ЕКІ МЕРЕКЕ БІР КҮНДЕ ТОЙЛАНБАҚ

Қазақстанның Отан қорғаушылар күні 7-мамырда Астанада мерекелік әскери шеру өтпек. Ол шеру Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналмақ. Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің 2025 жылғы бюджетінен әскери дайындыққа арналған қаржыдан 2,5 миллиард теңге жұмсалатын болыпты — дейді «Jas Alash» биылғы жылдың 10-шы сәуірдегі № 28 санында. Министрліктің айтуынша әскери шеруге 4 мыңнан аса әскери қызметшілер қатысып, олардың 180 -ге жуығы КСРО кезіндегі жауынгер формасын киетінін және сол кездің туын ұстап шығатынын жеткізген. Осы мақаланы оқыған соң мыңдаған сұрақ пайда болды. Неге дейсіз бе?
Әскери шеру 7 мамыр күні Астанада өтеді. Бұл күн егемендік алған Қазақстан елінің Отан қорғаушылар күні. Тәуелсіздікті қалай алдық, әскерімізді қандай қиындықтармен құрдық — бәрі есте. Мәскеу Одақ кезіндегі біздің еліміздің іші мен шекарадағы әскери техниканың іске жарамдысын өздеріне алып кетіп, қалған-құтқан темір-терсекті бізге қалдырған жылдар естен шықпас уақыттар…
Мен түсінбеген жайлардың бірі — Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80-жылдығын неге Қазақстан әскерінің құрылған күнінде атауымыз керек?
7 — мамыр – тәуелсіз бейбіт елдің Қарулы күштерінің құрылған күні, яғни Қазақстанның Отан қорғаушылар күні. Ал 9 — мамыр неміс әскерінің капитуляция жариялап, жеңілгенін мойындаған, Кеңестер одағының жеңген күні. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің құрылған күні мен екінші дүниежүзілік соғыстағы 9 мамыр Жеңіс күнінің айырмасы жер мен көктей емес пе! Екі мерекенің екі түрлі мағынасы бар.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқанымыз, әрине, біздің тарихымыз. Мәскеу отанымыздың астанасы болды. СОКП бізді басқарды. Отан үшін, ел үшін деп қатысты аталарымыз қанқұйлы соғысқа. Ол кезде бір ел болдық. Ол жылдарғы соғыстағы қай жеңіс болмасын қазақтың қанындағы батырлықтың рухымен келгені аян. Ол Жеңіске жету үшін қаншама қазақтың қаны төгілді, майдан даласында қалған қазақ қаншама?.. Амалсыз еске түсіп жатыр қазақтың қырылған жылдары… Кеңес үкіметін құру жылдарындағы жаңа экономикалық саясат, кәмпескелеу, колхоздастыру, ашаршылық, Алаш интеллигенциясын қудалау, жою…
Ал Астанада өтетін шеруде Қазақстан әскерінің осы отыз жылдан астам уақытта дамығанын көрсететін шеру болады әрине. Қазақстан туы, заманға сай жетілген әскери техникасы мен әуе күштері, жаяу әскердің түрі, қару-жарақ түрлері дегендей… Қазіргі заманға сай Қазақстан әскері деп мақтана аламыз.
Ал Жеңістің 80 жылдығын басқаша атап өту жолын қарастыруға болмас па еді? Қазақстанның Отан қорғаушылар мерекесінде КСРО-ңың қызыл туын ұстаған әскери шеруде соғыстағы миллионнан аса қырылған қазақтың қанын қалайша ұмытамыз? Рас, ұмытпаймыз. Өйткені ол аталардың ерлігі, біздің тарихымыз.
Жасыратыны жоқ, көп елдерде олар соғысқа қатысса да қазір Жеңіс күні деген мереке жоқ. Бірқатар Европа елдерімен қоса Латвия, Литва, Эстония, Түркмения, Украина мен Молдавия 9-мамыр Жеңіс мерекесін тойламайды екен. Бұдан көп нәрсені аңғаруға болады. Олардың айтар уәжі — өткен тарихта қалған, бүгінде жоқ КСРО-ның мерекесін неге тойлауымыз керек? — дейді. Ал біз ше? Біз аталарымыздың батыр рухы үшін өлген батыр жауынгерлеріміздің аруағы үшін 9 мамырда оларды қалай еске аламыз? От шашумен бе, әлде минуттық үнсіздікпен бе? Ол жағы беймәлім.
Еліміздегі осы шеруді ұйымдастырғандардың екі мерекені бір күнге тоқайластырғаны көрегендігі ме, әлде басқа себептер бар ма? Мүмкін мәселенің мәнісі бюджет қаржысын үнемдеу болды ма екен?
Ал үнем мәселесіне келсек, сол шерудің миллиардтаған (2,5 млрд.теңге) шығынға жасалатыны да көңілге түйткілді болып тұр. Қолда барды ұқсатып халыққа көрсетуге соншама шығын кете ме? Шығын, әрине шығады. Жанар-жағар майың бар, кеңес жауынгерлерінің тігілетін киімі мен жалауы бар, тамағы мен сусыны бар, жол қаражаты бар. Бірақ соншама мөлшерде емес шығар…Астанананың төңірегінде әскери гарнизондар бар шығар, шеруге алыстан әскер тасымай-ақ болар еді – дейді кейбір ақылгөйлер.
Бірақ, Жеңіс күнін тойлау 7 мамырмен бітпейді, әрине. Мерекелік шаралар 9 мамырда да болады. Аталар ерлігімен жеткен жеңіс күні сол 9 мамырда тойланады…
Баян ТАҢАТАРОВА