ҚҰРБАН АЙТ – ЖҮРЕКТЕГІ ИМАН МЕН ІЗГІЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ
Жылына бір келетін Құрбан айт мерекесі – жай ғана мейрам емес, әр мұсылман үшін жүректегі иман мен ықыластың сынға түсетін, жақсылық пен мейірімділікке бастайтын үлкен рухани күндер. Бұл күндерде тек мал сойылып, ет таратылмайды. Бұл – мұсылманның Аллаға деген шынайы сенімі мен бойсұнуының нақты көрінісі. Алла разылығы үшін ең қымбатты – малын, уақытын, күшін сарп ету – жүрегінде иманы бар жанның ісі.
Бірақ қазіргі таңда Құрбан айт мерекесін көп халық түсіне бермейді. Құрбан айт келгенде малын сойып, көрші-көлең, ағайын-туыстарын шақырып тамақ береді. Ал құрбандыққа шалынған малдың етін бөліп туыстары мен көршілері алады. Бұл дұрыс па? Құрбандық қалай дұрыс шалынуы керек? Осы тақырып аясында Көксу ауданы, Балпық би мешітінің бас имамы Ерімбет Еділбекпен жүздесіп, құрбан шалу мен Құрбан айттың мәні жайлы кең мағлұмат алдық.
Имамның айтуынша, құрбандық шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп, яғни орындауы міндетті амалдардың бірі. Бұл міндеттілік мұсылман, ақыл-есі дұрыс, балиғатқа жеткен және нисап мөлшерінде байлығы бар адамға жүктеледі. Қой немесе ешкі бір адамға, ал сиыр мен түйе жеті адамға ортақ шалуға болады. Шариғат бойынша ауру, ақсақ, соқыр немесе әлсіз мал құрбандыққа жарамсыз. Ал құрбан шалғанда «Бисмилләһи Аллаһу Акбар» деп айтып, шын ниетпен бауыздау – бұл амалдың жүректегі иманмен жасалатынын айқын көрсетеді. Осы кезде халық арасында «уәжіп» не деген сұрақ тууы мүмкін. «Уәжіп – исламдағы міндетті амал, бірақ ол нақты дәлелмен емес, жанама дәлелдермен бекітілген. Мысалы: Құрбан шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Уәжіп деген парыз. Ал оны орындау – сауап, тастау – күнә», — дейді. Ал құрбан шалуға міндетті адам себепсіз құрбан шалмаса, ол: Құрбан шалмаған әрбір күн үшін құрбандықтың құнын садақа ретінде мұқтаж адамға беруі керек.
Құрбандық – жай ет тарату емес, ол қоғамға мейірім таратудың, мұқтаждың жағдайын ойлаудың нақты амалға айналған түрі. Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі отбасына, екінші бөлігі туыстар мен көршілерге, ал үшіншісі жетім-жесір, жоқ-жітік секілді мұқтаж жандарға таратылады. Бұл – Исламның әділет пен мейірім діні екенін тағы бір дәлелдейді. Қажет болса, еттің барлығын да садақа ретінде үлестіруге болады, бірақ бай адамға ол сыйлық түрінде ғана берілуі тиіс. Мұндай тәртіп – қоғам ішіндегі әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталған.
Қазіргі таңда құрбан шалу тәртібі де заманауи жүйемен үйлесіп келеді. Имам Ерімбет Еділбектің айтуынша, мешітке жамағат арнайы қаражат тапсырып, сол арқылы құрбан шалдыруға мүмкіндік алады. Барлық мал шариғатқа сай мал сою орындарында, ветеринарлық тексеруден өткен соң ғана бауыздалады. Ал таратылатын еттер нақты тізімге сәйкес – көп балалы отбасыларға, жетімдерге, аз қамтылған жандарға беріледі.
Кей адамдар құрбан шалудың орнына ақшалай садақа беруді жөн санайды. Алайда шариғатқа сәйкес, құрбандық – міндетті түрде мал шалумен ғана жүзеге асады. Ақша беру – құрбандықтың орнына жүрмейді. Дегенмен, мүмкіндігі жоқ адам сенімді діни қорлар мен мешіттерге қаражат тапсырып, олардың көмегімен құрбан шалдыра алады.
Құрбан айт – Исламдағы екі үлкен мейрамның бірі ғана емес, шын мәнінде жүректегі иманның, шүкірліктің, сабыр мен мойынсұнудың салтанаты. Бұл күн – әрбір мұсылман үшін үлкен тәрбие, жан мен жүрек тазалығының нағыз сабағы. Құрбан шалу арқылы біз Ибраһим пайғамбардың ұлы Исмаилды құрбан етуге әзір болған иманы мен Аллаға толықтай бойсұнған тақуалығын еске аламыз. Бұл – құрғақ сөз емес, іс арқылы дәлелденетін нағыз сенім дейді имам Ерімбет.
Мейрамның рухани маңызының тағы бір қыры – адамның бойындағы менмендік пен дүниеге байланып қалу сезімінен арылып, барлығын Алланың разылығы үшін жасауға ұмтылуы. Құрбан айт – тек мал сойып, ет үлестіретін күн емес. Бұл – жүректегі иманның бекемдігін дәлелдейтін, шүкір мен сабырдың салмағын сезіндіретін, өзгеге жанашыр болуға жетелейтін күн.
Иә, адам баласы кейде бір күнде емес, бір сәтте де рухани өзгеріп, иманын жаңарта алады. Сол сәт Құрбан айт күнінде келуі мүмкін. Сондықтан бұл мерекені әрбір мұсылман жүрекпен сезініп, шын ықыласпен қарсы алғаны абзал. Құрбан айт – жүректегі иманның көрінісі. Осы мейрамда жасаған әрбір ізгі амал – Алланың разылығына бастар жол. Құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ