Қой өнімі 21-ден астам ауруға ем

0
717

Ауыл шаруашылығының басты қайнар көзі – төрт түлік. Мал өсіріп бейнеттенген қазақ әр түліктің қадір-қасиетіне тәнті. Төрт түлікті өсіріп қана қоймай, оның өнімі түрлі кеселдерге «ем» екенін де жақсы білген.

Технология дамымай тұрған дәуірде малдың тұяғына дейін қажетке жаратқан қазақ «мінсең көлік, жесең ас, ішсең сусын, көшсең көшіңнің көркі» деп жылқының, түйенің сүтін, шудасын түрлі кеселдерге емдікке жаратқан. Кешегі кеңестік кезеңде мал өнімдерімен қатар, жүн терісін де кәсіпорындарда игеріп, қажетіне жаратқан. Қыл аяғы малдың мүйізінен түрлі өнімдер жасалатын. Осы төрт түліктің ішінде біз бүгін ұсақ мал – қойдың қадір-қасиетіне тоқталмақпыз.
Тәуелсіздік алып, жеке мемлекет болған соң, кеңес одағы ыдырағанда экономиканың күре тамырлары да қан соғысын тоқтатты. Алып зауыттар банкрот болды. Жекешеленіп «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті». Бір ғана қазіргі Абай облысында қой терісін илеп, жүнінен қазақ үйдің киізі, аяқ киім, пима өндіретін алып кәсіпорын, тіпті, жекеленген соң да кәсіпкер қыруар қаржы шығарып, өндіріс орнын сақтап, жұмысын жандандырған-ды. Алайда, кәсіпорынға көзін тіккендер кәсіпкерден оны тартып алып, өндіріс орнын, құрал-сайманын талан-таражға салып тынғанын, байырғы иесі көгілдір экраннан шер мұңын айтқанын өз құлағыммен естігенмін. Бүгінде сол ұсақ малдың терісі, жүні жарамсыз болып, күл-қоқыстарда жатқаны жасырын емес-ті. Ебін тапқандар әлі күнге Қытай асырып жүр. Қазақстанның негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы болса да, тәуелсіздік алған 33 жылдан бері мал терісі мен жүнін өңдейтін ірі кәсіпорын ашылмай-ақ қойды. Ірі тұрмақ, шағын кәсіпорындар да жоқ. Оңтүстік өңірде кілем шығаратын кәсіпорын бар, мұндай кәсіпорын кеңестік жүйеде Алматы қаласында болған. Ал шикізатты әлі күнге шет мемлекеттерден тасымалдап жүрміз. Советтік дәуірде бір ғана қойдың өзінен алуан түрлі өнім алып, оның тұқымын асылдандырып, қой санын 50 миллионға жеткіземіз деген ұран да болған. Сол қоңыр қойдың адам денсаулығына қаншалықты ем екенін, әлемді «ковид» індеті жайлағанда «құйрық майын» іздеп, торғайдай тозып кеткенбіз. «Қолда бар алтынның қадірін қазақ неге білмей жүр. Бүгінгі мақалада «шәй-шәй қойым, шәй-қойым, құйырғы май, дәу қойым» деп ақындар жырлаған, әншілер асқақтата әнге қосқан қойдан алынатын жүннің әрі оның емдік қасиетіне жан-жақты тоқталғанды жөн көрдік. Көл-көсір табыс әкелетін ұсақ малдың терісінде өсетін түк, түбіт, қылшықтан қаншама өнімдер шығады. Қазір бұл дәстүр ауылдарда да жойылып барады. Бара-бара аңыз әңгімелерге ұласып кетпесе неғылсын. Біздің бала кезімізде, тіпті бертінде 90-шы жылдарға дейін ауылдарда қой жүнін түтіп, сабау салып, киіз басып, неше түрлі текеметтерге әжелеріміз ою салып, білектейтін. Оны қайнақ су құйып білектеп пісіретін, бала-шағаға шиге орап, тепкілететін. Көшпелі елдің көркі мен сәні болған алаша да осы қой жүнінен жасалатын.

Ұршық иіріп, шұлық тоқу игі дәстүр еді. Әрі қол еңбек, қыз балаларды ұлттық мұраға баулуда таптырмайтын құрал болған. Қой жүнінен киіздің кейбір түрлері мен иірілген жіптерінен фабрикаларда киімдер тігіліп, кілемдер өндірілетін. Бір ғана Қаратал ауданында киіз өндіретін зауыт та болған. Күні бүгінге дейін, әсіресе, арғы беттен келген қандастарымыз қой жүнінен киіз үйге қажетті бау-басқұр бауларды тоқып, тұрмыстық шаруашылыққа қажетті бұйымдарды жасап жүр. Төрт түліктен алынатын барлық жүн мөлшерін салыстыра қарағанда, бүкіл өнімнің 80-90 пайызы қойдан алынады. Өндірілетін барлық жүн түрінің 10-15 пайызы ғана түйе, ешкі, жылқы түлігінің үлесіне тиеді. Мұның өзі қазақ жерінде көне замандардан бері қой өсірудің қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.
– Қой жүннің мықтылығы өзінің жіңішкелігіндей, сымтемірдің беріктігімен салыстыруға болады;
– қой жүні жылуды жақсы сақтайды;
– қой жүні созылғыш;
– қой жүнінен жасалған киімнің және т.б. бұйымдардың (тоқым, алаша, кілем, дорба) су мен дымқылдан иленбейтіні соған байланысты;
– қой жүні бояуды жақсы сіңіреді, ұзақ уақыт бойы бояуын жоғалтпайды.
Қой жүні түліктің жас ерекшеліктеріне, қойдың дене мүшесіне (қой денесінің қай жеріне өскеніне), жыл маусымына, жүннің сапасы мен құрамына қарай ажыратылады.

***
Қойдың жүнінде емдік қасиет бар. Мәселен, денені не аяқты жаралап алып, дәрігердің ем-домы қонбай жүрсе, бір уыс қойдың жүнін жылы сумен жуып, бірнеше рет қайталасаңыз, жарадан тыртық та қалмайды. Көне көздер гайморит пен варикозды да қойдың жүнімен емдеген. Қойдың жүнінде суықты тартып алатын, жараның тезірек жазылуына жәрдемдесетін «ланолин» болатынын айтады. Мәселен, осы кеселдерді жылы суға жуылған жас тоқтының жүнін әр 3 сағат сайын мұрын үсті мен мойын, құлақ тұсына жаңалап таңып отырса, ем шипасын береді. Варикозда да жас жүнді кешке қарай аяққа таңып тастаса, таңертең аяқ тынығып, демалып қалады. Енді қой жүнінің басқаша қасиетіне тоқталсақ. Жақында Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны Талғат Лекеров үйінің алдында үш жылдан бері ерекше әдіспен бақша егіп келеді, — деп хабарлады Massaget.kz тілшісі. Ол бақша егу үшін қойдың жүні мен сабан қолданған. Талғат үш жыл ішінде мұның тиімділігіне көз жеткізген. Оның айтуынша «Сырдария өзені тартылғалы бері аяқсу мәселесі күрделеніп кетті. Содан бақша егудің басқа жолын іздедім. Қойдың жүнін пайдалануға болатынын YouTube-тен көрдім» — дейді кейіпкер. Әдіс ерекше болғанымен, қарапайым. Әуелі қара жерге қойдың жүнін төсейді. Ортасына тұқымдық картопты орналастырып, төбесін сабанмен жабады. Ол көктегенше, күнде бір мезгіл су себу керек. Содан кейін ылғалды сақтау үшін бетін көңмен жабады. Арасы дымқылданып, нәтижесінде картоп өседі. Қойдың жүні бір айға жетпей шіріп, топыраққа айналады. Ал сабан өздігінен басылады. Сөйтіп, аяқсуға зәрулік болмайды — дейді қызылордалық азамат. Міне, қадірін білмеген қойдың қылшығының өзі бізде бостан-босқа зиян болып, күл-қоқыста шашылып жатыр. Оның көзін тапқандар көл-көсір табыс табуға болатынын айтуда. Енді ғаламтор бетіндегі қой жүніне қатысты мына жазбаны оқып көріңіз.

«Бала кезде атам Дүйсеннен көргенім бар еді. Ол кісі қой бағумен қатар аздап егін егумен де айналысатын. Сол кездері жеміс ағашын немесе қандай да бір бақша дақылын егетін кезде түбіне бір уыс қой жүнін салып жіберетін. Сонымен, қой жүнінің егіске қандай пайдасы бар екенін зерттей бастадым. Ғаламтор арқылы ізденіп, алыс-жақын шетелдерде жүрген достарыммен хабарласып жүріп, дамыған елдерде жүнді өңдеп, аграрлық мақсатқа қолданып жатқанын естідім. Барлық мәліметке қол жеткізген соң, осы пайдалы істі қолға алсақ, қоқыспен күресу, аграрлық биотыңайтқышқа қол жеткізу және су тапшылығының алдын алу секілді бірнеше проблеманы қатар шеше алатынымызды сездім. Сонымен, тәуекелге бел буып ойға алған ісімді жүзеге асыруға кірістім» – дейді Мейрамбек. Кәсіпкер қой жүнін өңдеп, биотыңайтқышқа айналдыратын мобильді қондырғыны Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырыпты. Оған өзі аздап модернизация енгізіп, қажетіне жарата бастаған.
«Негізгі ресурс қой жүні болғандықтан шикізат тапшылығы жоқ. Бір қойдан орта есеппен 2 келі жүн түседі. Арыс қаласының өзінде 672 500-ге жуық қой бар. Бір тонна шикізаттан 800 келіге жуық өнім алуға болады. Шикізат бағасы өте тиімді және жеткілікті» – дейді Мейрамбек.

Мейрамбек алдағы уақытта «Ауыл – ел аманаты» бағдарламасы аясында 2.5 пайыздық несие алып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Қолындағы мобильді қондырғының қуаттылығы – сағатына 30 кг. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша несие алып, Ресейден қуаттылығы сағатына 1 тонналық қондырғы алдырмақ. Ол кезде жылына 500-1000 тонна биотыңайтқыш өндіруге болады. Қой жаңбырлы күндері жүрмей ұйлығып тұрып қалады. Себебі, қой жүнінің құрамындағы «лиотин», яғни коллаген (су сіңіруші) атты элемент суды өзіне сіңіріп, қой салмағын ауырлатады. Менің мақсатым – қой жүнін органикалық тыңайтқышқа айналдырып, өңіріміз үшін маңызды болып табылатын су көздерін үнемдеу және химиялық тыңайтқышты азайту. Біздің тыңайтқыш аммиакка бай, бағасы да арзан. Мәселен, селитра 900 теңге тұрса, біздің тыңайтқыш бар болғаны 90 теңге тұрады. Қаламыздың коммуналдық мекемелері де біздің су көзін үнемдейтін тыңайтқышымызға қызығушылық танытуда.

Бұл жобаға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова ерекше қызығушылық танытып, қолдауға дайын екендігін білдірді. Жұмысымыз ілгерілеп жатса, Арыс қаласының барлық елді мекенінде жүн қабылдау пункттерін ашу жоспарымызда бар. Түркістан облысында 5 миллионға жуық қой бар екен. Демек, шикізат та жеткілікті – дейді Мейрамбек. Енді осы тәсілді Жетісу облысында неге қолданбасқа деген сауалдың құлағы қылтияды. Егер бұл кәсіп Оңтүстік өңірдегідей қолдау тапса, бізде де егіс алқаптарын түрлі химикаттармен улағаннан көрі қой жүнінен алынған агротыңайтқыштар арқылы жүзеге асырса, Жетісуда су мәселесінің бір түйіні шешілген болар еді.

***
Енді қой етінің қандай науқастарға шипасы бар екенін біле жүріңіз. Қатты сырқаттанғанда дененің арықтауына, дене əлсізденгенде қой етін қайнатып сорпасын ішсеңіз шипасы өте зор. Мұны қазақ «сорпалау» деп атаған. Сондай-ақ, жас босанған әйелдер денсаулығын қалпына келтіру үшін «қалжа» сояды. Ірі бес-алты жасар қойды сойып, етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Бұл жас босанған әйелдің қанын толтырады. Мұны қазақ не үшін қолданған? Бөпелі әйел, қазіргідей перзентханаларда босанбаған. Жаз-жайлау, қыс-қыстау, көктем, күзектерде көшіп жүргендіктен, әйелдерде дұрыс күтім болмаған. Сонымен қатар, босанған әйелдер баладан кейінгі денедегі зардапты жою үшін бала құрсаққа біткеннен бастап арнайы семіз қойды немесе еркек қойды дайындап, босанған әйелге арнайы сойған. «Лұқпан кәкім» шипагер болған ғой, сол кісі дүние саларда, адамдар «сіз кетсеңіз бізді кім емдейді» деп жылапты деген аңыз әпсана бар. Сол Лұқпан-Кәкім: «Мен өлсем мал бар емес пе қойдың әр жілігі бір ем, қой 21-ден астам кеселге ем болады» депті. Мәселен, бүйрегінде ақауы бар адамдар қойдың бүйрегін пісіріп жесе, әрі қоламтаға шала пісіріп ауырған бүйректің тұсына таңып тастаса мыңда бір ем екенін айтады көне көздер.

***
Қойдың бауырын бүгінгі қазақ жемейді, тастай салады. Атам қазақ қойдың бауырын шала пісіріп жеген. Ол адамның бауырындағы ыстықты, көздің әлсіздігіне, бойдағы басқа да кеселдерге ем. Бауыры ауыратын балалардың көру қабілеті де нашарлайды, иммунитеті де әлсіз болады. Оларға қойдың бауырын бір қайнатып жегізсе, ем шипасын береді. Бауырды қатты қайнатуға болмайды, пісіп кетеді. Тек шала пісіру керек, бір қайнатып алса болғаны.

***
Қой құйрығында адамға қажетті макро-микро элементтер өте көп. Майды шыжғырып ішсе қақырықты жібітіп, жөтелді басады. Қазіргі қазақ дастарханында «құйрық май» дегенді мүлде көрмейсің. Күніне құйрық майдан бір кесіп жеп жүрген адам жел-құздан дін аман жүреді. Ауылда жүргенде әке-шешелеріміз қойдың шыжғырылған майын қайнаған шайға салып ішіп отырғанын талай көргенбіз. «Бала еңбектей бастағанда қолына құйрық бер» деп өзімізге де ішкізген. Құйрық майда холестерин болмайды. Сондай-ақ жылан шаққан адамды қойдың құйрық майын сиыр сүтімен араластырып жиі-жиі ішкізсе, уды қайтарады.

***
Тағы бір маңызды мүше қойдың сирағы. Қазақ қой сойғанда, бас сирағын ұйтып, ауқаттанған. Сирақтың сіңіріндегі витаминдер адам организміне өте пайдалы. Өйткені, қой қысты күні қалың қарды кешіп жүре береді. Бұл қойдың жұқа терісімен аязды күнге шыдауында қой сирақтарының қасиеттілігін зерттеулер пайымдайды. Содан соң қойдың майлы ішегін қазіргі жастар кәдеге жаратпай тастай салады. Ал оның тоқ ішегі майлы және аш ішегі адамның ас қорытуына, асқазанына, адамның ішек жолдарына пайдалы екенін көбі біле бермейді.

***
Ту қойдың немесе еркек ірі қойды бітеудей сойып, бойында жел-құзы бар, аяқ-қолы ауыратын әлсіз балалар мен үлкен кісілерді теріге ыстық күйінде ораған. Бұл семіз малдың шелденіп, тері мен еттің арасындағы бір қабат май, жонарқадағы адам денесіне сіңеді. Теріге түскен адам ағыл-тегіл терлейді. Қазақ қыстың күні соғым сойғанда ірі қара етіне қоса, бір-екі еркек қойды қоса сойып, кептіріп алады. «Қойдың еті қорғасын» деген мәтел бар. Бес-алты жасар қой етінің сорпасы өте күшті әрі құнарлы болады. Қой етінің күшіне енетін кезі желтоқсан, қаңтар айлары. Мұны адам суықтап қалғанда еркек қойдың етін соғым етімен араластырып пісіріп, сорпасына «қалампыр», «күшала» қосып ішкен. Қазір елдің бәрі көбіне тоқты-торым сойып жейді. Сондай-ақ, қойдың майы да мың бір ауруға ем. Ол қатпайды, еріп тұрады. Себебі, қойдың денесінде жылқы малы сияқты ыстықтық басым. Қазақ жаз ортасында аптап ыстықтарда қой етін көп жемеген. Көбіне қара суықта, қыста жеген. Семіз қойдың терісін бұрыштап отырып, жел-құзданған адамды салғанда құлан-таза айыққан. Теріге түскен адам сойылған қой сорпасымен сорпаланып, етін жеп, бір айға жуық өзіне күтім жасауы керек.

***
Қой өтінің емдік қасиеті көп. Бірінші, шаштың арасына бөрітпе жаралар шығып кеткен кезде, қойдың өтін жүз елу грамм жылы суға ерітіп, ерітіндісімен шаштың арасын жақсылап жуып жүрсе, бөріткен жаралар жазылады. Екінші емдік қасиеті, денеге теміреткі (псориаз) шыққан кезде қойдың өтін 100 грамм жылы суға езіп, ерітіндіні жақпас бұрын, денедегі «теміреткіні» кір сабынмен немесе қара сабынмен тазалап жуып, қабыршақтарын алып, содан соң жараның орнын ұстарамен тіліп-тіліп қанатып, ерітілген сұйық өтті жақсаңыз кеселден айығып кетесіз.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» қой етінің емдік қасиетінің өзі таза жайылымында болып тұр. Шұрайлы үлкен жайлауларда, табиғатта жайылған мал құнарлы шөптерді жегендіктен, оның еті 21 ауруға ем болатыны сондықтан. Түрлі дәрі-дәрмектер шөптен жасалатын болғандықтан, әрі қой малының жасы ұлғайған сайын оның қуаты да артып, адам денсаулығына пайдалы екенін біле жүріңіз. Қазақ «мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» дегенді тектен-тек айтпағанына, қойдың он екі жілігінен бастап терісі, жүні, ішегі, бауыры, бүйрегі, құйрық майы түгелдей адам денсаулығына пайдалы екенін естен шығармаңыз ағайын!

 Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ