Ауласында 30 мыңдай голландия қызғалдағын өсірді

0
270

Жетісулық тұрғын Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында 30 мыңға жуық голландия қызғалдағын баптап өсірді. Өз қолымен салған жылыжайда «көктем аруының» 14 түрін жайқалтып отыр, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өнеркәсіп альпинизмі мамандығына машықтанған Сарқан ауданының тұрғыны Бауыржан Бөлегенов негізгі жұмысынан бос уақытын бақшасында қызғалдақ өсіруге арнауға бел шешкен. Ол өзінің бұл ісіне 6 млн. теңгеге жуық жеке қаражатын жұмсады. Бүгінде оның жылыжайында қызыл, сары, қызғылт, ақ, түрлі түсті, пион тәрізесі, шашақты және қос түсті қызғалдақтың сан алуан түрі көз қуантады.
Оның айтуынша, бұл – маусымдық жұмыс. Өзінің негізгі жұмысы бар болғандықтан, қысқы уақытты пайдалы өткізу ниетімен осы істі қолға алған.
«Ойлана келе қызғалдақ өсіру керек деп шештім, өйткені көкөнісі өсіру маған әлдеқайда қиынға түседі. Өз бақшамның аумағында өз күшіммен жылыжай салдым, жалпы ауданы – 110 шаршы. Содан соң голландия қызғалдақтарының тамыр-түйіндерін сатып алдым, арнайы компания Алматыдан жеткізіп берді. Оның 14 түрлі сортының 30 мыңға жуық түбірін отырғыздым. Олардың 4-5-еуі ерте гүлдейтін сорт, қазірдің өзінде гүлдеп тұр. Гүлдерді технологиялық стандартқа сай сақтауға қоямын. Жылыжай жылы, сондықтан гүлдер жұмсақ, ал сабағы мен бүршігі қатты әрі серпімді болуы үшін оларды суықта ұстау керек. Сол үшін маған жазғы ас үйді жабдықтауға тура келді. Бұл да жеңіл болған жоқ. Көктемге қарай қызғалдақтарыма сұраныс болады деген үміттемін. Жалпы, гүлдерді өсіру, әсіресе жылыжай жағдайында күтіп-баптау ерекше күш-жігер мен қамқорлықты қажет етеді. Температура режимін сақтаумен қатар ылғалдылық деңгейі және басқа да көптеген ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен маңызды нәрселер бар. Мен гүл бизнесінің осы бүкіл ерекшеліктерін біртіндеп игердім, енді өнімімді сату үшін іскерлік байланыстар орнатуым керек», – дейді әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланатын кәсіпкер. Оның «Instagram» мен «Тик-Токта» @sarkand_tulpan парақшалары бар.
Бауыржанға гүл өсіруде жұбайы Рания көмектеседі. Егер өнімнің өтімі көңілдегідей болса, онда ол келесі жылы қызғалдақ өсіруді жалғастырып, көлемін бірте-бірте 150 мыңға жеткізбекші.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ