу және субсидиялау бойынша 4 бағытта мемлекеттік қолдау шаралары күшіне енгенін айтты.

  1. Туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде шығындардың 10% өтеу шарасымен кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
  2. Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялау, айына
    83 300 теңге сомасына;
  3. Кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10% өтеу шарасымен жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу;
  4. Жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне құнының 25%-ын өтеу шарасы қарастырылғанын Жетісу облысының туризм басқарамасы ресми сайттарында мәлімдеді.

Жетісу өңіріне туристерді көптеп  тартудың бір көрінісі жарнамада жатқанын осы кәсіппен айналысатындар біледі. Бүгінгі нарық қоғамының кез келген саласы жарнамасыз алға баса алмайды. Демек, туризм саласында да  жарнама  компанияны ілгерілетудегі маңызды іс-қимылдардың бірі. Жетісу облысының туризм басқармасы 2023 жылғы 7-9 наурыз аралығында Германияның астанасы Берлин қаласында өткен «ITB Berlin» халықаралық туристік көрмесіне қазақстандық делегацияда қатысқандарын хабарлады. ITB Berlin Халықаралық туристік биржасы (Internationale Tourismus-Börse Berlin) – әлемдегі ең ірі және ең танымал B2B көрмелерінің бірі. Жетісу облысының өкілдері келушілерге естелік кәде сыйлар табыс етіп, сондай-ақ турбизнестің әлеуетті серіктестерімен іскерлік байланыстар орнатылған. Ағымдағы жылдың 19-24 наурызы аралығында Көксу ауданының Балпық би кентіндегі «Жетісу» туристік ақпараттық орталығы тау және спелеотуризм бойынша Азия чемпионатын өткізген, оған халықаралық деңгейдегі 40 команда қатысты. «Жетісу» туристік ақпараттық орталығының өкілдері ағымдағы жылдың 20-22 наурыз аралығында Шымкент қаласында өткен «Наурыз – Шымқалада» мерекелік іс-шарасына да белсене араласқан болатын. Сапар барысында өңірлердің туристік орталықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту үшін ресми іс-шаралар өткізіліп, облыс туризімін дамыту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде және тұрақты бақылауда екенін Жетісу облысы туризм басқармасының басшысы  С. Түкібаев айтқан болатын. Осы туризм басқармасының өткен жылғы 9 айдағы жұмысына зер салсақ, өңірдегі  туристік аумақтар мен өнімдерді шоғырландыру бойынша көшбасшыға айналған. Туризм саласының облыс экономикасына қосып отырған үлесі де сүбелі екенін шаралардың нәтижесінен көруге болады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы №332 бұйрығымен бекітілген туристификация картасына сәйкес Жетісу облысының туристік аумақтарының тізбесіне Жетісу облысынан бес аумақ, оның ішінде: республикалық деңгейдегі – Алакөл, Балқаш, «Алтын-Емел» көлдерінің жағалауы; өңірлік деңгейдегі – «Жоңғар-Алатау» МҰТП, Текелі қаласы жатады. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша келушілердің жалпы саны 70,3 мың адам,  бұл  2021   жылғы  деңгейден 1,4 есе көп болған.  (2020 ж. — 50,7 мың адам). «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктеріне 6,2 мыңнан астам адам келген. (ЖА – 1113 адам, АЕ – 5148 адам). Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 2022 жылдың 1 жартыжылдығы 868,8 млн. теңгеге немесе 2021 жылдың деңгейінен 139%-ға  (2021 ж. – 624,3 млн теңге)жеткен. Жетісу өңірінің көрікті жерлерін жарнамалап қана қоймай оған келушілерді көптеп тартуда барлық қолайлы жағдайлар жасалуы керек. Ол үшін туризм  бағытына инвестиция тарту басты талап. Статистика деректері бойынша Жетісу облысының туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2022 жылғы қаңтар-тамызда 7,6 млрд. теңгені құраса, 2021 жылғы қаңтар-мамыр – 3,6 млрд.теңгені құраған. Өткен жылы 2,8 млрд.  теңгеге 16 орналастыру нысанын іске қосылған. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни, инвесторлар тарту жылдан-жылға еселеніп келеді. Оны өткен жылдың көрсеткіштерінен аңғаруға болады. Табиғат аясындағы таңғажайып көріністерді көрген туристер үлкен әсер алатыны сөзсіз және олар келіп қана қоймай көзбен көргендерін айналасына айтып, қызықтырады. Яғни, бір сөзбен айтқанда жарнама жасап жүреді. Жетісу өңіріне келген туристердің арасында жасөспірімдерде бар. Еліміздің жас өрендеріне табиғатты аялау үшін қызықты шаралар ұйымдастырылады. Мәселен «балалар жылы» аясында Қазақстанда «Живые уроки» жобасы ұйымдастырылған. Оның барысында Текелі және Талдықорған қалаларынан келген оқушылар арасында бір күндік экскурсия өткізілді. Жалпы 144 оқушы, 12 еріп жүруші қатысты.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында В. Чепельді еске алу және туризм мәдениетін қалыптастыру мақсатында республикалық білім беру   бағдарламасы өткізілген. «Family Adventure» әлеуметтік жобасы іске асырылған. Жобаның мақсаты оңалту қолдауын көрсету және ерекше қажеттіліктері бар балаларға облыстың туристік көрікті жерлерінің қолжетімділігін көрсету болды. Экспедицияның жалпы ұзындығы 2630 км, 11 күн аралайды. Туристік дестинацияларды ілгерілету және ішкі туризмді дәріптеу мақсатында Жетісу облысында «Neo Nomad-2022» фотоспоты «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Ақтау тауларына қарайтындай орнатылған. Google, Wikipedia және Яндекс сервистерінде облыстың туристік объектілерінің ақпаратын жаңарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде. 2022 жылғы 20-22 сәуірде облыстың туристік әлеуеті жыл сайынғы «KITF-2022» Қазақстандық халықаралық көрмесіне таныстырылды. Қыркүйек айында Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтын Емел» МҰТП, Текелі қаласы мен Ескелді ауданы сынды басым туристік бағыттар бойынша жұмыс жоспары  жасалды. Сапар барысында жұмыс істеп тұрған нысандар және жоспарланған инвестициялық жобалар танстырылды, – дейді басқарма басшысы   С. Түкібаев. Сондай-ақ  биылғы жылы туристік инфрақұрылымды дамыту жалғасады деген ол, туризмді тұрақты дамыту – экономиканың негізгі бағыттарының бірі екенін, Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы екенін, соның ішінде мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, эко және агротуризмді дамытуға мүмкіндік мол екенін осы мақсатта қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатынын айтты. Атап айтқанда, Алакөл және Рай көлдері жағалауларында, Тамшыбұлақ бұлағы, «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында және басқа да танымал туристік орындарда шағын сәулеттік формалар, орындықтар,  бағыттағыш белгілер қою, абаттандыру бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылады. Сол сияқты «Сиверс алмасының гүлдеуі», «Алакөл  қанаты», «Koksu Water Fest» сияқты  танымал  фестивальдар түрінде оқиғалы туризмді дамытуға ден қойылуда.

Мәселен, «Алтын-Емел» ұлттық паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Қазіргі кезде онда шомылу алаңы, самалжай, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық бағыттағыш белгілер, құрғақ әжетхана орнатылған. «Визит»-орталық салына бастады, 2023 жылдың ақпан айында аяқталуы тиіс. Жұмыс аяқталғанда салынған инвестиция көлемі 2 млрд. теңге болады деп күтілуде. Жобаның инвесторы мен іске асырушысы – «QazaqGeography» РҚБ мен «Assemtal» ЖШС заңды тұлғалар консорциумы. Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан «Алтын-Емел» МҰТП №1 БӨП-ге дейінгі қиыршықтас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ретте 2022 жылдан Шеңгелді – Қапшағай  автожолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні автожолдың 5 шақырымы жөнделді. Осы жылдың наурыз айынан жөндеу жұмыстары қайта жанданады. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркіне көлікпен баруға қолайлы жағдай жасау үшін ұзындығы 20 шақырым болатын «Тополевка-Жалаңаш» автокөлік жолына жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 281 млн. теңге.  Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қазан айы. Сондай-ақ Мемлекет басшысының облысқа келген сапарында экологиялық туризмді дамыту, Қора шатқалына туристерге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы берген тапсырмаларын орындау мақсатында Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға бюджеттік тапсырыс дайындалуда. Сонымен бірге Ескелді ауданы мен Текелі қаласы аумақтарындағы «Tekesu Outdoor Сenter» тау-шаңғы курортының іргесін кеңейту жобасын іске асыруға жағдай жасау үшін алдағы уақытта шаңғы-биатлон кешенін салуға қажетті инфрақұрылымның құрылысы жөнінде Жол картасы әзірленді. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Жетісу облысының туристік әлеуетін ілгерілету үшін қазақстандық және халықаралық туристік көрмелерге, роуд-шоуларға қатысу, отандық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В форматында воркшоп ұйымдастыру, облыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-кластар, семинарлар  өткізу,  Ақсу,  Сарқан,   Алакөл,  Ескелді  аудандарындағы,  Текелі қаласындағы туристік локацияларда, «Алтын-Емел» және «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендтелген жарнамалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған. Жалпы, Жетісуға келетін туристердің саны көбеюде. Мәселен өткен жылы алғашқы жартыжылдықтың өзінде облысқа 70 мыңнан астам турист келген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда  20 мың адамға артық.   Өткен жылы 332  туристік нысан жұмыс жасап, туристік-сауықтыру ақылы қызметтерінің көлемі 868,8 млн. теңгені құраған.

Туризм саласындағы жұмыстарды жандандыру бағытын түбегейлі қолға алуды Президент Қ.К.Тоқаев Жетісу облысына арнайы келген сапарында  айтқан болатын. Өңірде туристерді тартуға барлық мүмкіндіктердің барын, облыста барлық қажетті табиғи,  тарихи-мәдени ресурстар жеткілікті, бес бағытқа басымдық беретін туристік аймағы анықталды. Осы мүмкіндікті қалайда пайдану керек. Бұл экономиканың басты көзі. Әлем елдері көбі осы туризм саласымен-ақ  алдыңғы елдер қатарына шығып отыр. Ал бізде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бұл жердің асты үсті тұнған байлық.   Соның  бір көрінісі туризм деген-ді. Мақала аясында, Алакөл көлінің жағалауын жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын айттық. 2022 жылы мемлекеттік бюджеттен жол және инженерлік инфрақұрылым жұмыстарына 10 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ағымдағы жылы екі жарым миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға берілмек. Бұл 171 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Алакөл көлі тек маусымдық шомылу кезеңі емес, көлдің шипалық емі де ерекше. Сол үшін жазғы маусымды туристердің көбі Балқаш көлінен гөрі Алакөлге ағылып жатады. Тіпті, Ресеймен шет мемлекеттерден келетіндердің саны жылма жыл артып келеді. Сондықтан, Алакөл жағалауында демалыс аймақтарының ауқымын кеңейту мақсатында туристік нысандардың құрылысына инвесторларды тарту жоспарлануда. Оның ішінде жыл бойына пайдалану мүмкіндігі бар шаңғы базасын салу жоспарланған. Мұнда санаторлы-курорттық орталық салу жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Бұл ұзақ мерзімді, әрі жоба құны 6,3 млрд теңгені құрайды және нәтижесінде 100-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.  Бұл бағытта инвестор табылған табылмағаны жайлы біз Алакөл ауданының әкімдігіне хабарластық. Алайда, әзірге инвестордың табылмай жатқанын айтты. Алакөлден кейінгі  Балқаш көлі де туризмге сұранып тұрған аймақ.  Құмды әрі таяз, климаты ыстық, маусымдық мерзім ұзағырақ.  Егер осы көлдің әлеуметтік жағалауын жаңғыртса, мұнда да туристер ағылатын  болады. Балқаш бағытына баратын жол инфрақұрылымын дамыту және көліктің қолжетімділігін арттыру мақсатында жалпы ұзындығы 137 шақырым.  Балқаш көлінің жағалауына дейінгі жолдарды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның 35 шақырымы жөнделген. Жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Көлдерден бөлек Жетісу аймағында, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері де бар. Олар өңірдегі бірегей табиғи, тарихи және мәдени нысандар. Бұл табиғи қорықтардың да туризм  саласына  қосып жатқан үлестері аз емес. Паркке келушілерге арналған қонақ үйлермен  туристерді аралатуда, ат көлігін пайдануда,  аң атуда мерзімімен жүзеге асыруда. Бұдан бөлек  Ескелді ауданы мен Текелі қаласындағы тау туризмін дамыту мәселесі де туризм басқармасының назарынан тыс қалмаған. Жетісу  өңіріндегі сегіз ауданының қай өңірін алсаңызда туристер тартуға қолайлы. Бір ғана Панфилов ауданындағы Белжайлау, Қорғас бойындағы жібек жолдары арқылы Арқас тауындағы «Қазан» көліне дейінгі табиғи жерлерді көрген адам ішпей-жемей масайрап қайтары даусыз. Ал, Ескелді мен Текеліге қатысты  қажетті инфрақұрылым тарту, тау шаңғысы курорттарын салу және жергілікті бизнес қауымдастығын тарту мәселелері шешілуде. Қазіргі уақытта  Текеліде аумағы 2200 гектарды құрайтын «Tekesu Outdoor Center» тау шаңғысы курорты салынуда. «Алдағы уақытта жеке инвестиция есебінен медициналық орталық, мейрамханалар, қонақ үй кешені, шаңғы көтергіштері мен аспалы жолдар салу жоспарлануда. Бұл жобаларды толық жүзеге асыру үшін 65 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тарту жоспарлануда», – дейді Сәкен Ғалымұлы.  Жетісу облысына өткен жылы 350 мыңға жуық туристер келген. Биыл 500 мыңнан асыру жоспарлануда. Бұл Жетісу облысы құрылғаннан кейін қызметін бастаған «Vizit Jetisu» туристік ақпараттық орталығының жұмыс нәтижесі. Бүгінде бұл орталықтың өңірдің туризмін дамытуға қосқан үлестері орасан зор. «Vizit»  – кел, көр деген мағананы білдіреді. Жалпы әлемде, «Vizit Дубай»,  «Vizit Лондон», «Vizit Алматы», «Vizit Шымкент» деген турзм орталықтары көп. Аталмыш орталық  облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы қыркүйек айында ашылған. Салалық бағыт бойынша  үш бөлімде 18 адам жұмыс жасауда. Атап айтқанда  маркетинг  жобалар және іс-шараларды ұйымдастыру, ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімдері бар. Маркетинг бөлімі  облыстағы туристік нысандар бойынша имиджді жұмыстар атқарады. Жобалау және іс-шараны ұйымдастыру бөлімі  фестиваль және ақпараттық турлармен айналысса, үшінші ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімі жалпы нысандар бойынша субъектілер туралы ақпараттар дайындайды. Туризмнің басты мақсаты – келушілердің санын ұлғайту. Ол үшін түрлі жоспарлар жасалып, атқарылатын шаруалардың жігі ажыратылған. Сала-салаға бөлінген бөлімде бүгінде жұмыстар қызу қарқын алған. Туризм  бағытында өңірдегі айтулы Балқаш-Алакөл көлдерінен бөлек, Жоңғар Алатауына қарайтын парктермен, табиғаты көз тартар мекендерге туристер  тарту, жұмыс көздерін ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты бағыт саналуда. Жеріне «шыбық қадасаң  жеті күнде жеміс берген, өзен көлдері күндіз күміс, түнде алтынға айналған Жетісу –  туристер кірсе қайтып шықпайтын өлке. Ұйымдастыра білсе  табыстың көзі осы туризмде жатыр-ау!

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер  ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ