ТАЛДЫҚОРҒАН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА ?

0
29

Тамыздың соңғы күндері ата-ана да, бала да ерекше күйде болатын шақ. Күздің алғашқы таңымен бірге мектептердің ауласы тағы да қоңырау сыңғырына толмақ. Талдықорған қаласы жаңа 2025-2026 оқу жылын қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Бұл жолы білім ордалары тек жаңа оқу жоспары мен сабақ кестесін ғана емес, шәкірттердің білім алуына қолайлы жағдай жасайтын инфрақұрылым мен мұғалім құрамын да ретке келтіріп отыр. Биылғы оқу жылы қандай жаңалықтармен басталмақ? Қаладағы мектептер қаншалықты дайын? деген сауал бойынша Талдықорған білім бөлімінің басшысы Шынар Жүсіпқызынан алынған ақпараттар легі төмендегідей.

Жетісу облысы, Талдықорған қаласында биылғы оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Алғашқы күн білім күні салтанатты түрде атап өтіліп, 2 қыркүйек бірыңғай сынып сағатынан басталады да, сабақтар кесте бойынша жалғасады.
Қаладағы жалпы білім беретін мектептер жаңа жылды қарсы алуға дайын. 2024-2025 оқу жылының соңында 27 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеген болса, биыл білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің саны 49-ға жетіп отыр. Оның ішінде:
27 – жалпы орта білім беретін мектеп,
16 – мемлекеттік балабақша,
5 – қосымша білім беру орталығы,
1 – кешкі (ауысымды) мектеп.

БІРІНШІ СЫНЫПҚА ҚАБЫЛДАУ

Бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, 6 жасқа толған балалар ата-анасының өтініші бойынша мектепке қабылданады. Құжаттарды egov.kz порталы арқылы немесе қағаз жүзінде тапсыруға болады.
Қазақстан азаматтары үшін қажетті құжаттар:
1. Ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші
2. №065-у нысанындағы медициналық анықтама және №052-2/у денсаулық паспорты
3. 3х4 см көлемінде екі фотосурет
Шетел азаматтары үшін:
Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсаты болуы қажет. Мектепке қабылдау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу құжаты мен тиісті рұқсат қағаздары ұсынылады.
Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 3418 болашақ бірінші сынып оқушысы тіркелген. Оның 2612-сі – қазақ тілінде, 806-сы – орыс тілінде білім алады. Дегенмен, бұл сан тамыздың соңына дейін өзгеруі мүмкін. Қазірдің өзінде №5 ОМЛ, №28 IT МЛ, №4 ОМ, №29 ОМЛ, №1 ОМГ, №12 ОМ, №19 ОМГ, №9 ОМ мектептерінде толып, қабылдау аяқталған.

МҰҒАЛІМ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ

Оқу жылы мұғалімсіз жүрмейтіні анық. Биыл Талдықорғанда орыс тілі, математика, физика, география, бастауыш сынып және педагог-психолог мамандарына сұраныс бар. Бұл пәндер бойынша ұстаздар бар болғанымен, олардың саны жеткіліксіз.
Жұмысқа қабылдау конкурс арқылы өтеді. Оның негізгі кезеңдері:
1. Құжаттарды тапсыру – диплом, жеке куәлік көшірмесі, түйіндеме, медициналық анықтама (086-У), біліктілік сертификаттары.
2. Ұлттық біліктілік тестілеу (ҰБТ) – 2021 жылдан бастап жаңа педагогтер үшін міндетті.
3. Сұхбаттасу – кәсіби шеберлік, тәжірибе және әдістемелік дағдылар бағаланады.
4. Нәтиже – еңбек шарты жасалып, үміткер жұмысқа қабылданады.

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың мектепке баруына жағдай жасау мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» республикалық акциясы өтеді.
Талдықорғанда бұл шара аясында тамыздың 10-31 аралығында Назарбаев даңғылы мен Біржан сал көшесінің қиылысында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда тұрғындар қолжетімді бағадағы мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алады.
Қалада әлеуметтік осал топтан шыққан 5647 оқушы бар, олардың әрқайсысына 46 228 теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Жалпы бөлінген қаражат – 261 049 516 теңге. Сонымен қатар, 2000 бала мектеп формасы немесе қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер, депутаттар, банк филиалдары, «Қазақтелеком», «Қазпошта», төтенше жағдайлар қызметі, қорғаныс басқармасы мен мектеп ұжымдары үлес қосуда. Акция қыркүйектің соңына дейін жалғасады.
Талдықорған қаласы жаңа оқу жылын толыққанды қарсы алуға дайын. Мектептер жөнделіп, сыныптар жабдықталып, оқушылар мен ата-аналар білім күнін асыға күтіп отыр. Әр жаңа қоңырау – тек сабақтың басталуы емес, ол балалардың болашағына бастар жолдың алғашқы қадамы. Биылғы дайындық пен қамқорлықтың арқасында қаладағы мыңдаған шәкірт жаңа білім биігін бағындыруға жол тартады.

P.S Талдықорғандағы жаңа оқу жылының басталуы – тек күнтізбелік мереке емес, сонымен бірге білім беру жүйесінің жылдық қарқынын айқындайтын маңызды кезең. Биылғы дайындық барысы көрсеткендей, қаладағы білім ұйымдары құрылымдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жаңа кезеңге өтуге дайындалған. Мектеп санының артуы – қаланың демографиялық өсімінің және білім беру сұранысының нақты көрінісі. Бірінші сыныпқа қабылдау деректері де бұл үрдісті растайды: жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бала саны көбеймесе, азайып отырған жоқ.
Дегенмен, педагог тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Мұғалім жетіспеушілігі – тек Талдықорғанның ғана емес, республика көлемінде байқалып отырған құбылыс. Орыс тілі, математика, физика сияқты негізгі пәндер бойынша білікті мамандардың аз болуы алдағы оқу жылында білім сапасына ықпал етуі мүмкін. Бұл тұрғыда мұғалімдерді іріктеу конкурсының ашық әрі нақты талаптармен жүргізілуі маңызды.
Әлеуметтік қолдау шаралары – білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған нақты қадам. «Мектепке жол» акциясы және бөлінген қаржы көлемі аз қамтылған отбасылардың балаларын толыққанды білім алуға дайындауға мүмкіндік береді. Бұл – білім алуға бастар жолдағы материалдық кедергілерді азайту үшін қажет шаралардың бірі.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы бұл дайындықтар, қабылданған шаралар мен шешімдер қаладағы білім беру сапасына және оқушылардың оқу процесіне тікелей әсер ететін факторлар. Қыркүйектің алғашқы қоңырауы соғылғанда, бұл жұмыстардың қаншалықты тиімді болғанын алдағы айлар мен оқу жылының қорытындысы көрсетеді.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ