ҚЫЗМЕТКЕ БАҒА – ХАЛЫҚТАН
«Алатау» қоғамдық-саяси газетінің тілшілері медицина және полиция қызметкерлері күніне орай облыс тұрғындары арасында арнайы сауалнама жүргізіп, спикерлердің қос сала өкілдеріне деген көзқарасы, алғысы және ескертулері жайлы оқырманға ақпарат беруді көздеді.
Әр жыл сайын маусым айында ел үшін бұл ерекше екі кәсіби мереке қатар аталып өтеді. Қос сала – қоғамның тірегі, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Осыған орай, тұрғындар арасында шағын сауалнама жүргізіп, жұртшылықтың пікірін тыңдап қайттық. Сауалнама барысында қала тұрғындары екі саланың да маңыздылығын атап өтті.
Медициналық қызмет сапасына қатысты жылы пікірлермен қатар, кейбір азаматтар өз наздарын да жеткізді.
«Дәрігерлерге мың алғыс!» – дейді қала тұрғыны Салтанат.
– Былтыр анам ауыр науқастан айықты. Онкологиялық аурухана дәрігерлерінің шұғыл әрі кәсіби көмегі болмаса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Ақ халатты жандарға басымды иемін. Өңір дәрігерлерін өткен мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Алайда, кей тұрғындар денсаулық сақтау жүйесіндегі кейбір мәселелерге де тоқталды.
– Кезек көп, әсіресе тегін қызмет көрсететін ауруханаларға 1-2 ай бұрын талон жаздырып алу қажет. Учаскелік дәрігерге де жазылу қиын. Жай ғана капельницаның өзін кейбір жас мамандар дұрыс сала алмайды. Сол үшін қолым да қою көк түсті болып көгеріп, біршама уақыт кетпей жүрген. Бірақ соған қарамастан, өзге де білікті, адам өмірі үшін жанын салып жүрген дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді зейнеткер Сейітжан аға.
Қала тұрғыны – Айгүл: Полиция қызметкерлерінің ел тыныштығын сақтау жолындағы еңбегі зор. Күн-түн демей, халық қауіпсіздігі үшін атқарып жатқан қызметтері әрдайым құрметке лайық. Қиын жағдайларда алғаш көмекке келетін – осы тәртіп сақшылары. Апатты жағдай болсын, қоғамдық тәртіп бұзылса да, ең алдымен соларды көреміз. Бүгінгі полиция заманауи техникамен жабдықталып, кәсіби жағынан да жақсы дамып келеді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда олардың жұмысы маңызды. Әрине, арасында кемшіліктер болмай тұрмайды, бірақ көпшілігі адал еңбек етіп жүр. Полиция болу – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін жол. Мен барша полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы еңбектеріне алғыс айтамын.
Сонымен қатар, міндетті медициналық сақтандыруды төлеп жүргендер де өкпесін ашық айтты.
– Біз жұмыс істеп жүріп, айлығымыздың тұрақты бір бөлігін зейнетақы қорына және медициналық сақтандыруға саламыз. Бірақ ауыра қалып, дәрігерге барған уақытта ұзын сонар кезектен емделе алмай қайтып жатырмыз. Ауру жаныңа батқан соң ақылы дәрігерлерге барып қаралып жүрміз. Сонда біздің ай сайынғы салған қаржымыздың келіп кетер пайдасы бар ма деген сұрақ туындайды? – дейді Талдықорғандық Анар есімді азаматша.
Ал полиция қызметі туралы да әртүрлі пікірлер айтылды. Жастардың бір бөлігі тәртіп сақшыларына сенім артып, көшедегі қауіпсіздікке оң баға берсе, кейбір тұрғындар қатынас мәдениетін жетілдіру қажет деп санайды.
«Кешкі уақытта аулаларда патруль жиі жүретін болды, бұл – өте жақсы!» – дейді жас ана Әсел.
– Балаларымыздың қауіпсіздігі – бірінші орында. Полиция қызметкерлері әрдайым қол ұшын созуға дайын болғаны қуантады. Сонымен қатар, соңғы уақытта трассаларда да рейд көп жүретінін байқадым. Бұл да тиісінше жол ережесін бұзатын, мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерің және көлік апаттарының алдын алады деген сөз. Полиция қызметкерлерін шын жүрекпен алдағы мерекелерімен құттық-таймын. Олардың күн-түн демей еңбектеніп жүргенін бағалаймын. Менің де жолдасым осындай қызметте болғандықтан, олардың жұмысының ауырлығын білемін, — дейді ол.
Текелі қаласының тұрғыны – Алмас: Дәрігерлер – адам өмірінің сақшысы. Олардың жұмысы өте күрделі және көп жағдайда көзге көріне бермейді. Бірнеше жыл бұрын жол апатына түсіп, өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге мәңгі қарыздармын. Сол кезде олардың әр минуты адам тағдырын шешіп жатқанын өз көзіммен көрдім. Ақ халатты жандардың сабырлы, мейірімді, өз ісіне шебер болуы – науқастарға үлкен демеу. Қазіргі жастар медицина мамандығына қызығушылық танытып жатқаны қуантады. Бұл салада үздіксіз үйреніп, жетіліп отыру қажет. Кейде халық тарапынан түсініспеушіліктер болып жатады, бірақ дәрігер болу — үлкен тәуекел мен жанкештілікті қажет етеді. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – оларға деген құрметтің белгісі. Барлық дәрігерлерді осы күнмен құттықтап, алғысымды білдіремін.
«Полиция мәдениеті артуы керек», – дейді кәсіпкер Қанат.
– Қарапайым сұрақпен жүгінсең де, кейбір қызмет-керлер дөрекі сөйлейді. Осындай мінез-құлық халық сенімін төмендетеді. Бірақ соңғы жылдары бұл бағытта өзгеріс барын байқаймыз. Жаңарған жас құрам мен технологиялардың енгізілуі – жақсы бастама.
Сауалнама соңында тұрғын-дар қос сала мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, тілектерін жеткізді.
– Дәрігерлер мен полиция – бұл мамандық емес, бұл – миссия. Міндет! Барлық мамандарға денсаулық, күш-қуат, қызметте табыс тілеймін. Сіздердің ерен еңбектеріңіз ел үшін өте қымбат, – деп түйіндеді қала тұрғыны Нұрлан.
Халық қос саланың да маңыздылығын түсінеді.
Алғыс та, айтылар сын да бар. Бұл – дамудың, өркендеудің белгісі. Ең бастысы – сенім мен кері байланыстың болуы. Ал медицина мен полиция қызметкерлеріне артылар жүк әрдайым ауыр. Сол жолда қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға ел ризашылығы мен құрметі зор.
Гүлнұр БАЙМҰХАН