ОЙЫН АЛАҢДАРЫ АШЫЛДЫ

0
147

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Балпық би ауылында екі бірдей ойын алаңы ашылды.

Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы арнайы қатысып, жүрекжарды лебізімен бөлісті. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген қазақтың сөзі текке айтылмаған. Бұл қуаныш – балалардың қуанышы. Енді балалар бос уақытында осы алаңға келіп, ойын ойнап, спортпен айналысады. Уақыттарын тиімді өткізетін болады», – деген ол бүлдіршіндерге тегін доп таратып, халық игілігіне берілген жаңа нысанды орнатқан жауапты мамандарға алғыс білдірді.
Игілікті істің қасынан табылған жандарға ауыл балалары дән риза. Бұдан былай Балпық би ауылындағы Жароков пен Жұмабеков көшелеріндегі балалар спорттық өз ойын алаңдарында асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады.
Айта кетейік, бұл екі ойын алаңының бірін «Алан 22» жауапкершілігі шектеулі серіктестік, екінші, Жұмабеков көшесіндегі балалар ойын алаңын жайластыру бойынша жұмыстарды «ATC Build» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жасады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ