ПОЛИЦИЯ ЖУРНАЛИСТ СҰРАҒЫН НЕГЕ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫРДЫ? ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ЕРЖАН САПАРБЕКҰЛЫ СӘДЕНОВ МЫРЗАНЫҢ НАЗАРЫНА!
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл күн ел ішіндегі тыныштық пен тәртіпке жауапты мамандарға алғыс айтылатын, олардың еңбегі еленетін уақыт. Бірақ «Алатау» газеті редакциясының екі апта бұрын 10 маусымнан бері ғимарат табалдырығын тоздырып, жіберілген сұрақтарына облыстық полиция департаменті де, оның қалалық басқармасы да жауап беруден жалтарды.
ТАРАТЫЛҒАН ПОЛИЦИЯ —
ТАБЫЛМАҒАН ЖАУАП
Елімізде «Жергілікті полиция қызметі» ұғымы заң жүзінде таратылып, оның орнына екі жаңа басқарма – Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Құқықбұзушылықтардың алдын алу басқармалары құрылмақ. Осы құрылымдық өзгерістерге байланысты Жетісу облыстық полиция департаментіне нақты сауалдар жолдағанымен, тиісті жауап алу мүмкін болмады. Редакция тарапынан нақты төрт сұрақ қойылған болатын:
– Жергілікті полиция деген не, нақты міндеті қандай?
– Екі жаңа басқарма ашылса, қызметкер саны көбейе ме?
– Жаңа басқармаларды кім басқарады?
– Қазіргі таңда облыстық ПД-да қандай өзекті мәселелер бар? Кадр тапшылығы туралы не айтуға болады?
Сонымен қатар, ПД басшысының дәстүрлі құттықтау сөзі, яғни кәсіби мерекеге орай қарамағындағы қызметкерлерге, жұртшылыққа жолдайтын лебізі мен сала ішіндегі еңбектері елеулі полициелер туралы қорытынды пікірін алу мақсатыда қойылған еді. Қоғам үшін полицияның ашықтығы мен халықпен байланысы ерекше маңызды екені баршаға мәлім. Әсіресе мереке кезінде атқарылып жатқан жұмыстарды БАҚ арқылы жария ету мен қоғам арасында өзекті тақырыпты насихаттау байланыс орнатудың басты мүмкіндігі емес пе? Егер құпия мәліметке көз салып, қол жүгірткен болсақ, оған жауап беруге тыйым салынған десе түсінеміз. Бірақ ақпарат саласының мамандарын араңдатушылар іспеттес көріп, әр жолы бір желеу табылып отырды.
Сонымен, өткен аптаның басы Жетісу ПД басқармасына барып жауапты маманның номерін алдық. Бірақ, хабарласқанымызда ол бірден «Мен Алакөлде іссапармен жүрмін, ватсапқа жазыңыз» — деп жауап қайтарды. Біз — сұрағымызды жібердік, одан жауап келмеді. Хабарлассақ — телефон көтермейді.
Аптаның жұма күні сауалдардың ресми нұсқасын сұрады. Ресми нұсқасын беріп едік — «Канцелярия қабылдамай қойды, Е-өтініш сайты арқылы жіберіңіздер» — деп талап етті. Ол жерден жауап қанша күнде келеді — деп сұрасақ, 5-10 күн дейді.Оған дейін мереке өтіп кетеді ғой, амалсыздан енді қала полициясын құттықтайық деп, Талдықорған қалалық ПД басқармасына бардық. Ол жердегі мамандар да облыстық ПД басқармасына баруымызды сұрады. Қалалық және облыстық ПД бір-біріне сілтеп, сауалдың нақты жауабын беруге асықпады. Мұндайда қазақ: «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» дейді. Жауапкершіліктің нақты иесі болмай, қоғам сұрағына үнсіздікпен жауап берілді. Бұл – бір ғана редакция емес, көпшілік қауым үшін ашықтықтың азайғанын аңғартатын белгі.
АҚПАРАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ – ҚОҒАМ ҚҰҚЫҒЫ
Полицияның жұмысы халықпен тығыз байланысты. Ашықтық пен есептілік – қазіргі заманғы құқық қорғау органдарына қойылатын басты талаптардың бірі. Әсіресе, кәсіби мереке қарсаңында атқарылған істерге есеп беру, болашақтағы жоспарлармен бөлісу – бұл қалыпты әрі қажетті тәжірибе.
Ақпаратқа қол жеткізу – Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңымен қорғалған азаматтық құқық. Мемлекеттік органдардың БАҚ сауалдарына жауап бермеуі – тек кәсіби этикаға ғана емес, заңға да кереғар дүние.
Жаңа басқармалар, кадр тапшылығы немесе жергілікті полицияның қызметі – бұл тек ішкі мәселе емес. Олар қоғамның қауіпсіздігіне, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл сұрақтар жай ғана формалды есеп емес, халыққа қажетті және пайдалы ақпарат көзі.
ҮНСІЗДІК ТЕ – ЖАУАП
Сонымен, полиция ресми құттықтау да, жергілікті полиция төңірегіндегі сұрақтарымызға да жауап бермеді. Әдетте департамент басшысы немесе ішкі істер органдарының жетекшілері мереке қарсаңында газетке алдын ала құттықтау сөзін жолдар еді. Биыл мұндай дәстүр бұзылды. Кәсіби мерекенің құрметі тек марапат қағазымен немесе салтанатты жиынмен шектелмеуі тиіс. Бұл – полиция мен халық арасындағы байланыстың көрінісі, сенімнің нышаны болуға тиіс еді.
Қазіргідей ақпарат еркін айналымда жүрген заманда қоғамның үнсіздікке тап болуы – ең қауіпті құбылыстардың бірі. Бұл – жауапкершіліктен қашу ма, әлде жүйенің ішкі түйткілдері ашылмасын деген сақтық па? Қай жағынан қарасақ та, бұл – жауабы қажет сұрақ.
АШЫҚТЫҚ – СЕНІМ КЕПІЛІ
Мемлекеттік құрылымдардың халық алдындағы беделі – ашықтық пен сенімге негізделеді. Жетісу облыстық полиция департаментінің ақпарат беруден бас тартуы – бір ғана редакцияның емес, жалпы жұртшылықтың ақпаратқа деген құқығына жасалған шектеу деп қабылдауға болады.
Кәсіби мерекеде халық тарапынан қойылған сауалдарға жауап беру, саланың тынысын танытатын, қызметтің тиімділігін көрсететін сәт болатын. Бірақ бұл мүмкіндік пайдаланылмады. Құрылымдық өзгеріс жүріп жатқан сәтте халықтың сауалына нақты кім жауап береді? Қызметтік міндеттері қайта бөлініп жатқан тұста жауапкершілік те шеңберден шығып кеткендей әсер қалдырады. Ақпарат ашықтығы туралы айтқанымызбен, қарапайым төрт сұраққа кім жауап беруі тиіс екенін ешкім дөп басып айта алмады. Сонда жұрт қайда жүгінеді, жауапты кімнен аламыз? Е-ӨТІНІШ сайтынан ба?
Мұрат КҮМІСБЕК
P.S. Біз бүтін бір полиция қызметінің абыройына көлеңке түсіруден аулақпыз. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша полиция қызметкерлерін 23 маусым – кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің табанды қызметтеріңіз – ел ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі. Жауапкершілігі жоғары салада абыроймен еңбек етіп жүрген сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілейміз. Халықпен арадағы сенім мен ашықтық арта берсін!