САНАҒА СИМАЙТЫН САНДАР

0
28

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы (Сәрсенғалиев) ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке депутат мінберінен сауал жолдағанын білеміз. Оқыдық. Көрдік. Ол сауал бұған дейін де көптеген адамдардың мазасын алып жүрген сұрақ болатын. Ол не сұрақ десеңіз — сол баяғы жұмыссыздардың саны туралы Ұлттық статис-тика бюросының жариялаған деректері.

Статистика көрсетіп отырған деректерге жыл сайын мән берер болсақ, еліміздегі жұмыссыздар саны онша көп те емес, аз да емес. Былтыр 300 мың деген көрсеткіш болса, биыл — 400 мың адамның о жақ, бұ жағы. Биылғы нақты көрсеткіш 451 мың 515 адам жұмыссыз саналады. Бұл көп пе, аз ба?
Біздің еліміз жұмыссыздарды қалай есептейді – еңбек биржасында тіркелгендер санымен бе? Ал тіркелмегендер қаншама! Себебі олардың мамандығы еңбек биржасындағы жұмыстар ішінде жоқ. Бары көше сыпыру, маникюршы, шаштараз т.б. Мысалы, қытай тілінің аудармашысы деген мамандық Талдықорғанның еңбек биржасында жоқ. Күнкөріс керек. Не істейді ол адам? Өз күнін өзі көру керек – Назарбаев атамыз айтпақшыдай…
Қазақстандағы ресми көрсетілген статистика бюросының жұмыссыздар санына мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы күмәнмен қарап, осы төңіректегі сұрақтарға жауап іздеп, сараптап көрді. Ұлттық Статистика бюросының деректері бойынша Қазақстан халқының саны қазір 20 261 486 болса, сол адамдардың 11 496 447-і еңбекке қабілетті деп жазылған. Яғни олар жұмыс істеуі керек немесе істеп жүр деп санайық. Ал жұмыссыздар саны 451 мың адамнан асады. Яғни, еңбекке қабілетті деп саналған адамдардың 37,5 прроценті жұмыссыз. Осы санның рас-өтірігін депутат мына жолмен анықтап көрді.
Мысалы, Нартай депутаттың зерттеуінше Қазақстанда Зейнетақы қорына бір тиын да аудармаған және әлеуметтік аударымдары мүлдем жоқ халық саны 5 млн. 244 664 адам! Демек, олар жұмыссыздар ғой?! Олай демеске амал жоқ! Өйткені жұмысқа жарамды 11,5 млн. халықтың 5 млн-нан астамы зейнетақы аудармаса олар жұмыссыз емей немене?

Осы орайда мені ойландыратыны, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар туралы ашық дереккөздердегі сандарға қарасақ — 2,2 млн-нан астам адам. Олар зейнетақы жинақ қорына міндетті ақша аудармайды екен. Ал депутат Ринат Зайытовтың пайымынша, жұмыссыздардың санын зейнетақы қорына ақша аудармаушылар құрайды. Сонда қалай, 5 млн-нан астам жұмыссыздар ішінде зейнетақы аудармайтын, өзін-өзі жұмыспен қамтитын 2 млн-нан астам адам бар ма? Әлде олар статистикада басқа бағанада көрсетіледі ме? Олар онда жұмыссыздардың 5 млн-нан алынып тасталуы керек шығар? Олай болмаса бұл да жұмыссыздар санына талас тудыратын мәселе. Депутаттың айтуынша, жұмыссыздықты жою керек десек — жалған мәлімет беруді қою керек!
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының екінші көтерген мәселесі елімізде жұмыспен қамту бағдарламаларына беріліп жатқан қаражат мақсатсыз жұмсалуда. «Жоғарғы аудиторлық Палатаның есебі бойынша 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысқан. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төленген. Бірақ сол 180 мың адамнан жұмысқа тұрғаны тек 26 194 адам ғана. Тағы бір дәлел. Еліміз бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 200 жас азамат қатысқан. Олардың әрқайсысына айына 117 960 теңге төленген. Соған қарамастан жұмысқа тұрған жастардың саны 7 400 адам ғана» – деді Нартай Аралбай.
Осы айтылған кемшіліктерге қоса депутат премьер-министрге бірталай ұсыныстар жолдады. Солардың ең бастысы — жұмыссыздарды есептеу әдісін қайта жасау. Жұмыссыздар бағдарламаларына аудит жүргізу және басқа да өзекті мәселелер айтылды. Қалай десек те, еліміздегі жұмыссыздар саны азайып жатқан жоқ.

Баян ТАҢАТАРОВА

 


ПІКІР ЖАЗУ