МУЛЬТФИЛЬМДЕР НЕ ТӘРБИЕ БЕРЕДІ?
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн – баланың құқығын қорғауға, оларға ерекше көңіл бөліп, қамқорлық танытуға арналған маңызды мейрам. Алайда бір сәт ойланып көрейікші: біз басқа күндері баламыздың не көріп, нені тыңдап жүргеніне қаншалықты мән береміз? Әсіресе мультфильмдерге?
Қазіргі таңда мультфильм – тек ойын-сауық емес, баланың тәрбиесі мен дүниетанымына тікелей әсер ететін маңызды құралға айналды. Бала көрген, естіген, қабылдаған ақпаратты бойына сіңіріп өседі, соған қарап мінезі, ойлау қабілеті қалыптасады. Сондықтан мультфильм – тәрбиенің, білім мен мәдениеттің қуатты құралы. Алайда соңғы жылдары шыққан кейбір мультфильмдердің бала санасына кері әсер ететін тұстары көбейіп келеді. Осы мәселе – бүгінгі қоғамның үлкен назар аударуы тиіс бағыты.
Мультфильм дегенде ең алдымен көз алдымызға балаларға арналған түрлі-түсті ертегілер елестейді. Ал ең алғаш еске түсетін танымал туындылар — Маша и Медведь, Рапунцель, Человек-паук, Мадагаскар секілді әлемдік деңгейдегі жобалар. Олардың кейіпкер мінезі, оқиғалар желісі жақсы ойластырылған. Көруге қызықты. Бірақ дәл осындай сапада неге қазақ мультфильмдері аз немесе жоқтың қасы деп еріксіз ойланасың.
Қазақша мультфильмдер жоқ емес, бар. Бірақ, өкінішке қарай, көпшілігінде көрерменге берер мағына аз. Әдемі идея, тәрбиелік мән, ұлттық таным жетіспей жатады. Керісінше, соңғы уақытта шыққан кейбір отандық мультфильмдер тіпті қорқынышты, мазмұнсыз, түсініксіз көріністерге толы. Ондай дүниелерді көріп отырып өзің шошисың, бала түгілі.
Қазіргі балалардың қызығушылығына ие болып жүрген «Скибиди», «Кисси Мисси», «Мстители» секілді мультфильмдер – сырттай қарағанда жай күлкілі кейіпкерлерден құралған сияқты көрінгенімен, тереңірек зер салсаңыз, баланың сана-сезіміне кері әсер етеді. Бұл мультфильмдерде қатігездік, үрей, қорқыныш секілді көріністер жиі кездеседі. Бала оны түсініп қарамаса да, бейсаналық түрде қабылдай береді. Бүгін күлді, ертең күледі, бірақ артында қандай із қалдыратынын ата-аналар, үлкендер ескере бермейді. Себебі: «Ол тек мультфильм ғой» деген қате түсінік қалыптасқан.
Ата-аналар баланың не көріп жүргенін қаншалықты қадағалайды? Шын мәнінде, бұл – үлкен сұрақ. Өкінішке қарай, ата-аналардың көбі күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, баланың гаджеттегі уақытына мән бермейді. Ал ол уақытта бала санаға қауіпті, мағынасыз, қияли, тіпті психикасына зиян келтіретін дүниелерді көруі мүмкін.
Неге біз осының орнына балаларға ұлттық құндылықтарды – салт-дәстүрді, әдептілік пен достықты, адалдық пен үлкенге құрмет сынды тәрбиелік мәні бар дүниелерді мультфильм арқылы жеткізбейміз? Мұндай мақсатта жақсы сценарий жазып, сапалы мультфильм түсірсек, бала үшін де пайдалы, ұлт үшін де маңызды дүние болар еді. Әр ел өзінің мәдениетін мультфильм арқылы танытып отыр. Ал біз неге керісінше, теріс кейіпкерлер мен күлкілі оқиғалар арқылы баланың болашағына балта шауып отырмыз?
Енді нақты бір мысалға тоқталғым келеді. Бұл – 2016 жылы шыққан «Ер Төстік» атты мультфильм. Өзім бұл мультфильмді алғаш көргенде шошып кеттім. Кейіпкерлердің түрі, сөз сөйлеу мәнері, оқиға желісі бірден адамды үрейлендіреді. Одан бұрын 2019 жылы шыққан «Ер Төстік пен Айдаһар» атты мультфильмді сіңілім көріп отырғанда бірге отырып тамашалаған едім. Шынымды айтсам, қатты ұнады. Сюжеті түсінікті, ұлттық болмыс бар, кейіпкерлер көркем берілген.
Бірақ кейін сол мультфильмді қайта қарап шыққым келіп, YouTube желісінен «Ер Төстік» деп іздедім. Бірінші шыққан мультфильмді ашып қарасам, ол 2016 жылғы нұсқасы екен. Басында біртүрлі көрінді, ал кейін тіпті жағамды ұстадым. Ерназар аңға шығып, жалғыз қалған баланы тауып алады. Балаға қарап тұрып: «Мен ешқашан аңшылықтан бос қайтқан емеспін» – деп, үйіне әкеліп бәйбішесіне: «Мә, осыдан жақсылап тамақ жасап берші» – дейді. Бәйбішесі: «Сенің аштықтан есің ауысайын деген бе? Ол бала ғой» – десе, Ерназар: «Қозы да қойдың баласы, оны да жейміз ғой. Сонда қозыны да жеуге болмай ма? – деп жауап береді.
Мұндай сөзді естіген бала не ойлайды? Бұл арқылы не жеткізбек болды? «Адам етін жеуге болады» деген ой қалыптастырғысы келді ме? Бала мұны ертегі деп қабылдағанымен, кей жағдайда шындықпен шатастырып алуы мүмкін. Кім біледі, ертең дәл сол баладан «мама, қарным ашты, адам етін жегім келіп тұр» деген сөзді естіп қалмасымызға кім кепіл?
Осы көріністен кейін мен осы мультфильмді зерттегім келді. 2016 жылғы нұсқаны Azia Animation компаниясы ұсынған екен. Режиссері – Краус Артур мен Краус Игорь. Ұзақтығы – 1 сағат 30 минут. Ал 2019 жылы шыққан «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмі – отандық режиссерлер Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиевтің туындысы. Екеуін салыстырсам, ең көп қаралым жинаған – «Ер Төстік» (10 077 692 қаралым). Ал «Ер Төстік және Айдаһар» (1 062 677 қаралым) жинаған. Осы жерде тағы бір сұрақ туады: неге ұлттық кейіпкеріміз туралы түсірілген мультфильмді отандық емес, шетелдік компания түсіреді? Неге оны бақылап, сүзгіден өткізіп, сапасын тексеретін арнайы комиссия жоқ?
Қазақты адам етін жеуге дайын жабайы ұлт ретінде көрсетіп, баланың санасына қорқынышты бейнелерді сіңіріп жатқан мұндай дүниелердің кімге, неге қажет екені түсініксіз. Алты ұлы бар, аңқау шал — Ерназар. Ұлдары қыз іздеп қалаға кетіп, ата-анасы аштықта қалады. Ал шын мәнінде, қазақ ертегісінде Ерназар байдың сегіз ұлы болады, олар жұт кезінде отарға кеткенде, үйде қалған ата-анасы соңғы төстікті жеп, содан Төстік дүниеге келеді. Міне, шынайы қазақы болмыс, ұлттық ұғым осындай!
Кейіпкерлердің түр-тұлғасы да баланың психикасына кері әсер етеді. Жалмауыз кемпір ұшатын тәрелкеге мініп, таяғымен киіз үйлерді өртеп жүреді. Бұл – біз білетін классикалық ертегілерден мүлдем алшақ сюжет. Жауыз кемпірдің түрі — таза қорқынышты фильмдегідей.
Бала жастайынан осындай бейнелерді көріп өсе берсе, кейіннен шынайы өмірде жақсы мен жаманды ажырата алмай қалуы да мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесінде мультфильмнің мәні мен маңызын ескергеніміз жөн.
Мультфильм — бұл жай ертегі емес. Бұл – тәрбие құралы. Әрбір көрсетілген бейне, әр айтылған сөз, әрбір кейіпкердің қимылы баланың санасына әсер етеді. Сондықтан мультфильм жасау – үлкен жауапкершілік. Мақсаты – балаға дұрыс бағыт беру, оның қиялын дамыту, ұлттық болмысты бойына сіңіру керек.
Қазақ халқы – тарихы терең, мәдениеті бай, салт-дәстүрі ерек халық. Біздің ертегілеріміз, батырлар жыры, ұлттық кейіпкерлеріміз — нағыз қазына. Солардың негізінде сапалы, тәрбиелік мәні жоғары мультфильмдер жасау арқылы ғана ұлт болашағын сақтап қала аламыз. Әйтпесе, бүгінгі «қызықты» мультфильмдердің арты ертеңгі үлкен мәселе болып шығуы әбден мүмкін.
Бүгінде мультфильм – тек балаға арналған қызық дүние емес, оның болашағына әсер ететін маңызды құрал. Себебі бала не көрсе, соны санасына тоқиды, соған еліктейді. Бірақ соңғы жылдары жарық көріп жатқан кейбір мультфильмдерді көргенде жағаңды ұстайсың. Бала түгілі өзіміз қорқамыз. Олардың мазмұны, кейіпкер бейнесі, сөз саптауы – бәрі де санаға теріс әсер ететін дүниелер. Бұған ешкім жауап бермей, бақыламай жатқан сияқты.Қызығы сол, дәл осындай мультфильмдер балалар арасында кең таралып, көп қаралым жинаған. Сонда баланың қызығушылығы – қорқынышты, қисынсыз дүниелерге ауып кеткен бе? Ал тәрбиелік мәні бар, сапалы мультфильмдер неге назардан тыс қалып жатыр?
Мысалы, бізде өте жақсы түсірілген мультфильмдер бар. Солардың ішінде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Мұзбалақ», «Қобыланды», «Алпамыс батыр», тіпті 2019 жылғы «Ер Төстік және Айдаһар» сияқты туындылар – ұлттық тәрбиені дәріптейтін, балаға пайдалы дүниелер. Бірақ оларды көру, насихаттау жағы әлсіз. Ал ұсқынсыз, ұғымсыз мультфильмдер бірден желіге тарап, балалар арасында «трендке» айналып кетеді.
Мультфильм – баланың ой-санасын қалыптастыратын мықты құрал. Ол тек көңіл көтеру емес, ұрпақ тәрбиесінің тетігі. Сол себепті қандай мультфильмді көруге рұқсат ететінімізді, оны кім жасағанын, ішіндегі мазмұны мен сөзі қандай екенін жіті бақылауымыз керек.
Мемлекет тарапынан мультфильмдерге қойылатын талап күшейіп, сүзгі артып, жауапкершілік артса, бала болашағы қауіпсіз болар еді. Ұлттық компаниялар шетелдік студияларға емес, отандық авторларға қолдау білдіріп, қазақы мазмұндағы, сапалы әрі қызықты мультфильмдер көптеп шығарса, ұтыларымыз жоқ.
Әр ата-ана, әр ұстаз, әр шығармашыл маман — осы жолда бейжай қарамай, балалардың не көріп, не тыңдап жүргенін бақылап отырса, болашағымыз да жарқын болмақ.
P.S.
Қазіргі заманда экрандағы мультфильм жас ұрпаққа тікелей әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласының не көріп жүргенін қадағалауы тиіс. Жас буынның санасына теріс емес, дұрыс бағыттағы ақпарат жетуі маңызды. Бүгін экранды түзесек, ертең саналы ұрпақ өседі.
Зарина БЫЖЫБЕК