ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРНАТ БӘЗІЛ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ

0
33

10 желтоқсанда Талдықорған қаласының әкімі Е.Д. Бәзіл Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Нақты айтқанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерді жүйелі іске асыру қалай жүруде, нәтижелері қандай? – деген сұрақтарға жауаптар берілді.

Әкімнің айтуына қарағанда, жалпы экономикалық өсім 107%-ды құрады, бұл – нәтиже. Биылғы жылы газбетон блоктарын шығаратын «Стальбетон», әуе желілеріне арналған электр жабдықтарын өндіретін «DENK», «Дәмді» кондитерлік өнімдер цехы сияқты жаңа ірі жобалар ашылып, сондай-ақ «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытының жаңа желісі іске қосылды.
Нәтижесінде қалада 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып,осынша адам жұмыспен қамтылды деуге болады. Шағын және орта бизнесте,аграрлық секторда,жол құрылысында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарында жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Түнгі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Хутор», «Шығыс» шағынаудандарында және саяжайларда жалпы 2500-ден астам жарық шамдары орнатылды.
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту мақсатында «Береке» коттедж қалашығында 107 үйдің құрылысы аяқталды, «Бірлік» шағынауданында 170 пәтерлік 2 кредиттік көпқабатты үйдің құрылысы аяқталу сатысында. «Реновация» бағдарламасы аясында 19 апатты үйдің тұрғындарына жаңа баспана ұсынылды. Қаладан 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 12 мың көшет отырғызылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің 39 шатыры жөнделіп, 20 үйдің қасбеті жаңартылды. Биржан сал көшесіндегі «Арбатты» толық абаттандыру жұмыстары аяқталды.
Қала әкімі Е. Бәзіл өз сөзінде халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға барлық күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін айтып, тұрғындарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ