АЛҒАБАС АУЫЛЫНДА ЖАҢАРТЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

0
19

Алғабас ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жаңартылған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы, аудандық мәслихат депутаты Әлдибек Рғайбекұлы, «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Мәлік Аманбайұлы, мекеме қызметкерлері, ардагерлердің ұрпақтары, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Ашылу салтанатында аудан басшысы Дәулет Кенжеханұлы сөз сөйлеп, батыр бабаларымыздың ерлігі мен елге деген адалдығын атап өтті. Шара барысында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, қақтығыстарда қаза болған және бүгінде дүниеден өтіп кеткен, ортамызда жоқ соғыс ардагерлері минуттық үнсіздікпен еске алынды. Іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айта кетейік, Алғабас ауылдық округінен 242 азамат Ұлы Отан соғысына аттанып, олардың 143-і майдан даласында ерлікпен қаза тапты, 99-ы елге оралып, бейбіт өмірде дүниеден өтті. Сондай-ақ, ескерткіште Ауған соғысында қаза тапқан жерлестеріміздің есімі де мәңгілікке қашалып жазылды.
Бұл ескерткіш – өткенге тағзым, болашаққа аманат. Ол жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудің бірегей үлгісі болып қала бермек.

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ