СУ – ӨМІР ӨЗЕГІ

0
218

Егін еккен соң оны күтіп баптап, суару керек. Бірақ суару кезінде оны жеткізу мәселесі қиындап кететіні рас. Әттегенайы, көктемде қар еріп, жан-жақты су басып жатса, жазда жаңбырды күтіп, көктемдегі асып-тасыған суды армандап отырамыз. Шіркін, тіршіліктің көзі суды дұрыс пайдалана алатын жағдайға қашан жетеміз?

Жаңа Қазақстан құрамыз деп тырысып жатқандай, суды да дұрыс пайдалана алатын күн алыс емес болар. Ал әзірге облысымыздағы вегетациялық кезеңге тоқталсақ.

Вегетация, латын тілінен vegetatio сөзін аударғанда – тірілу, өсіп-өну деген мағына білдіреді. Ал вегетациялық кезең дегеніміз – өсімдіктің өсіп-дамуына қолайлы жыл маусымы, өте маңызды биоклиматтық көрсеткіш. Агротехникалық шараларды жүзеге асыру, егін жинау мерзімдері сол маусымға орайластырылады.

«Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергеновтың айтуынша, облысымыздағы өзендердің суы таулы аймақтағы мұздықтар мен бұлақтардан, қардан және жылғалардан құралады және олардағы судың өтілімі жыл бойы жауған жауын-шашын мен ауа температурасына байланысты.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында филиал вегетациялық кезең басталғанға дейін аудандық әкімдіктермен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді хабардар етті. Жыл басынан су ресурстарын ұтымды және ысырапсыз пайдалану үшін облыстың ауылшаруашылығы басқармасына, аудан әкімдеріне АШМ мен ЖАО арасындағы меморандумға сәйкес егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен ауыспалы егісті сақтау, күріш және ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын азайту, агромелиоративті іс-шараларды атқару, ішкі шаруашылық каналдарға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу, суарудың прогрессивті әдістерін пайдалану және озық техникаларына көшу, суды көп қажет ететін дақылдарды тек қолжетімді жерлерге себу, шаруашылық аралық каналдардың басына немесе су көздеріне жақын алқаптарға егу жөнінде хаттар жолданды, – дейді Саят Үсенұлы.
Рас, табиғи құбылыстарды болжау мүмкін емес. Алайда, өзендердегі су деңгейінің күрт төмендеуі байқалып, суармалы су тұрақсыздығы орын алған жағдайда тиісті шаралар қолға алыну керек. «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының басшысы мұндай жағдайда қандай шаралар жүзеге асырылатынын да тізбектеп берді: каналдар бойынша су айналымы қолданылады; түнгі уақытта кезекшілік, егістіктерде суарушылардың болуы және түнгі суаруды сақтау да назардан тыс қалмайды; тамшылатып суару әдісі сияқты заманауи суару технологиялары қолданылады.
Болашақта құрғақшылыққа төзімді ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін тұқым өндіру мәселесіне назар аударып, еріген қар және тасқын суларын жинау үшін су балансын сақтай отырып, жаңа су қоймаларын салу туралы ұсыныс болатынын да сала басшысы айтты.
Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне, өндірістік учаскелер бөлінісінде 140,0 мың гектар суармалы алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын болжамды орналастыруды негізге ала отырып, суармалы суды тасымалдау бойынша қызметтерге жоспарланған су көлемі 1 091,6 млн. м3 құрайды.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 7197 дана келісімшарт жасалды, суармалы жер көлемі 114,974 мың гектар, су беру көлемі 928,0 млн. м3. Нақты берілген 225,4 млн. м3 су көлеміне суғарылған жер 37,5 мың гектарды құрайды. Суармалы суға берілген өтінімдерге сәйкес пайдаланушыларға тиісті көлемде су берілуде. «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының мамандары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салып келеді, – дей келе филиал басшысы вегетациялық кезеңнің қалыпты режимде өтіп жатқанын тілге тиек етті.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Жетісу филиалы берген деректерге сүйенсек, Жетісу Алатауының Көксу, Қаратал, Басқан, Тентек өзендерінде жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық нормадан жоғары (нормасы – 134 мм, нақтысы – 291 мм), алайда қар қоры орташа көпжылдық нормадан төмен (нормасы – 118 мм, нақтысы – 89 мм). Іле Алатауының оңтүстік беткейінде және Кетмен жотасының солтүстік беткейінде (Шарын, Бұрақожыр және Өсек өзендерінде) жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық нормадан төмен (нормасы – 210 мм, нақтысы – 147 мм), ал қар қоры орташа көпжылдық нормадан төмен (нормасы – 86 мм, нақтысы – 52 мм).

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ