ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІ ШЕТЕЛДІК ӨНІМДЕРГЕ ТОЛЫ
Өзгеге тоқтау болса да кеңірдекке тоқтау жоқ. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің сапасы да көңіл алаңдатады. Қыл аяғы көкөністердің ішінде шамадан тыс (удобрение) тыңайтыштар бар екені жиі айтылуда. Қанша жерден бақылауда десек те көзбояушылыққа баратындар баршылық. Ал мұның адам денсаулығына кері әсері барын маман дәрігерлер ұдайы айтып келеді. Қоңыр күз басталғалы мектеп асханаларынан тамақтанатын оқушылардың жаппай улануы осының дәлелі бола алады.
Жергілікті өнімдердің 60-70 пайызы ғана отандық өнімдер. Ал қалған азық-түліктер шет мемлекеттерден тасымалдануда. Бұл Жетісу өңіріне ғана тән құбылыс емес. Жалпы Республика бойынша қалыптасқан жағдай. Кез келген сауда немесе кішігірім дүңгіршектер мен дүкендерге кірсеңіз жергіліктіден гөрі шетелдік өнімдерге басымдық беріп тұрады. Қыл аяғы сүт, айран, ірімшік, тағы басқа да күнделікті қажетті өнімдер көрші Ресей мен Беларус, Қырғыз, Қытай мемлекеттерінен тасымалданады. Бұл нарық жүйесінің қағидаты десек те жергілікті өнімнен шетелдік өнімдердің үлесі басым. Сауда нүктелерінде азық-түліктен бөлек, киім-кешек, балалар ойыншықтарына дейін алыс-жақын мемлекеттердің тауарына тәуелдіміз. Көбіне Қытай тауарларынан саудагерлер тұтынушыларды арбап Түркияның, Ресейдің тауары деп саудалап жатады. Бірді айтып бірге кеткендей болмайық, бір ғана азық-түлікке қатысты Талдықорғандағы ірі сауда желілері де тауар таңдауда шетелдік өнімдерге басымдық береді екен. Тасымалданған тауарларды олар қандай қоймаларда сақтайды? Әсіресе, азық-түлікке қатысты, олардың сақтау мерзімі өтпей саудаланып кетсе құба-құп, ал сауда сөрелерінде, не қоймаларда мерзімі уақытынан асып кетсе, өнімдерді дереу алмастыру шарт. Бұл қағидаттар қаншалықты сақталған? Мәселен, «Үлкен сауда орындары тауар таңдарда қандай өлешемге сүйенеді? Неге отандық өнімдерге басымдық берілмейді?» – деген сауал санаға салмақ салады. Тасымалданатын азық-түлік пен жеміс-жидек өнімдері қайда сақталады, арнайы қоймалар жеткілікті ме? Бұдан бөлек, Респубиканың барлық өңірінде интернет дүкендер қанат жайып келеді. Мұндай сауда нүктелері біздің облыста да бар.
Интернет дүкендер демекші, күні кеше ғана Жетісу өңірінде осы интернет дүкендерге қатысты дау-дамай 31-ші каналдың жаңалығында айтылды. Интернет дүкендер арқылы алдын-ала тауарға тапсырыс беріп, ақысын төлегендер, не ақшаларын, не тауарларын қайтарып ала алмай, заңгерлерге жүгініп жүргені айтылды. Міне, көзбояушылық, алаяқтық интернет дүкендерден де шығып жатыр. Мұнда да өнімдер сапасы сөз болуда. Ал азық-түлік пен жеміс-жидектер жайлы айрықша атап өтерлігі оларды сақтайтын қоймалар Жетісуда жеткілікті ме? Қолда бар ақпараттарда мұндай қоймалардың республика көлемінде жетіспейтіні айтылады. Демек, тез бүлінетін өнімдердің сапасын жоғалтпау үшін әрі мерзімді уақытта сатылып кетуі, тауарды алушылар мен сақтаушыларға үлкен мәселе тудыруда. Осы қоймалар туралы былтыр обылыс әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданына барған сапарында қойма мәселесін реттеуді тапсырған болатын. Оның басты себебі көрші Қытайға тасымалданатын өнімдер жеміс-жидек пен азық-түліктер, әрі аспан асты елінен Қазақстанға жеткізілетін өнімдерді сақ-тайтын орындардың аздығы үлкен мәселе болған-ды. Мәселен, былтыр Панфилов ауданына осы сала бойынша 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл жоба облыстағы ауқымды қоймалардың бірі ретінде қарастырылды.
Жетісу өңірінде жалпы сыйымдылығы 39,7 мың тонна болатын 31 қойма бар. Оның 25,2 мың тоннаға арналған 18 картоп қоймасы; 8,5 мың тоннаға 7 көкөніс қоймасы; 5,9 мың тоннаға 6 жеміс қой-масы дайын тұр. Оның 12-і заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде 11,8 мың тоннаға 5 картоп қоймасы, 4,3 мың тоннаға 3 көкөніс қоймасы, 5,4 мың тоннаға 4 жеміс қоймасы жұмыс істеп тұр. Ал өңірде ірі интернет дүкендерінің қойма желісі де баршылық. Интернет қоймалары иелерінің айтуынша, олар тауарды тапсырыс берушілерге бірден жеткізіп беруге талпынады екен.
«Тауарды ұзақ сақтай алмаймыз, өнімді де мөлшерлеп қана аламыз. Тұ-тынушыдан қабылданған тапсырыс бірден сауда желілеріне жолданады. Олар бірден жауап береді. Біз жеткізу жағын мұқият қадағалаймыз. Осы күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым түскен емес. Уақытында жеткізіп отырамыз. Сондықтан қойманың қажеті шамалы. Кейбір сатушылардың жеке шағын қоймасы бар. Олар тауарды алдын ала алып, сақтап, сатады», – дейді қойма иелері.
Жалпы дүкен сөрелеріне шығарылған өнімдердің дені шикізат түрінде жүреді. Мәселен, сүт өнімдері, ұн өнімдері, құс еті, құс жұмыртқасы және жергілікті шаруа қожалықтарының көкөніс өнімдері. Сондай-ақ, шет мемлекеттерге импорттайтын ұн өндіру және құс фабрикалары бар. Атап айтсақ, «Ломман-Жетісу» ЖШС, «Көгер ЛТД» ЖШС – құс фабрикалары және «Турка» ЖШС, «Sardar Export» ЖШС – ұн өндірісімен айналысатын кәсіпорындарының өнімі жергілікті сауда дүкендерінде жиі шығарылады. Одан бөлек Еуразиялық Экономикалық Одақ өнімдері де бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметке бағаны тұрақтандыруға қатысты әрі қадағалауды тап-сырған болатын. Осы бағытта Жетісу өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың екі тетігі жұмыс істеуде. Оның ішінде «тұрақтандыру қоры» және кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беру «айналым схемасы». Аталған тетіктерді іске асыру үшін бюджеттен 5,8 млрд. теңге, оның ішінде «тұрақтандыру қорын» қалыптастыру үшін 1,1 млрд. теңге және «айналым схемасы» кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру үшін 4,7 млрд. теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа 23,6 мың тонна тауар жеткізуге шарттар жасалып, 8,6 мың тонна ӘМАТ-на интервенция жүргізілгенін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев айтты. Оның сөзінше, тұрақтандыру қорында 4,347 тонна ӘМАТ бар. Оның ішіне қант, ұн, күріш, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, картоп және сәбіз кіреді. Тұрақтандыру қорының тауарларын жеткізушілер қатарында «АзияАгроФуд» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС (ШҚО) және «Көксу қант зауыты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар бар. Өңірде осы тетік бойынша 17 тауар өндірушімен келісімшарт жасалған. Онда 10 мың тонна көлеміндегі 14 тауар түріне жеңілдік қарастырылған. Қала тұрғындарына әр аптаның соңында сенбілік базар ұйымдастырылуда. Сенбілік базарда Қытайдың, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның тауарларымен қатар отандық тауарлар да сөреге қойылуда. Бір ғажабы жерлікті өнімнен шетелден келген өнімдердің бағасы анағұрлым арзан. Мәселен, Қытайдан келген қияр, қызынақтың бағасы тұты-нушыларға қолайлы болса, жеміс-жидектердің барлығы дерлік Өзбекстан мен Тәжікстаннан келуде. Әр сенбіде базардағы бағада да әртүрлі құбылады. Жауапты мамандардың мәліметінше, бағаны тұрақтандырудың екі тетігі бойынша 14,4 мың тонна көлеміндегі 17 тауар түрін жеткізуде арнайы келісімшарттар қолданылады. Атап айтсақ, 678 тонна күріш, 669 тонна сұрыпты ұн, 64 тонна қарақұмық, 603 мың нан орамы, 21 тонна түтік кеспе, 8 352 тонна қант, 574 мың литр күнбағыс майы, 382 тонна сүт, 437 тонна қырыққабат, 520 тонна пияз, 679 тонна сәбіз, 1518 тонна картоп, 185 тонна сиыр еті және 6,6 миллион дана жұмыртқа. Бұлардың бағасы 6 пайызға арзан жүретінін айтады жауапты мамандар. Алайда, дүкен сөрелері отандық емес, шетелдік өнімдерге толы.
Айтақын МҰХАМАДИ