Жас дарындар аудан абыройын асқақтатты

0
208

2024 жылы қаңтар айында Астана қаласында алғаш  рет ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы өтті.

14-18 қаңтар аралығында жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне Жетісу облысынан 19 оқушы қатысты. Соның  үшеуі  Көксу ауданының оқушысы.  Дарынды оқушыларды аудан әкімі Дәулет Халелов арнайы қабылдады.

Жаратылыстану-математика бағыты бойынша қатысып,  аудан абыройын асқақтатқан оқушылардың бірі –  Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жалғас Күлжақан математика пәнінен бірінші  орын алса, Медеубай Құрманов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Аяла Нұрлыбек физика пәнінен қатысып, екінші  орынды иеленді. Ал Қадырғали Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жансерік Нұрланұлы химия пәнінен  үшінші  орыннан көрініп, үздіктер қатарын толықтырды.

Дарынды оқушыларды қабылдаған аудан басшысы Дәулет Халелов  республикалық деңгейде жетістікке жеткен оқушыларға алғысын білдірді.

«Осындай  деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік –  адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Білім жолында қанаттарыңыз талмай, көкке самғаңыздар. Ұлы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз бен үнемі қолдау танытып, бар жағдайды жасап берген ата-аналарыңызға ерекше алғыс айтамын»,  – деді ол.

Жалпы тұңғыш рет ұйымдастырылған ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадасының қорытынды кезеңіне Көксу ауданынан 4 оқушы қатысты. Соның үшеуі жаратылыстану-математика бағыты бойынша, тағы бір оқушы – «Қоғамдық-гуманитарлық» бағыты бойынша қатысты. Атап айтсақ,  Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Нүрдина Басеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі  үшінші орынға қол жеткізді.

Аудан әкімінің қабылдауында болған жас дарындар шығармашылық байқаулардағы жетістіктері, зерттеушілік жұмыстарға қызығушылықтары туралы ойларын ортаға салып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, білімімен мыңды орайтын жастарды қалыптастыру жолында өз үлестерін қосатынын айтты.

* * *

Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша  тұңғыш рет ұйымдастырылған олимпиаданың  аудандық кезеңіне Жетісу облысы бойынша 3060 оқушы қатысса, облыстық кезеңге 211 оқушы  жолдама алып, бақтарын сынады.

Жетісу облысы Білім басқармасының «Жетісу дарыны» орталығы, Зияткерлік шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ақмарал Бақбанбетованың айтуынша, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне Жетісу облысынан 19 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша 21 оқушы қатысты.

Жетісу өңірі бойынша олимпиадаға 40 оқушы қатысса, облыс командасы 22 жүлделі орынға ие болыпты. Алты бірдей оқушы жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орынға алты оқушы лайық деп табылды. Он оқушы жүлделі үшінші орынға, қалған бес оқушы ерекше жетістіктері үшін грамотамен марапатталды.

«Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының» жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Жетісу облысы командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» III-дәрежелі атағы беріліп, қоғамдық-гуманитарлық бағытында «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» II-дәрежелі атағына иеленді. III (қорытынды) кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданды», – дейді Ақмарал  Ақиыққызы. Олимпиада мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу болып табылады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ