МАТЕМАТИКА ПӘНІНІҢ МӘНІН ҰҚТЫРҒАН ҰСТАЗ НҮСІПБАЙ ЫСҚАҚҰЛЫ ТУРАЛЫ

0
730

Көне білгірлердің бірі: «Бiз тарихтан – кемеңгерлiктi, поэзиядан – шешендiктi, математикадан – зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан – тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан – байыптылықты, логика мен көсемсөзден – айтысу дағдысын үйренемiз»,– депті. Біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпаған, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеп, біліммен сусындата білген, өз қатарластары арасында еңбегімен көпке үлгі бола білген жан. Ардақты ұстаз Нүсіпбай ЫСҚАҚҰЛЫНЫҢ білім беру саласына қосқан еңбегі өлшеусіз.

Осыдан 90 жыл бұрын Бөрілітөбе ауданына қарасты М. Төлебаев атындағы Үлгі атты колхозда дүниеге келген Нүсіпбай ұстаздың бала өмірі соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі Ысқақ Шөкетаев 1944 жылы Ленинград түбіндегі шайқаста мерт болған.

Өмір иірімі

«Әкем көз жұмғанда небары 10 жастамын. Үйдегі бес баланың тұңғышымын. Менен кейін екі бауырым, екі қарындасым болды», – деп бастады әңгімесін ұстаз. – Бүгінде жер басып жүрген Ырысбала екеуміз ғана. Ол Алматы қаласында тұрады.
Анамыз көрші ауылдағы балық зауытында еңбек етті. Әкем қайт-қан соң шешеміздің Ахметжан деген ағасы әке орнына әке болып, бізді тәрбиелеп жеткізді. 1951 жылы он жылдық мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласына оқуға аттандым.
Алғашында құжаттарымды медицина институтына тапсырып, осы саланың маманы болсам деген едім. Бірақ райымнан қайтып қалдым. Себеп – құжаттарымды өткізгеннен кейін бізді «Серғазин» деген профессор музей секілді бір жерге алып барды. Әлгі жерге кіргеннен қолқаны сасық иіс қапты. Мұндағы адамның мүшелерін, басы мен аяғын, ішек-қарнын көргенде шошынғаннан екі көзім алақандай болды. Өмірде көрмегенім осы болсын деп құжаттарымды қайтып алдым да ауылға қайтсам деп шештім. Сол кезде мектепті бірге бітірген жолдас баланы жолықтырып қалдым. Ол өзінің физика-математика факультетіне түскенін, осы топқа бала жетіспей жатқанын айтып: «Сен есепті шағасың ғой. Ауылға барғанда не істейсің? Тапсырып көрсей»,– деді. Сөйтіп Қазақ педагогикалық институтына келіп құжаттарымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Физикадан төрт, ал математикадан екі деген баға қойды. Осы сәтте факультет деканы Меңдібай Сәтпаев кіріп «Балалар қалай тапсырып жатыр?» – деп сұрады. Емтихан қабылдап отырған оқытушы: «Мына бала екі алды», – деп мені көрсетті. Ол болса: «Орындағанын көрейін, беріңізші»,– деп мен шығарған есептерге көз жүгірте бастады. Қарап болған соң: «Мынау екі қоятын есеп емес, төртке лайықты жұмыс қой», – деп өзі қол қойып, ақырында оқу орнына түсіп кеттім. Осылай төрт жыл институтта білімімді жетілдірдім.
Физика-математика факультетін бітірген 1955 жылы жолдама арқылы Бөрілітөбе ауданындағы теміржол мектебіне жұмысқа орналастым. Аталмыш білім ошағында үш жылдай еңбек еттім. Содан Қарағанды қаласына қоныс тептім. Бұл жерде педагогикалық институтқа оқытушы болып орнықтым. Институтта 1958-1959 жылдары еңбек етіп, Алматы қаласына көштім. Бірақ бұл жерде көп тұрақтағаным жоқ. Әкемдей болған нағашы ағам жаман аурумен сырқаттанып, ауылға қайтуға бел будым. Келген соң білім бөліміне инспектор болып жұмысқа қабылданып, 1960 жылы аудан тара-ғанша еңбек еттім. Кейін Талдықорған облысына қарасты Киров ауданына қоныс аудардым. Осы ауданда біраз жұмыс істеп, 1965 жылы қайта Алматы қаласына келдім. Мұнда Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институтына орналастым. Бірақ алатын айлығым 88 сом болды. Әйелім институтта оқыды. Екі ба-ламыз бар еді. Бала-шағалы болған соң қосымша кешкі мектепке жұмысқа тұрдым. Мұнда бір жыл жұмыс істеген соң мені директор етіп тағайындады. Бір жылдан кейін Алматы қаласында жаңадан ашылған №70 мектепке директор етіп ауыстырды. Бұл жерде тапжылмай сегіз жыл басшылық қызмет атқардым», – деп ағынан жарылған қарт ұстаздан математика пәніне қызығушылығын ашқан мұғалімі туралы сұрадық.

«Математикаға деген қызығушылығымды арттырған мектептегі ұстазым Әбікен (Әбілмәжін) Төлебаев еді. Ол – композитор Мұқан Төлебаевтың кенже інісі болған. Әбікен ағайдың әр сабағы қызықты өтетін. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, математикаға деген құштарлығымды аша білген ағайымның арқасында өзімді мамандық таңдауда жолы болған адам-мын деп санаймын», – дейді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінше, бесінші сыныпта бір ай оқыған соң класс жетекшісі Шәку Ошақбаева: «Сен бастауышты үздік бітірдің. Бесінші класты оқымай-ақ, бірден алтыға көшсең қайтеді деп» деп алтыншыға ауыстырыпты. Бұл тұста ол интернатта оқып жүрген екен. Алтыншы сыныптың оқушысы атанғанымен математика сабағынан кәдуілгідей қиналып қалған. Содан математикадан жақсы білетін 10 сыныпта оқитын Шерияздан Зияда деген баладан көмек сұрапты. Ол барынша түсіндіріп, қолұшын берген. Сөйтіп жетінші, сегізінші сыныпты үздік аяқтап, тоғызыншы сыныпты оқымай бірден оныншыға аттапты. «Ол жылдарда жақсы оқитын балаларды бір кластан бір класқа аттататын еді. Сөйтіп мектепті үздік бітіріп шықтым», – деп езу тартты ұстаз.

Естен кетпес оқиға

1943 жылы жаздың аптап ыстығында қозы бағудың кезегі келіп, мал жаюға шықтым. Қолға кітабымды алып, ауылдан алыстап мал соңында жүремін. Әкемнің екі мылтығы бар еді. Бірі – 32, бірі – 16. Соны иығыма асып алып алғанмын. Мал жайылғанда кітап оқимын. Түс ауа жантайып кітап оқып жатып тәтті ұйқыға кетіппін. Бір уақытта дүр ете қалған дыбыстан шошып ояндым. Оянсам төбенің басында екі қасқыр шоқиып отыр. Бала емеспін бе, шошып кеттім. Әлгі қасқырдан қорыққан мал мені айнала қоршап алыпты. Содан біраз тұрған соң ойыма мылтықтың бар екені түсті. Сөйтіп аспанға атып едім, әлгі қасқырлар тұра қашты. Осылай малды айдап ауылға қарай бет түзедім. Күн қарайып қалған шақ. Малды айдап келе жатырмын. Бір кезде жаңбыр аралас дауыл басталды. Бейіттің маңынан өте бергенде маңыраған қозының дауысы шықты. Арлы-берлі жүгіріп жүріп бір шұңқырға түсіп кеткен қозыны көзім шалды. Баламын ғой, ойда ештеңе жоқ, шұңқырға секіріп түстім. Сөйтсем әлгі шұңқырым көр болып шықты. Ішінде топыраққа сүйенген адамның қаңқасын көзім шалды. Жарқ еткен найзағайдың жарығынан жерде қалай қасық пен сырлы қасықтың жатқанын да байқап қалдым. Денем түршігіп шұңқырдан тезірек шығуды ойладым. Алдымен қозыны шығарып, енді өзім ұмтылып шығайын десем аяғымнан біреу тартып тұрған секілді болды. Бойыңның ұзын болғаны жақсы ғой, әйтеуір тырмысып жүріп шұңқырдан шықтым. Сөйтіп үйге аман жетіп, нағашы апама айттым. Ол кісі ертеңіне жеті шелпегін пісіріп, құран оқытты. * * * Бірінші сыныпта оқимын. Ол кезде әкем біздің ауылдан 25 шақы-рымдағы Сарқарын деген колхозда жұмыс істейді. Бірде әкем мені Шойқожа деген адамның үйіне тастап кетті. Сабақтан келгенде әлгі үйдің есігі құлыптаулы екен. Күтіп-күтіп, кеш қарая бастады. Сөйтіп мен Сарқарынға қарай бет түзедім. Қар еріп, көктем әлі шыға қоймаған шақ. Қолымда қасқыр шыға қалса деп алып алған таяғым бар. Жаяу жүре-жүре әбден болдырдым. Сөйтіп бір сексеуілдің түбіне жатып ұйықтап қалыппын. Таңертең тұрсам күн борап тұр. Жарты жолға дейін әзер жүріп келіп, тағы құладым. Содан мені ес-түссіз жатқан жерімнен отын шауып жүргендер тауып алып, ауылға алып келеді. Ес-түссіз күйдегі мені көргенде шешем марқұм жылап жүріп бұрыш қосылған шайды ішкізеді. Содан кейін ғана ақырындап тілім шыға бастайды. Суықтан екі аяғым мен қолым қарайып, үсіп қалған ғой. Әкемнің шешесі, апам түрлі шөптерді теріп жүріп, үйге алып келіп, қайнатып, суға аяқ-қолымды салады. Сөйтіп бір жылдай шөппен емдеді. Ақырында толық жазылып, қол мен аяқ терісінің қызарған орны ғана қалды. Қазір болса бірден кесіп тастайтын еді. Осылайша тағы бір ажалдан аман қалдым.

Ұстаздық жол

Өткен шақтағы өмір иірімінен сыр шерткен Нүсіпбай Ысқақұлы 1989 жылдың күзінде Алматы қаласынан Талдықорғанға қайтуға бел буған.
«55 жасымда Құдай қосқан жарым, екі баламның анасы – Лада Мұсақова көз жұмып, Талдықорғанға қайта қоныс аудардым. Қазан айында келіп мектеп-тен жұмыс іздеуге кірістім. Сөйтіп қаладағы №17 эксперименатальді мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасып, 8-9-10 сыныптарға сабақ бердім. Бұл жерде 1994 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым», – деген кейіпкеріміз ұстаздық жолда жолыққан жандар туралы да ой бөлісті.
«1998 жылы М. Арын атындағы №24 мектеп-лицейінің директоры болған Күләй Түсіпова жұмысқа шақырды. Қуана келістім. Жоғары сыныптарға сабақ бердім. Бұл мектепте дарынды балалар оқыды ғой. Мен әр бала үшін есеп шығарудың тәсілдерін құрас-тыратынмын. Бақылау жұмысын аларда бір-бірін қайталамасын деп кластағы әр балаға жеке-жеке есеп вариантын беретінмін. Мықты деген оқушылардың аты-жөндері әлі де жадымда сақтаулы. Мәселен, Абай Исаев, Арай Қасенхан, Эльвира Рашидова тағы басқа… Арай Қасенхан бүгінде математика пәні бойынша ғылым докторы атағын алып, қазір политехникалық институтта еңбек етеді. Оның анасы Баян да математик еді. Біздің мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Өз ісін жетік меңгерген ұстаздармен қатар еңбек еткеніме қуанамын. Мек-теп директорымыз білім ошағына кіл мықты мұғалімдерді топтастыра білді. Атап айтсам, марқұм Тоқан Төлеуқызы, Баян Меңдікен, Салтанат Ибраева, Туғанай Аяпова, Кәмида Тулеметова, Мұрат Бұланов тағы басқа. 2013 жыл-ға дейін осындай ұстаздармен бір мектепте еңбек етіп, қызметтес бол-ғанымды мақтан етемін.
Ұстаз болу да бір бақыт қой білгенге. Отбасымызбен физика және математика пәнін таңдап, осы жолда еңбек еткен жандармыз. Талдықорғанға келіп бас қосқан әйелім – Ғалия Исабаева да мамандығы бойынша педагог. Жасы менен бір мүшелге кіші.
Бүгінде ұлым – Арыстан мен қызым – Райхан зейнет жасына жетіп, ата-апа атанып отыр. Біз де немерелерден шөбере сүйіп отырған жайымыз бар, шүкір деймін».
Бар ғұмырын білім саласына арнап, өмір-жолын ұстаздықпен ұштастырған Нүсіпбай Ысқақұлы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісімен, «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» медальдарымен марапатталды. Математика пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, білікті ұстаз өз сөзінде: «Алгебра, геометрия пәндері бойынша жинап терген дүниелерім бар еді. Соны кітап етіп шығарсам дегенмін, алайда оған қаражат қажет қой»,– деп қалды. Тоқсанға келген қарттың жиғаны кәдеге жарап, кітап болып шықса, нұр үстіне нұр болары хақ емес пе?! Қалай дегенмен де ақыл-ойды тәртіпке келтіріп, зеректікке жетелейтін математика пәні-нің мәнін ұқтырған ұстаз жолы кейінгі ұрпаққа өрісті өнеге болары сөзсіз.
Мерекеңіз құтты болсын, Нүсіпбай Ысқақұлы! Үйдегі апамызбен бірге Жамбыл атамыздың жасына жеткейсіз!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ