ҰЛТТЫҚ ОЙЫННЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
Тарихы терең, тамыры берік еліміздің өткеннен бүгінге жеткен түрлі спорттық ойыны бар. Соның арасында тоғызқұмалақ ойыны күн санап әйгілі болып барады. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, ұлттық рухани мұрасының шоқтығы биік інжу-маржаны. Терең логика мен стратегиялық ойлауды талап ететін, білім мен зерденің мектебіне айналған спорттық ойын бүгінде оқушылар арасында танымал. Оны мақала кейіпкері, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы Жалғас Жұмасылов та растайды.
Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде оқушылардың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлттық ойын түрінен үйірме өткізетін жас жаттықтырушымен сұхбаттасудың реті бүгінге түсіпті. Сырлы әңгіме барысында жалпы тоғызқұмалақ ойынының қауқарын, оның балалар арасындағы орны мен көпшіліктің қызығушылығы жайлы сөз өрбіді.
Жалғас Жұмасыловтың мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Алғаш
Әли (оқушы): Ағайдың күн сайын үйірме өткізіп, сенбі күндері нәтижесін бағамтайтын тактикасы ұнайды. Болашақта Жалғас ағай секілді чемпион тәрбиелеп, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болуды армандаймын. Тіпті, қазірдің өзінде ағайға қолқанат болып, үйірмеге жаңа келген балаларға білгенімді үйретіп, аға ретінде қараймын.
аталған спорт түрін 2006 жылы ойнап, аздап қызығушылық танытқан. Кейіннен Сәкен атты ұстазынан ойынның базалық білімін және өзіндік әдістерін үйренген. Университет қабырғасында жүргенде республикалық жарыстардан бой көрсетіп, мұғалім кезінде профсоюз арасында жарыстарға қатысқан. Ал 2017 жылы кезекті жарыстардың бірінде көзге түскен ойыншы жаттықтырушы болуға ұсыныс алады. Міне, сол сәттен бері ол болашақ чемпиондарды тәрбиелеп, игі жолда еңбек етуде.
Жаттықтырушының айтуынша, рухани мұраға айналған ұлттық спорттың бұл түрі көптеген елдерге тараған, бірақ аттары ғана әртүрлі. Мысалы, қырғыз халқындағы «тоғызкоргоол» ойыны тура осы тоғызқұмалақпен бірдей дейді. Халықаралық жарыстар кезінде 1-2 орындарды қазақ азаматтары алып жатса, 3 орынды қырғыздар қанжығалайтыны да ұлттық ойындардың ұқсастығына байланысты шығар деген пайымын жеткізді.
Қазіргі таңда Жалғас қалалық бірнеше мектептің және спорт мектебінің тоғызқұмалақты үйренемін, чемпион боламын деген оқушыларына тәлімгерлік етуде. Негізінен 7–17 жас аралығындағы оқушылармен жұмыс жүргізіп, жас ерекшелігіне байланысты топ құрып, бөлек бағдарлама бойынша жаттығу жүргізеді.
Тағы бір айтарлығы әр ұстаздың шәкірттерін ынталандыру үшін қолданатын өзіне тән әдісі бар. Ең алдымен, баланың қабілетін танып, сол бағытта жетелеуге тырысатынын айтқан ұстаз, қызықты есептер, жарыстық әдіс және марапаттау жүйесін қолданатынын айтты.
– Баланың ынтасын арттыру, қызығушылығын ашу үшін апта сайын жұмыс күндерінде үйренген тактиканы сенбі күні жарыс ұйымдастырып, кімнің жақсы меңгергенін анықтаймын. Сәйкесінше жақсы нәтиже көрсеткендерге Alpen Gold, орташа ойнағандарға үлкен Snickers, ал ұтылып қалғандарына Чио-рио сияқты арзандық тәттілер беремін. Мұны көрген оқушылар келесіде жеңіске жету үшін бар зейінін салып, үйреткен әдістерді жақсы қолдануға асығады, — дейді.
Ақжан (оқушы): Бұл ойында адамның жасына емес, ақылына байланысты бағаланатыны ұнайды. Біздің болашағымыз баспен ойланып, мимен жұмыс жасаудың деңгейіне қарайды ғой. Тоғызқұмалақ ақыл-ойды дамытып, математиканы жақсартудың таптырмас құралы деп санаймын.
Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы демекші биыл Түлкібаста өткен Түркістан федерациясының кубогында 15 жас ұлдар арасында Қалипа Серғазы 2 орын алып, ақшалай марапатталған. 11 жасар Кәусар Дүйсенбай ментальный арифметика бойынша гиннесс рекордтар кітабына енген. Ал 2024 жылы Әли Серікқожа Жетісу облысы бойынша тұңғыш чемпион атанған. Айта берсек, оқушылар арасында мұндай үлкен-кішілі марапат жеткілікті.
Жаттықтырушы Жалғастың үйірмесіне отбасы болып қатысатын балалар да бар. Мысалы, Серікқожа әулетінен Әли, Ақжан, Абай есімді №15 мектептің оқушылары біраз жыл бойы тоғызқұмалақ үйірмесіне қалмай келеді. Жақында олардың қатарына 2019 жылғы інісі де қосылуға дайын тұрғанын айтты Әли. Ж. Жұмасыловтың жаттықтырушы бола бастаған кезінде алғашқы шәкірті 2004 жылғы Жанель Сарқыт болса, қазіргі сәтте ең кішкентай шәкірті 2018 жылғы Айнұр Серікова. Ол небәрі 7 жасында аудандық жарыстарда бақ сынап жүр.
Жалғастың бала күнгі арманы — математика пәнінің мұғалімі атанып, есепке жүйрік оқушы тәрбиелеу еді. Бірақ тағдырдың пешенесіне жазғаны дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып, тоғызқұмалақ ойынын дамытуға септігін тигізу болған екен. Ұстаз өз мамандығын дәл осы бағытпен байланыстырғанына дән риза.
Айым (оқушы): Жалғас ағайдың бізді үйрету үшін бар уақытын арнап, жігерлендіру үшін тәттілер беретіні ұнайды. Білікті кісі болғандықтан, бұл үйірмеге інім екеуіміз қатар қатысамыз. Түрлі жүлделеріміз де бар.
– Шыны керек бұрын тоғызқұмалақ ойынынан бапкер боламын деген ой мүлдем болмаған. Тек волейбол, волейбол деп, өзімді доппен ғана байланыстырыппын. 2017 жылы ұсыныс алғанда бағымды сынап көрейін, болмысыма жат болса тағы көре жатармын деген шешім қабылдадым. Бастапқы екі жыл қиындықсыз болмады. Балаға үйрете жүріп, өзім де ізденіп республикалық тоғызқұмалақ негіздері, бастамалары деген сынды кітаптарды оқыдым, зерттедім. Кейін оқушыларым жақсы нәтиже көрсете бастағанда осы жолды соңына дейін тастамай, алдыма республикаға әйгілі болатын балаларды дайындаймын деген мақсат қойдым, — дейді Жалғас.
Бала күнімде есепке жүйрік, қосып алуды жақсы көретінмін. Математика мұғалімі боламын, оқушыларға есеп үйретемін деуші едім. Міне сол арманым орындалған сияқты. Себебі бұл ойын математиканы міндетті түрде керек етеді.
Шынымен тоғызқұмалақпен айналысып, оның ішінде 8 жылдан астам уақытты жаттықтырушы ретінде өткізген Жалғастың 2018-2019 жылдары санаулы оқушылары республикалық жарыстарда бақ сынаған болса, 2022 жылдан бері кем дегенде 5-6 бала қатысып, жүлдемен оралады. Бүгінде он бестен астам шәкірті спорт шеберлігіне үміткер, бесеуі бірінші дәрежедегі спорт шебері атанған.
– Жаттықтырушы ретінде оқушыларыммен мақтанамын. Олардың облыстық, республикалық жарыстарда жеткен жетістігі менің еңбегімнің еш кетпегенін дәлелдейді. Бірнеше шәкіртім ҚР спорт шеберлігіне кандидат атанды. Оның бәрі үлкен жетістік.
Сөз соңында Жалғас тоғызқұмалақ ойыны төзімділік, ұқыптылық пен тәртіпті үйрететінін, осы ойынның арқасында өзге адамдарға пайдасы тигені мен шәкірт сүйіспеншілігіне бөленуі ұстаз ретінде үлкен жетістік деп есептейді.
Тоғызқұмалақтың басқа ойындардан айырмашылығы — терең логиканы, есептеу қабілетін дамытады. Ол – елдің ұлттық мұрасы дегенді оқушыларға айтып, ойынның ерекшелігін айқындап жүрген әр ұстаз құрметке лайық. Соңғы жылдары аталған ойынға қызығушылық артқаны жаттықтырушылар үшін үлкен мақтаныш. Олар қалалық, ауылдық жерлерде үйірмелер ашылып, насихаттың күшейгенін жақсылыққа жорып, болашақта облыстан атақты спорт шеберлері шығатынына кәміл сенімді.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ