«ДЕНСАУЛЫҚ ҮШІН БІРГЕ»:АУДАНДАҒЫ ТАҢҒЫ ЖАТТЫҒУ ШАРАСЫ
2025 жылдың 27 мамыр күні Ескелді ауданының орталық алаңында ерекше сергектікке толы шара өтті. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне және 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған «Денсаулық үшін бірге» атты таңғы жаттығу ауқымды қатысумен өтті.
Шара таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан халқы мен белсенді жастар, спорт сүйер қауым жиналды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу және тұрғындарды дене белсенділігіне ынталандыру болды. Жаттығу барысында қатысушылар өз денсаулығына мән беріп, физикалық белсенділік арқылы жақсы көңіл-күйге бөленді.
Іс-шараны Ескелді ауданының әкімі Ахметов Елдос Тұрсынбайұлы ашып, жиналған қауымды мерекелік көңіл-күймен құттықтап, спорт пен денсаулықтың маңыздылығына тоқталды. Таңғы жаттығуды ауданның беделді спорт ардагері, «Темір адам» атағының иегері, Ескелді ауданының құрметті азаматы Бектенов Бахытжан Байтайұлы жүргізіп, қатысушыларға ерекше жігер сыйлады.
Шараға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, медицина саласының мамандары, білім бөлімі мен бұқаралық спортты дамыту бөлімінің өкілдері белсене қатысты. 100-ден астам тұрғын таңғы жаттығуға қатысып, белсенді өмір салтын қолдайтындарын көрсетті.
Іс-шара соңында Ескелді ауданының атын республикалық деңгейде танытып жүрген спортшылар салтанатты түрде марапатталды. Мұндай игі бастамалар аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастарға үлгі болары сөзсіз.
Гүлнұр БАЙМҰХАН