16 ЖЕЛТОҚСАН — ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ

Биыл республиканың Тәуелсіздік алғанына 34 жыл толып отыр. Бұған дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген 16 желтоқсандағы тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Президенттің айтуынша, бұл күн күнтізбеде мереке болғанымен, ол күн еске алу күні сипатында ерекшеленетін болмақ. Заңға сәйкес ұлттық мереке ретінде елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалар болған күн бекітіледі. Бұл, әрине, тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан – 86 көтерілісін еске алуға ешқандай бөгет болмайтынын байқатады.
Тәуелсіздікке қалай келдік?
1980 жылдардың екінші жартысында басталған Кеңес одағының ыдырауында Балтық елдері бірінші бөлініп шықты. Содан кейін 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдері одақты біржолата ыдыратқан Беловеж келісіміне қол қойды. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, әлемнің саяси картасына тағы 15 мемлекет қосылды. Қазақстан Кеңес Одағы тарағаннан кейін араға 8 күн салып, тәуелсіздігін жариялаған ең соңғы мемлекет еді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңес «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң қабылдады. Сол сәттен бастап Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталды.
Еліміздің тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндері көңілдегі азат ел болдық деген қуаныштың артында күмән тұрғанын жасыра алмадық: қалай болады біздің ары қарай дамуымыз, бәрі ортақ еді, енді көрпені әркім өзіне тартса не болар екен – дегендей. Жасырмаймыз – қиындықтар болды. Алғашқы жылдары күрделі сын-қатерлерден өттік .Ол кезде жетістіктердің ауылы алыстау еді.Көп ұзамай өз ақшамызды шығаруға тура келді.
1993 жылы еліміз төл валютасын қолданысқа енгізді. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Ядролық қарудан бас тартты. Шекарасын шегендеп, жаңа астанасын салды.
КСРО кезінде Мәскеудің келісімінсіз аяқ аттап баса алмайтын Қазақ мемлекеті бүгінде тәуелсіздіктің арқасында БҰҰ-ның толыққанды мүшесі, Еуроодақ, МАГАТЭ, ЮНЕСКО және басқа да аса ықпалды халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтып, өз елі мен жерін, мемлекетін басқарып отыр. Беделді халықаралық ұйымдар үшін қазіргі Қазақстан санасуға тұрарлық экономикасы мен әлеуеті жоғары деңгейде дамып жатқан мемлекеттердің қатарында.
Тәуелсіздік күні –
мемлекеттік мереке
Тәуелсіздік күні отыз бір жыл бойы еліміздің басты ұлттық мерекесі болды. Бірақ 2022 жылы президентіміз Тоқаев заңға тиісті өзгерістер енгізіп, мейрам «ұлттық мереке» мәртебесінен айырылды. Енді ол мемлекеттік мереке және тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтетін болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жерде «бәріміз тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек» екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы.
«1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге», — деген мемлекет басшысының сөзі халық арасында үлкен ризашылықпен қабылданған еді. Өйткені бұрынғыдай сол мереке күні желтоқсаншыларды көп атамауға тиым болған жоқ, керісінше, мемлекеттің басынан өткен тарихи күн ретінде орынды бағасы берілген күнге айналды.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап Тәуелсіздік күні тек бір күн – 16 желтоқсанда мерекеленетін болды. Сондықтан да қазақстандықтар бір-ақ күн демалады, ал 17 желтоқсан жұмысқа шығады.
Ал бұрын заң бойынша Тәуелсіздік күні 16 және 17 желтоқсан күндері аталып өтетін.Бұл күндер демалыс күндеріне келсе ол уақыт тіпті 3-4 күнге ұзарып кететін.Биыл біз тек 16 желтоқсанда демалып, 17 күні жұмысымызда жалғастыра береміз.
Тәуелсіздік күні
қалай тойланады?
Дәстүр бойынша Тәуелсіздік күніне облысымыздың орталығынан бастап әр ауданы мен ауылдарында салтанатты кештер, мерекелік концерттер мен Желтоқсан батырларын еске алуға арналған тағылымы мол іс-шаралар өтеді, міндетті түрде осы Тәуелсіздік мерекесіне орай берілетін мадақтаулар өтіп, әлеумет көңілін бір серпілтіп тастайды. Әлеуметтік нысандар да іске қосылып, пәтерлер де беріліп қалуы ғажап емес осы мерекеге орай. Сондай-ақ, мереке құрметіне арналған қайырымдылық шаралар мен спорттық сайыстар да өткізіледі.
Тәуелсіздік күні — 16 желтоқсанда дүниеге келген №4 орта мектептің 3 сынып оқушысы Алимамет Асад Ризаұлы (суретте) өлең жолдарын осы мерекеге арнапты:
Тәуелсіздік — тұғырым
Менің елім Тәуелсіз Қазақстан
Бейбіт жерім алтын күн, ашық аспан
Бақытты балалығым үшін саған,
Алғыс айтам,батыр халқым, даңқы асқан!
Тәуелсіз елдің батыр ұланымыз
Болашақта көкке самғар қыранымыз!
Қанатымыз талмай жетіп жеңістерге,
Желбіретіп көк туын тұрамыз біз!
Редакциядан: сөз соңында газетіміздің оқырмандарына айтар мерекелік тілегіміз — Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, қазақ елінің абыройы аспандап, дәулеті тасыған, кедейі байыған берекелі ел болсын!
Баян ТАҢАТАРОВА
