Есірткіге еліктеген жасөспірімдер

0
291

Елді есінен тандыратын есірткі жайлы жазудан да, айтудан да жалықпауымыз керек. Себебі, «жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай» өрісі кеңейіп, әсіресе жастардың санасын улап жатқан кеселмен құзырлы орган өкілдері аянбай күресіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та есірткі және зорлық-зомбылық пен жемқорлыққа қарсы күресті тоқтатпауды, заңды қатаңдатуды, заң шығарушы органдар мен қылмысқа қарсы күресетін органдарға қатаң талап қойды. Алайда, жеті басты айдаһардай, бір басын шапсаң денесінен екінші басы сұғаң етіп шыға келетін улы жәндік секілді есірткі де біржола жойылып кеткен жоқ. Адам баласының санасын улайтын өнімді сатушылар мен таратушылар, оған тәуелділер жең ұшынан жалғасып жатады. Шекара таңдамайтын бұл кесапаттың тамырын түбімен қопарып тастау да мүмкін емес. Сондықтан есірткі тасымалдаушылардың, оларды таратушылардың, өндірушілердің орныққан ұяларын, есірткіге қарсы күресетін күш құрылымдарын талқандап, қылмыскерлерді темір торға тоғытып та жатыр. Мәселен, биылғы жылдың басында Алматы облысында бірден үш есірткі зертханасының ордасы жойылды. Тінту шаралары барысында пайдалануға дайын 130 кг-дан астам есірткі тәркіленген. Алматы облысының ІІО қызметкерлері есірткі өндірген үш жасырын есірткі зертханасын, оның екеуі фитолаборатория болып шыққанын, Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлаған-ды. Есірткі зертханасын ұйымдастырған төрт адам ұсталса, оның екеуі таяу шетел азаматтары болып шыққан. Шетелден келіп Қазақстанда қылмыстық жолмен пайдаға кенелуді көздепті. Ал, қазақстандық екі азамат шетелдіктердің қолтығына бүркеніп, есірткі өндіруді қолдаған. Енді олардың осы қылмыстары үшін дүние-мүліктері тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаланады. ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жыл басынан бері 4 есірткі зертханасы жойылып, 400-ден астам есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Осы қылмысты жасаған 160 адам ұсталса, оның 10-ы шетелдіктер екенін айтқан-ды. Шекара асып келгендер, қысылмай-қымтырылмай лас әрекеттерін Қазақстанда жалғастыруы, оған жергілікті қылмыскерлердің тартылуы аса қауіпті жағдай. Осыған қарап-ақ, қылмыс әлемінде шекара болмайтынына көзіңіз жетеді. Бұл ауыр қылмыстар арасында нәзік жандылардың жүргені жүректі сыздатады. Отбасы, ошақ қасында бала сүйіп, әулеттің сәулесін жарқыратып отыруға тиісті арулардың есірткімен ұсталып, түрмеде отыруы ауыр қасірет. Мақала дайындауда әлеуметтік желіден ақпарат сүзіп отырып, Атырау түрмесінде есірткі қылмысымен сотталған 33 әйел жазасын өтеп жүргенін оқып, жүрегіміз сыздады. Ақпаратты таратқан «Kazinform». Сұмдық қой бұл. Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр есірткі қылмысының алдын алу үшін 671 іс-шара өткізіпті. Адамзат баласының болашығына балта шабылуда. Есірткі және психотроптық заттарды тарату туралы ақпаратты қамтитын контенті бар 108 сайт пен басқа ресурстар бұғатталған. Бұл қылмыстың бел ортасында өрімдей жастардың жүруі, мемлекет үшін де, қоғам үшін де алаңдатарлық жағдай. Әлгі сотталушылардың жас мөлшерлері 19 бен 40 жастың арасында екен. Граммдап немесе киллограмдап емес тонналап өндіріп жатқандарын көргенде көзіңіз шарасынан шығып кете жаздайды. Жамбыл облысында өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленгенін Polisia.kz. хабарлаған болатын. Мұнда да жасырын есірткі зертханасы қарасораны өңдегендердің қылмысы әшкерленген. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстардың арқасында 2023 жылдың 12 айында есірткі қылмысының 576 дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынған. Жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам тұтқындалған. Полицейлер 34 келіден астам синтетика және 4 тонна прекурсорлар тәркілеген. Синтетикалық есірткіні сақтағаны және сатқаны үшін 20 адам ұсталған. Бұл қылмыстың арасында 64 жастағы әйел бар. Қарасораға қатысты: Шу алқабынан 1 тонна 293 келіден астам есірткі тәркіленсе, оны басқа облыстарға тасымалдап әкетуге әрекеттенген, қарасораны шабу және дайындау кезінде 15 адам ұсталып, қарасора өсірудің 20 дерегі анықталып, 1800 келіден астам қарасора тәркіленген. Жамбыл облысында да 1 383 интернет-сайт бұғатталып, 392 есірткі жарнамалаған граффити жазулар жойылған. Егерде күш құрылымдары осы қылмыс ұяларын әшкерелеп, талқандамағанда, қаншама адамның өмірін ойрандайтын еді? Заңсыз, әрі жасырын бизнестерін дамытпақ болған есірткі мен қарасора өндірушілер қатарына адамдар тартатыны баршаға аян еді. Онсызда бұл қылмыстың арасында жасөспірімдердің тіпті мектеп түлектері мен студенттердің жүргені қорқынышты. Бұл жөнінде Ақтөбе облысында есірткі бизнесіне жастардың араласқаны айтылды. Жас шыбықтай солқылдаған боз балалардың есірткіге тәуелді болып, соны сатып бизнес жасап жүргендері көңілге қаяу салады. Есірткі өндірушілер мен оны сатушыларды анықтау барысында 9-сынып оқушысы ұсталған. Бұл жайлы ҚР ІІМ Есірткі іс-қимылына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әміржанов айтқан болатын. Есірткі заттарын сатуда, интернет-дүкендердің иелері де мүмкіндікті пайдаланады екен. Тек, 2023 жылы синтетикалық есірткі таратқаны үшін 40-тан астам жасөспірім және кәмелетке толмағандар ұсталған. Жыл басында Ақтөбе қаласында қолға түскен 9-сынып оқушысының қалтасын тінту барысында 48 дана синтетикалық түйіншек табылған. Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында да 11-сынып оқушысы ұсталған болатын. Тағы бір 21-жасар азамат наша жасырудың қыр-сырын танып үлгерген. Жігіт ақпан айында көзге түсіп, қолға түскенде, жедел-іздестіру шарасында ұнтақ зат салынған 10 полимерлік түйіншекпен қолға түскен күдіктіден жауап алу барысында қала орталығынан есірткі жасырылған 15 орын анықтаған. Бұл ата-ана үшін де ауыр соққы. Есірткі сатумен айналысқан 34 жасөспірім ұсталды. Жыл басынан бері Қазақстанда полицейлер есірткі қылмысына қатысқаны үшін 34 баланы ұстаған (Zakon.kz-хабарлаған). Бұл ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жіберген қателігі. Қадағаламаудың, бақыламаудың баланы еркіне жіберудің түбі қайда апарып соққанын ата-анасы кеш түсінді. Бұл қылмысы үшін бала жазасыз қалмайды. Баласы үшін ата-анасы да жауапты болады. Есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын, бала тәрбиелеп отырған ата-аналар білуі тиіс. Біліп қана қоймай, бір мезгіл балаға жаман әдеттерге жолама, бізді жерге қаратпа, «тек жүрсең тоқ жүресің» деп ақыл айтып отыру бала өсіріп отырған әрбір ата-ананың борышы. Сол, 9-сынып оқушысын қалада тұратын ата-анасы неге спорт үйірмелеріне бермеді екен деп уайымдайсың. Бәріміз бала-шаға бағып отырмыз, «кімнің алдына кім шығыпты» дейтіндер табылар. Алайда, бауыр етің, балаңның қылмыскер болғаны жақсы ма? Жоқ азамат болып қалыптасқаны жақсы ма? Әрине, азамат болып, елдің алдында ата-анасының жүзін жарқыратып, атын шығарып жүргенді қай ата-ана қаламайды дейсіз! Есірткінің кесірі мемлекетті де күйретіп тынады. Адамзат баласын да аздырады. Сол үшін бұл қылмыспен тек қана құзырлы органдар ғана емес, қоғам болып күресуіміз қажет. Есірткіге қатысты ақпарат көздерін қарап отырсаң тұла бойың түршігеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд. теңгеден асатын есірткіні тәркілеген. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізген. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналарының көздерін жойған. Сондай-ақ, 36 жасырын есірткі зертханасының жұмыс қызметі тоқтатылған. Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Баспасөз қызметінің айтуынша, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шет мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған. Шырмауықтай бір-бірімен шырматылған есірткі тасымалдаушыларға қатысты шекаралық бекеттерде қырағылықты күшейтуде. Алайда, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда небір айла-шараға баратыны айдан анық. Есірткіні таратып қана қоймай, оны өндейтін арнайы цехтар ашып, жасырын өндіріп отырғандардың әрекеті пайда табу. Оларға мемлекеттің, қоғамның құны бес тиын. Теріс жолмен қатарларын көбейтіп адам баласының санасын улау, өз өнімдеріне сұранысты артыруға ынталылар. Мұндайлардың жолдарын кесіп, көздерін құртпайынша қылмыс өрши береді. ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехты анықтап жойған. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. Зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтаған. Тұтқындалғандарды тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы тәркіленген. Өткен жылы тағы да осы Павлодар қаласында Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізгенде, героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасының жолын кескен. Онда құны 2,5 млн. доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталған. Қазақстанның қай аймағын алып қарасаңызда есірткінің иісі бұрқырап тұр. Есірткіні таратушылар мен өндірушілердің торға тоғытылып жатқаны қаншама, ал қолға түспей жасырын әрекет жасап жүргендері қанша екенін бір Құдай ғана біледі. Жіп ұшына ілініп, соңдарына шырақ алып түскендері бәрібір құрықталады. Өткен жылы Шымкент қаласында 137 келіден аса есірткі тәркіленді. Есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтаудың 12 фактісі анықталып, оны дайындайтын 4 зертхананың жұмысына тосқауыл қойылған. Қазақстан бойынша есірткі қылмысымен айналысатын үш топ құрықталса, оның бірі Шымкент қаласында анықталған. Ұсталғандар синтетикалық есірткі сатумен және оны таратумен айналысқан. Мұнда да кәмелетке толмағандар арасында есірткі қылмысымен айналысқандар анықталған. Ақмола облысының тұрғыны есірткі зертханасын құрып және ұйымдастырғаны үшін құрықталған. Жедел уәкілдер зертхананы аудан орталығына іргелес ауылдардың бірінде үй сатып алып, өз өндірісін өрістеткен 21 жастағы жергілікті тұрғын болған. Тінту іс-шаралары барысында есірткі құралдарын 430 литр прекурсорларды дайындауға арналған жабдық, салмағы 755,88 грамм «a-PVP» психотроптық заты тәркіленген. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» демекші, қолға түскен күдікті бұрын есірткі затын жасырын сатушы болып жұмыс істеген, ал кейіннен кәсібі бойынша жоғарылап, сату үшін есірткі заттарын өндірумен айналысқан. Жетісу облысында да есірткі зертханасының жолы кесілген. Екі азамат облыс аумағында алдын ала сөз байласып, мефедрон психотроптық затын дайындау жөніндегі зертхананы іске қосып, аса ірі мөлшерде (23кг.) психотроптық затты өткізуді, тасымалдауды және сақтауды жүзеге асырғанын Azattyq Ruhy хабарлаған болатын. Қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін олар есірткі затын дайындауға арналған арнайы жабдықталған үй сатып алыпты. Қолға түскендер сот үкімімен 10 жыл бас бостандықтарынан айырылды. Облыста есірткіге қатысты 160-тан астам құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 300 келіге жуық есірткі тәркіленген. Өңірдің құқық қорғау органдарының күшімен 17 есірткі сатушы мен 7 есірткіні жасырып қойып кетуші ұсталып, жауапқа тартылған. Есірткі өндірушілер сатушылар темір торға тоғытылар. Бірақ, абақтының ар жағында жатып та, осы қылмыспен айналысушылар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. 10-15 жылға сотталғандар түрмеден сабақ алып, түзеліп келіп жатқаны шамалы шығар. Ұзақ мерзімді өтеп келгенде қайтадан осы қылмысқа барып жатқандары бар. Сондықтан есірткіге қатысты жазаны ауырлатып, өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасын қарастырған абзал шығар!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ