«КӨШБАСШЫ» ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ БИЫЛ АЛҒАШ РЕТ МАМАН» НОМИНАЦИЯСЫ ҚОСЫЛДЫ
Халықаралық жастар күніне арналған «JetFlow» онкүндігі аясында Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2025» жастар сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Биыл сыйлық 12 номинация бойынша жеңімпаздарды облыс әкімі атынан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.
Бүгінгі таңда Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығында 200 мыңға жуық жас бар. Солардың арасынан өз саласында жетістікке жетіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген үздіктерді «Көшбасшы» жастар сыйлығымен марапаттау – жыл сайынғы игі дәстүр. Осы сыйлықтың бір ерекшелігі – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл «Үздік жас жұмысшы маман» жаңа номинациясы енгізіліп отыр. Бұл – еңбек адамына деген құрмет, жұмысшы жастардың қоғамдағы маңызын айқындайтын игі бастама, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Биылғы жастар сыйлығында өңірдегі 500 келінді қамтыған «Жетісудың үздік келіні» жобасының авторы Арайлым Әлімжанова «Үздік жас қоғам белсендісі», талдықорғандық кондитер Жазиля Темірбекова «Үздік жас кәсіпкер», облыстық «Жетісу» газетінің саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Айдар Қалиев «Үздік жас журналист», ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы Әлихан Әскербай «Үздік жас спортшы» атанды. «Х-фактор» жобасының финалисі, бірқатар халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы, облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның әншісі Ақбота Сабыржанова «Мәдениет саласының үздік жас көшбасшысы», Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының лор дәрігері Темірлан Қылышбеков «Медицина саласының үздік жас көшбасшысы», Ақсу ауданындағы «Абубек» ШҚ басшысы, көп балалы әке Елдос Әбубеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздік жас көшбасшысы» деп танылды. Жалпы облыстың қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген жастар 12 номинация бойынша марапатталды. Әр жеңімпазға марапат ретінде арнайы статуэткалар, дипломдар мен сертификаттар табысталды. Атап өтсек, биыл жастар сыйлығын алуға 100-ден астам адам үміткер болды. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен олардың 12-сі өз саласында үздік деп танылды.
«АЛАТАУ АҚПАРАТ»