АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН ЖИЯР ЕМЕС

0
261

«Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» — деген екен баяғыда бір ұры. Қолдарының жымысқысы бар ұрыларда ұят жоқ, мал-мүлкіңді, қолына ілінген дүниеңді сыпырып кете береді. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» күнелтетіндер бүгінгі қоғамда «жаңбырдан соң қаулаған саңырауқұлақтай» өршіді. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр, қоралап қой ұрлап одан қалса пәтер тонау, алаяқтықпен алдап-арбау арқылы обал сауапты ұмытқандар өзгенің есебінен күнелтіп жүр.

Қылмыс әлемін зерделей қалсаңыз, түпсіз тұңғиыққа батып кетесіз. Өне бойың түршігіп адам баласы да осыншалық қатыгез, қаныпезер болады екен-ау дейсіз. Адам өлтіру, зорлық-зомбылық көрсету қыл аяғы бесіктен белі шықпаған бүлдіршінге қол салу, қымсынбай ұрлық-қарлық қылмыстарын жасау қылмыскерлерге тән құбылыс. Тоқсан жерден заң қатайып жатса да жат пиғылды, ниеті бұзықтар айылдарын жияр емес. Қылмыстың түрі күн санап артуда. Интернет желісі арқылы «аңқау елді арамза молда» сияқты арбаған алаяқтар талайды зар қақсатуда. Мал ұрлығы, қалта ұрлығы, көлік ұрлығы, үй тонау, сауда үйлеріндегі тауарды тонау айта берсең

тізбектеліп кете береді. Қыл аяғы мешітке де ұры түсіп жатады. Жетісу облысында 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында мал ұрлығы бойынша 22 дерек тіркелсе, интернет алаяқтығына қатысты 118 дерек. Ал 2024 бастапқы екі айында мал ұрлығы — 23 дерек, интернет алаяқтығына — 83 дерек тіркеліпті. Бұл тек қана өткен және биылғы жылдың басындағы екі айға ғана қатысты тіркелген деректер. Ал, жыл бойынша қанша дерек тіркелгенін жазуды мақсат көрмедік. Себеп, күн сайын желіндеп, ай сайын төлдеп отырған интернет және басқада алаяқтық қылмыстар артпаса кеміп отырған жоқ. Құзырлы органдар да осы қылмыстардың түп-тамырын бір жола қиып тастай алмауда. Әсіресе, интернет алаяқтығына қатысты қылмыстар шекара таңдамайды. Әккі қылмыскерлер абақтының ар жағында жатып, қылмыстық кәсіптерін дамытуда. Шет мемлекетте тұрып-ақ интернет арқылы «қарғаның аузындағы ірімшігін алдап жеген түлкідей» қулығына құрық бойламаған алаяқтар ойран салып жүр. Қылмыскерлердің тұтқындалғаны да бар. Бірақ олар жасаған әрекеттеріне өкінбейді. Керісінше алданып қалғандарды ақымақ санайды. Бас бостандықтарынан айырылса да қараңғы түнекте жүріп сол байырғы кәсіптерін жалғастыра береді. Себебі, «ауру қалса да әдет қалмайды» деген тәмсіл тура осыларға қаратып айтылған. Мәселен, Жетісу облысының соты 2023 жылы ұрлық бойынша — 294, ал, алаяқтыққа қатысты 98 — іс қараса, қазіргі таңда ұрлық фактісінде – 40, алаяқтық дерегіне қатысты – 16 істі қараған. Жыл аяғына дейін бұл екі қылмыс бойынша тергеу органдары қанша істің басын зерделеп, сотқа жолдайтыны уақыттың еншісінде. Алаяқтарға алданып қалып жүрген қарапайым халыққа ұдайы құзырлы органдар аса сақ болуды, әрі құжаттарын бөтенге бермеуді, қаржыға байланысты кез келген қоңырау шалушыларға ақтарыла салмауды айтуда. Алайда, бұл қағиданы бұқара халықтың бәрі бірдей түсініп, сақтық шараларын қолданып жүргендері де, арбалып-алданып сан соғып, құзырлы органдарға шағымданып жүргендер де жетерлік. Мақала басында алаяқтардың алуан түрі бар екенін айттық. Ұрлық жасағандардың бірі Талдықорған мешітінде намаз уақытын пайдаланған. Ұры аяқ киім ұрлап жатқанда бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл азаматтың құдайдың үйіне кіріп тұрып қылмыс жасауы сана-сезімінің төмендігін көрсетсе керек. Әйтпесе 29 жасар тепсе темір үзетін жігіттің басқа-басқа жамағаттың намазға жығылып жатқан сәтін пайдаланып аяқ киім ұрлауын қай қисынға жатқызарыңды білмейсің. Тұрмыстың әлеуметтік жағдайы төмендіктен қылмысқа барды деп айтуға аузың бармайды. Маңдай терін төгіп, адал жолда жүрсе оған ешкім қой деген жоқ. Шайтан азғырды деп ақталатын шығар. Есті жігіт біреудің аяқ киіміне көз аларта ма? Ниеті дұрыс емес, қолы таза болмағандықтан арам кәсіппен айналысқан. Ол, бұған дейін де ұрлықпен айналысқан шығар, оны тергеу органдары анықтай жатар. Барлық жерде бейнебақылау камерасы барын бұл қылмыскер білмей қалған деуге тағы сенгің келмейді. Торға түскен соң қылмыс жасағанын мойындап, өкінген болыпты. Алматы облысынан жасақталған ұрылар да тұтылған. Олар, Алматы қаласында бөтеннің мүлкін ұрлаған. Бұлардың да жас шамалары небәрі 24 жаста. Топтасып ұрлық жасағандар Рысқұлов даңғылындағы қоймалардың бірінің құлпын бұзып, автокөліктің дөңгелегін жымқырыпты. Жәбірленушіге бір миллион шығын келтірген. Сондағы ұрлағандары төрт дөңгелек. Енді ұйымдасып қылмыс жасағандары үшін абақтыға жол тартады. Жас өмірлеріне балта шауып алғандар «тек жүрсең тоқ жүресің» деген мәтелді саналарына сіңірмеген. Айғақты заттарымен темір торға тоғытылғандар ірі көлемдегі ұрлық бойынша тергеліп жатыр. Олардың басқа қылмыстарға да қатысы бар болуы мүмкін. Ұрлық жасауды кәсіп еткендер отбасымен жұмылып жүр. Алматыда ұрлық жасаумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталған. Сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде 50 және 52 жастағы ерлі-зайыпты азаматтар екі рет бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталыпты. Адамда «ар-намыс өлсе» тентек болған тоқтыдай не болса соған айналып соғыла беретін көрінеді. Әуелі, Ақсай-2 шағын ауданындағы үйлердің бірінің кіре берісінен велосипед ұрлағандар екінші мәрте бөтен біреудің Macbook-ін ұрлап кеткен. Екі ұрлық та бейнекамераға түсіп қалыпты. Ұсталғандар – Алматы облысының тұрғындары болып шыққан. Апыр-ай, жастары бел ортадан асқанда ерлі-зайыптыны қай шайтан түртті екен дейсің. Абыройдан жұрдай болғандар енді ағайын туыстың бетіне қайтып қарайды. Әй, бірақ, ұяттың бетпердесін түріп қойғандар «өлімнен ұяттың күшті» екенін қайдан білсін. Олар бала-шағаларына да осы жолмен жүруді үйрететін шығар. Себебі, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ұрлық жасайтындар орталық базарларда, автобуста жолаушылар сығылып тұрғанда, үй иелері үйде жоқта ұрылардың тірлігі басталады. Олар, күндіз де, түнде де қолайлы сәтті қалт жібермейді. Оңай жолмен қаржы табуды кәсіп еткендер көліктерде елдің қалтасына қол сұғады. Телефон, ақша, бағалы заттарын жымқырады. Тура осындай ұрлықпен

Алматы қаласында күдіктілер қолға түскенін, Polisia.kz. ақпараттық сайты хабарлаған. Алмалы ауданында IPhone-14 телефонын ұрлаған 30 жастағы азамат Төле би мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында жедел уәкілдер 47 жастағы азаматты құрықтаған. Ол қоғамдық көлік жолаушысының телефонын ұрласа, 41 жастағы азамат базарда жүріп, бутиктен бөтен біреудің гаджетін ұрлаған. Олардың әрекеті жауапсыз қалмады. Енді бір азамат дүкенге кіріп тұрмыстық химия заттары бар сөрелерден күртесінің ішіне бірнеше бөтелке сусабын мен басқа да тауарларды жасырған. Мұны сауда алаңында орнатылған бейнебақылау камералары түсіріп алған. Күдікті полицияның қолына түскенде бірден өз ісін мойындаған. Мойындамағанда қайда барады. Қылмысты айғақтайтын бақылау ка-мерасы қылмысын әшкерелеп тұрса да қылмыскерлердің зердесіздігіне қайран қаласың. Қазір кез-келген мекемеде бақылау құрылғылары барын біле тұра, тіпті көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берісінде камералар барын біледі. Біле тұра ашкөзденіп, тіміскіленіп, қолдары жыбырлап тұрады. Бас прокуратура ұрлық көп жасалған өңірлердің ақпаратын жариялаған болатын. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ұрлық жөнін-дегі статистикасы (Zakon.kz.). Өткен жылдың сегіз айы бойынша 42 752 іске қарсы 30 173 іс қаралған. (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) 28,2%-ға төмендегенін айтады. Ұрлық көп жасалатын аймақтар: Алматы — 7154, Астана — 3541, Шымкент — 1447. Облыстар арасында: Алматы — 2197, Қарағанды — 2114, Қостанай – 1519, Ақтөбе -1413 болса, ұялы телефондар ұрлығы 11,3%-ға төмендеген. Еліміз бойынша барлығы 7967 осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі: Алматы — 2287, Астана — 844, Шымкентте — 467, облыс бойынша, Алматы — 576, Қарағанды — 527, Ақтөбе — 424, Абай — 431 ұрлық жасалған. Ұрлықтың тағы бір түрі автокөлік ұрлығы. Көгілдір экран көлік сатып алып, бармағын шайнап жүргендер туралы бейнесюжетте көрсеткен болатын. Тіпті автосалоннан көлік алып, біраз мінген соң қайта сатпақ болғанда, оны сата алмай түбі шикі болып шыққанын айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұрағандар болған. Айдың күннің аманында қойған жерден көлігін таппай қалып, құзырлы органдарға шағымданғандары қаншама? Іздеуде тұрған көліктердің иелері бір хабар болып қалама деп алаң көңілде жүр. Көліктің өзін қойып кілтін ұрлайтындар да көбейіпті. Бұл туралы құзырлы органдар ешқашан көлік ішіне кілтті қалдырмауды айтып келеді. Ұры-қарылар қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалып жүр. Мәселен, көлік ұрлығына қатысты ақпараттарды қарап отырып автокөліктердің ұрлығына қатысты Ұлттық Сақтандыру Бюросы (NICB) 2016 жылы жариялаған есепке сәйкес, 1 247 434 көлік 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін кілттермен ұрланғанын айтады. Бұл ірі көліктерге қатысты мәлімет, одан бері сегіз жыл өтті. 2022 жылғы мәлімет бойынша, республика аймағында 909 автокөлік ұрланып, оның 775-і табылғаны туралы мәлімет бар. Ұрлықтың қай түрі болмасын оның басы-қасында кәсіби ұрылар жүреді. Мейлі мал ұрлығы, интернет алаяқтық, көлік ұрлығын алыңыз. 2022 жылы көлік ұрылығына қатысты 19 қылмыстық топ құрықталған. Полиция органдары ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқанды. Осы бағыттағы жұмыстар елімізде 2017 жылғы желтоқсанда ратификациялаған «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралда-рын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісім» негізінде жұмыстар жүргізілуде. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ТМД елдерінде Қазақстанда ұрланған 50-ден астам автокөлік табылса, Қазақстаннан достастық мемлекеттерінің аумағында ұрланған 200-ге жуық автокөлік іздестірілгені айтылады. Қолдан көлік сатып алудың да өзіндік машақаты бар. Оның ұрланған көлік екенін сатып алушы зерделей бермейді. 2021 жылғы ақпарат бойынша, Қазақстаннан ұрланған 223 көлік ТМД елдерінен табылған. Мәселен, Ресейден Қазақстан аумағына әкелген 606 автокөлікке іздеу салынған деп «Хабар 24» хабарлаған болатын. Осы ұрланған көліктердің 200-ден астамы табылып, айыптұрақта тұрғаны айтылған-ды. Ең өзекті өртейтіні ұрланған көліктерді білмей сатып алғандардың сотқа жүгінуден басқа амалдары қалмаған. Олар көлікке шығарған шығындарын қайтарып алады ма, жоқ па ол жайлы ақпарат жоқ. Қайтарып алу да мүмкін емес шығар. Алматы қалысында үш жыл бұрын Daewoo Damas автокөліктерін ұрлаумен айналысқан ұрылар құрықталған-ды. Қылмыстық топ ұрлаған көліктерін бөлшектеп сатқан. Ұрланған көліктердің шығыны бірнеше миллион теңге болған. Астана қаласында араққа сылқия тойып алғандар алты бірдей көлікті ұрлауға әрекет жасағанда құрықталған. Ұрлаған көліктердің бірінің орта жолда аккумуляторы отырып қалса, екінші ұрланған көлік орта жолда бұзылып қалған. Әлгі, әдепсіз ұрылар көліктердің ішінде тонапты. Бұл әрекеттері тіпті бейнебақылау камерасына түскен. Көлік ұрлығына қатысты тағы бір дерек, Павлодар облысында 22 жастағы азамат ұсталған. Бұл әккі ұры тек «Ауди 80» маркалы автокөліктерді ұрлапты. 2022 жылғы Қазақстанда көлік ұрлығы азайғаны айтылады. Көлік ұрлығына қатысты не бір сұмдықты естисің. Қарағандылық бір азамат Алматыға келіп, автокөліктердің номерін шешіп алып, иелеріне қайтадан сатып жүргенде қолға түскен. Өңірлер бойынша автокөлік ұрлығының басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 57 жағдай. Бір жыл бұрынғыға қарағанда бірден 46,2%-ға артқан.

«Көшбасшы» үштікке Қостанай (31 автокөлік ұрлығы, бір жыл ішінде көбею – 19,2%) және Қарағанды (28 автокөлік ұрлығы, төмендеу – 24,3%). Көлік ұрлығы ең аз тіркелген өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Пәтер ұрлығында қылмыстар 3303-тен, 2707-ге төмендесе, мал ұрлығы бойынша 360 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, қылмыстың төмендеу дәрежесі 17,7 пайызды құрайды. Мал ұрлығы фактілерінің көптігі жағынан облыстар бойынша: Алматы — 172 Батыс Қазақстан — 124, Түркістан — 124, Жетісу — 93, Жамбыл — 68, Абай — 66 арыз тіркелген. Автокөлік ұрлығының төмендеуі байқалғанымен медальдің екі жағы болатыны сияқты көліктерін жалға беріп опық жегендер алаяқтық жасады деп ақпарат құралдарын шулатты. Ұлардай шулағандар Алматы қаласының тұрғындары. Алматы қалалық ПД ресми түрде 72 арызды қабылдағандарын Almaty.tv. хабарлаған болатын. Жүзге жуық азамат қымбат көліктерді несиеге алып, көліктен де, ақшадан да айырылдық деп құзырлы органға жүгінген. Келісім бойынша ай сайынғы несиені көлікті жалға алған адам төлеп тұруға келіскен. Алайда, алданып қалдық деп шулағандар көліктің несиесін кім төлейді, көлік қайда дейді. Бұл туралы «ОРТ» каналында «Көреміз» ток-шоуында арнайы хабар таратылды. Олар ай сайын 300-400 млн. теңге несие төлейтіндерін айтты. Алданғандар алғашында ақша уақытылы төленген соң, тағы да несиеге көлік сатып алғандарын айтады. «Заманына қарай амалы» дегендей, қоғамды дүрліктіріп тұрған алаяқтар мен жемқорлар елді де, мемлекетті де естен тандырып тұр. Шенді-шекпенділер мемлекеттің қаржысын жымқырып жүрсе, алаяқтар жүрген ортасын орманды отаған балтадай жайпап кетеді. Соның бас жағында интернет алаяқтары мен автокөлікке шүйліккендер қарызданып, қауғаланып көлік алғандарды тақырға отырғызуда. Сондықтан өзіңізге өзіңіз мықты болмасаңыз, марқұм Есенқұл Жақыпбеков айтпақшы: «Айналаң ұры болған соң адалдан бір мал соймайсың» дегеннің кебі келіп тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ