Облысымыздың 5 мыңнан астам тұрғыны емханаларын ауыстырды

0
274

Жетісу облысының 5 мыңнан астам тұрғыны тіркелу науқаны аясында емханаларын ауыстырды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте медициналық сақтандыру қорынының облыстық филиалының басшысы Иван Самойленко мәлімдеді.

Оның сөзінше, соңғы екі ай, қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында елімізде жыл сайынғы емханаларға тіркелу науқаны өтті. Науқан аясында облысымыздың 5 049 тұрғыны емханаларын ауыстырған. Облыс бойынша тіркеу науқанына барлығы 18 емхана қатысыпты.
Айта кетейік, азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі науқанмен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы әр азаматта бар. Бұл «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығымен бекітілген.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ