ҚАЛА ТІРШІЛІГІНІҢ КҮРЕТАМЫРЫ — ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ

0
35

Қаланың күре тамырына айналған қоғамдық көлік қызметінің сапасы – күн сайын мыңдаған адамның өміріне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Уақтылы қатынау, жүргізуші мәдениеті, автобустың техникалық жай-күйі, төлем жүйесінің ыңғайлылығы – бәрі жолаушы көңілінен шығуы тиіс. Алайда, кей кездері осы бағыттар бойынша тұрғындар тарапынан қоғамдық көлікке көңілі толмайтыны жөнінде редакциямызға түрлі сипаттағы талап-арыздар да келіп жатады.

Жолаушылар көбіне көліктің қозғалыс уақытының жиілігі, жүргізушілердің мінез-құлқы мен автобустардың техникалық жағдайына алаңдайды. Жаңа технологиялар мен цифрлық төлем жүйелері енгізілгенімен, қалада әлі де ескі автобустар мен шешімін таппаған автобус бағыттары жайлы да жиі айтылады. Осыған орай, қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген көзқарасын нақтылау мақсатында шағын сауалнама жүргіздік.
Қала тұрғыны Арман соңғы жылдары жаңа автобустар көбейіп, көліктің қозғалысын GPS арқылы бақылау мүмкіндігі пайда болғанына оң баға берді. Жалпы қызмет сапасына 10 балдық шкала бойынша 7 балл беретінін жеткізді.
Әлия есімді тұрғын:
– №16 бағыттағы автобуспен қатынаймын. Автобус көбіне лық толы болады, кейде 15–20 минут күтуге тура келеді. Қосымша рейс қажет. Жаз мезгілінде автобус ішіндегі желдеткіштердің істемейтіні ыстық күндері жолаушыларға едәуір қиындық туғызып жатады. Сондай-ақ QR арқылы төлем жасау мен мобильді қосымша арқылы маршрутты бақылау ыңғайлы болғанымен, ескі автобустарда алдыңғы есікке валидатор орнатылмағанын, — айтты.
Зейнеп есімді зейнеткер кей жүргізушілердің есікті тез жауып, жолаушылармен қабақ шытып сөйлесетінін, автобус аялдамалары хабарланбайтынын сынға алды. Бірақ сабырмен, мәдениетті түрде қызмет ететін жүргізушілер де бар екенін айтып өтті. Ол қоғамдық көліктің мәдениеті ең алдымен жүргізуші әдебінен басталуы тиіс деп есептейді.
Осы пікірлерге орай біз Талдықорған қалалық әкімдігінің қоғамдық көлікті басқару орталығының (ЦУПП) басшысы Берік Сарқытбаевпен тілдестік. Оның айтуынша, қала тұрғындарына қызмет көрсететін 7 мекеме бар. Олар – «Сайман», «Талдықорған-Таксопарк», «Транстал», «Ai Amira», «Майка-Инвест», «Жан-Ел» және «Ақ-Нар А» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұл мекемелер қаланың ықшам аудандарында 26 бағыт бойынша 206 автобуспен күнделікті таңғы сағат 6:00-ден кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Техникалық себептерге байланысты кей күндері барлық автобус жолға шыға алмайды. Орташа есеппен күн сайын 195-200 көлік қатынайды екен. Аталған 7 мекеме басшылары күн сайын үш мәрте – таңғы 08:00-де, түскі 12:00-де және кешкі 17:00-де қанша автобус қай бағытта жұмыс істеп тұрғаны жөнінде ЦУПП-ға статистикалық есеп тапсырып отырады.
Қаладағы 206 автобустың ішінде 55-і 2022 жылы алынған, 22-сі 2019 жылы, 3-і 2020 жылы пайдалануға берілген. Ал 126 автобус 7 жылдан артық уақыттан бері қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта бұл салада 400 жүргізуші еңбек етеді. Олардың жалақысы 2024 жылға дейін 180-250 мың теңге аралығында болса, 2025 жылдан бастап 350-400 мың теңгеге дейін көтерілген.
Төлем жүйесі жағынан жолаушыларға ыңғайлы болу үшін автобустарда ONAÝ, Alempay жүйелерімен қатар қолма-қол төлем де қолданылады. ЦУПП тарапынан валидаторлардың барлық есіктерге орнатылуына қатысты Берік Сарқытбаев өзінің де жұмысқа қоғамдық көлік арқылы қатынайтынын және алдыңғы есіктерде валидатордың болмай қалуы көбінесе ескі автобустарда кездесетінін айтты. Жаңа автобустарда бұл мәселе шешілгенімен, ескі көліктерде техникалық шектеулер бар. Бұл тарапта олардың келер жылы автобустар жаңартылған уақытта дұрысталатын жеткізді басшы.
Ал жаңа ықшам аудандар қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, №1, 10, 12, 13, 227 және 228 бағыттағы автобустар жаңадан ашылған тұрғын үйлерге қатынайды. Сонымен қатар, 2026 жылы жолдарға толыққанды асфальт төселіп біткеннен кейін бірнеше жаңа бағыт пен аялдамалар ашылып, көлік қатынасы кеңейтілетін де айта кетті.
Ал қоғамдық көліктерге күнделікті түсетін шағымдар бойынша Берік Сарқытбаев:
– Қоғамдық көлік қозғалысы тәулік бойы ЦУПП-ның диспетчерлік орталығы арқылы бақыланады. Бұл орталық автобустың қозғалыс уақыты, жүргізуші тәртібі, маршруттан ауытқу сияқты факторларды жіті назарда ұстайды. Қоғамдық көлікке қатысты тұрғындардан түсетін ең жиі шағым – автобустардың кешігуі мен жүргізушілердің мәдениетсіздігі. Биыл осы сипаттағы 2-3 жағдай тіркеліп, кінәлі жүргізушілерге тәртіптік шаралар қолданылған. Кей бағыттарда автобустардың сирек жүруі де тұрғындарды алаңдатады. Бұл мәселе бойынша ЦУПП жолаушы ағынын талдау арқылы шешім қабылдап, қажет болған жағдайда қосымша рейстер енгізіп, кестелерді қайта қарап отырады, — деген жауап қатты.
Өткен жылдары кей жекеменшік компаниялар тарапынан жүргізушілердің бірнеше ай бойы жалақы алмағаны жөнінде шағымдар тіркелгенін құлағымыз шалған болатын. Берік Сарқытбаев бұл мәселеден хабардар екенін және ЦУПП тарапынан тиісті шаралар қолданылғанын айтты. Оның қызметке 2025 жылдың сәуір айында кіріскенінен бері мұндай жағдайлар қайталанбаған. Қазіргі таңда бұл мәселе тұрақталған, барлық бағыттардағы жүргізушілер жалақысын уақтылы алып отыр.
Жаз маусымында ауа температурасы күрт жоғарылайтыны белгілі. Осыған орай жүргізушілердің киім үлгісіне де мән беріле бастады. Жұмыс барысында әдепке сай емес, қысқа немесе бейресми киім киетін жүргізушілерге қатысты тұрғындардан шағымдар түсіп жатады. ЦУПП бұл мәселеге де бақылау орнатып, тұрғындардан фото немесе видео дәлелмен түсетін шағымдар негізінде шара қолданатынын ескертті.
Осы орайда, тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Көлік қызметкерлері күніне орай сала мамандарына шынайы алғыс пен құттықтау ретінде:
– Қоғамдық көлік – тек қатынас құралы ғана емес, ол – қала тіршілігінің айнасы. Күннің ыстығына да, қыстың суығына да қарамай, таңмен таласа қызметке кірісетін жүргізуші мен диспетчер, техник пен бақылаушының еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Қала тіршілігін тоқтатпай, қозғалысты қамтамасыз етіп отырған көлік саласы қызметкерлеріне кәсіби мерекеде табыс, төзім және зор денсаулық тілейміз. Қоғам игілігі жолындағы еңбектеріңізге – мың алғыс, — деген жылы лебізін білдірді Берік Сарқытбаев.
Қорыта айтқанда, қала тұрғындарының пікірлері мен сала мамандарының ресми жауабы қоғамдық көлік жүйесінде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін, алайда шешімін күткен мәселелердің де сақталып отырғанын көрсетеді. Автопаркты жаңарту, жүргізуші мәдениеті мен киім үлгісіне мән беру, бағыттардың уақытылы жүруі – бәрі өзара байланысты кешенді жұмыс. Қоғамдық көлік – тек қатынас құралы ғана емес, ол қала тіршілігінің айнасы. Сондықтан бұл саланың сапасы – әр тұрғынның күнделікті өмір сапасының бір бөлшегі деуге толық негіз бар.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ