Экономикалық жағынан өсім бар

0
263

Жетісу облысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім байқалды. Экономиканың өсу қарқыны 117,4 пайызды, ал былтыр 104 пайызды құраған. Бұл турасында облыстың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2024 жылғы кешенді жоспар-міндеттер туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен алқа отырысында айтылды.

Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы  жасаған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 117,4 пайызды құрап, республикадағы ең жоғары көрсеткішке жеткенін айтты.

«Облыс экономикасына 15,4 пайыз өсіммен 350,8 млрд. теңге инвес-тиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар 225,4 млрд. теңге. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 293 млрд. теңгені құрады, республикалық бюджетке 217 млрд. теңге түсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп, жергілікті бюджетке түсімдер 22% өсіп, 76 млрд. теңгені құрады», – деген Ә. Қанағатов аудан-қалалар бөлінісінде әрбір салаға жеке-жеке тоқталды.

Баяндамашы 2024 жылға арналған жоспарларға тоқтала келе, өнеркәсіпті дамыту бағытына назар аударып, жаңа өңдеу кәсіпорындарын, тауарлы сүт фермаларын, жылыжайларды ашуға инвесторлар тарту жұмысын жандандырып, қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, балық шаруашылығын ұйымдастыру шараларын қабылдау қажеттігін баса айтты. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға да жан-жақты тоқталды.

Мал шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Мәселен, мал басы 2,5 млн-ға жетіп, соған сәйкес ет пен сүт өндірісінің көлемі де артты. «Ірі жобалар» шеңберінде 2023 жылы облысқа 2 млрд. теңге бөлініп, 800 басқа арналған 3 тауарлы сүт фермасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен Ә.Қанағатов аудан-қала әкімдері тарапынан инвестиция тарту және жергілікті жерлерде инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтты. Олардың конкурстық рәсімдердің уақтылы өткізілуіне және жұмыстардың мерзімінде аяқталуына, әсіресе тұрғын үй құрылысы саласында бақылауды күшейтуі қажеттігін атап өтті. Жер мәселесіне келсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 246,6 мың гектар жер айналымға қайтарылып, жоспар 112,1 пайызды құраған.

Өз сөзінде Ә.Қанағатов  жұмыс орындарын құру мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше,  2023 жылы 38,8 мың адам жұмысқа орналастырылса,  оның 27,6 мыңы – тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.

Мұнан соң баяндамашы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, әлеуметтік дүкендер ашу, көкөніс және бақша өнімдерін сақтайтын заманауи қоймалар салу бағытында қабылданып жатқан шараларға тоқталып, білім, денсаулық сақтау салаларын дамыту мәселелерін де кеңінен сөз етті.

Баяндаманы талқылау барысында облыс әкімі  Бейбіт Исабаев өз орынбасарынан жылу, су, энергетика, кәріз жүйелері желілерінің құрылысын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жобаларының барысын, сол сияқты «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында іске асырылатын «Қазақстан-Қытай өнеркәсіп қаласы» жобасының жай-күйі жайлы сұрап, аталған іргелі жобаларды, сонымен қатар, басқа да инвестициялық маңызды жобаларды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов те өз саласындағы өзекті мәселелер мен олардың шешімі жайлы баяндады. Бұл ретте облыс басшысы Бейбіт Исабаев өңірде білім саласына бюджеттің ауқымды бөлігі бағытталып отырғанын, оның талан-таражға түсіп кетпей, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайында, құрылыс саласында нысандардың уақытында, сапалы аяқталуына мән берілуіне, Текелі, Талдықорған қалалары мен Кербұлақ ауданындағы апатты үйлердің мәселесін толық шешіп бітіру қажеттілігіне қатысты орамды ойларын ортаға салып,  нақты тапсырмалар жүктеді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ