ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

Әр қазақ қызы – ұлтымыздың болмысы, ар-намысы, нағыз тектілігінің айнасы. Халқымыздың даналығында: «Қыз өссе – елдің көркі»,-деген қастерлі сөз бар. Бірақ осы көркіне жауапкершілікпен қарау – бүкіл ұлттың, әрбір әке-шешенің, әрбір азаматтың мойнында.
Қазақ қызының тағдыры – нәзік қана емес, ұлы жауапкершілікке толы мәселе. Мұхтар Әуезовтің: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз»,-деген сөзі осы ұлы ақиқатты айқындап тұр. Қыздың бойына дарыған ізгілік, әдеп пен мейірім ертеңгі ұрпақтың тағдырына әсер етіп, ұлттың рухын асқақтатады.
Қыз – отбасының көркі, әкенің көз қуанышы, ананың айнасы. Әке мейірімін, ана жылуын көрген қыз ғана сеніммен өседі. Отбасы берген өнеге – қыз тағдырын айшықтайтын алғашқы іргелі мектеп. Ал жақсы тәрбие алған қыз болашақта елдің арын, ұрпақтың намысын қорғауға дайын тұлғаға айналады. Сонымен қатар, қыз тағдыры тек әулеттің емес, бүкіл қоғамның қолында. Қоғам қызға қадір көрсетсе, оны ардың, ұяттың, иманның белгісі деп бағаласа – ұлттың да еңсесі биік болмақ. Ал қыз қадірін жоғалту – болашақ ананың жүрегін жаралап, сол арқылы тұтас ұрпақтың келешегіне сызат түсіру. Қыздың мінезінен – халықтың салты, сөзінен – мәдениеті, жүрегінен – елдің рухани бейнесі көрінеді. Сондықтан қыз тағдыры – жеке адамның емес, тұтас елдің тағдыры десек, артық айтпағанымыз.
Алайда бүгінгі қоғамда қыз тәрбиесіне бірдей көзқарас қалыптаспағаны – үлкен мәселе. Кей жерде қызға мән беріп, оның ар-намысын қорғауды басты міндет санаса, енді бір ортада қыз тағдыры екінші кезекке ысырылып жатады. Осыдан барып қызға көрсетілетін құрмет пен жауапкершілік әлсірейді. Қыздың білім алуына, өз ойын ашық айтуына, қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасалмаса, оның болашақ өміріне де салқынын тигізері анық.
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ
ҚОРҒАНЫШЫ БАР МА?
Соңғы жылдары қоғамда қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың, қылмыстың, қысымның жиілеуі – біздің ортақ қасіретіміз. Ел болашағы саналатын қыздың қорғансыз қалуы, лайықты заңдық қорғаныштың жетіспеуі, кей жағдайда әділдіктің өзіне қол жеткізудің қиындығы – қыз тағдырына төнген үлкен қауіп. Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, ұлттық деңгейдегі дабыл.
Қыз тағдырының күрделенуіне ақпараттық кеңістіктің де әсері бар. Жаһандану заманында әлеуметтік желілерде тараған түрлі теріс бағыттар, жеңіл пікірлер, құндылығы төмен дүниелер жасөспірім қыздардың санасына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда қыздың бойындағы табиғи ұяңдық, инабаттылық, ұлттық тәрбие әлсіреп, оның орнына сыртқы көзқарасқа тәуелділік, өзін бағаламау сынды мәселелер орын алуы мүмкін.
Бұған қоса, қоғамдағы экономикалық теңсіздік пен әлеуметтік жағдайдың қиындауы да қыздар тағдырын ауырлатып отыр. Кей өңірлерде жағдайдың төмендігі қыз баласының толыққанды білім алуына, дамуына кедергі жасайды. Қаржылық тапшылық салдарынан кей қыздар ерте жұмыс істеуге мәжбүр болып, өз армандарын кейінге ысырады. Мұндай ортада қыздың өзін-өзі дамытуы, өзіне сенуі де әлсірейді.
Жаңа ғасырдағы жағдай мүлде басқа. Бүгінгі қоғамдық өзгеріс, әлеуметтік қиындық, рухани құндылықтың әлсіреуі кейбір қыздарды жеңіл жолға итермелеп отыр. Тұрмыстың ауыртпалығы, жұмыссыздық, қалаға келген жас қыздардың өмір тауқыметінен шаршауы, жеңіл ақша табуға деген құмарлық – мұның бәрі оларды ардан аттауға жетелейтін негізгі себеп. Бұған отбасы тәрбиесінің әлсіреуі «құлақтың қасуына масаның басылуы» болып отыр. Жаһандану дәуіріндегі тынымсыз тірліктің салдарынан ата-ананың баласына жеткілікті көңіл бөлмеуі, отбасындағы мейірім мен жылулықтың жетіспеуі, ажырасулардың көбеюі де – қыздың өмір жолына ауыр салмақ түсіреді. Осындай жағдайда қыз сыртқы ықпалға тез еріп, теріс ортаға тап болуы ғажап емес.
ҚЫЗДАР ӨЗДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?
Осы тақырыпқа байланысты өз құрбыларымның ой-пікірін сұрап көрдім. Барлығының да жауаптары әртүрлі болғанымен, түпкі мазмұны бір арнаға тоғысып жатты:
Мәдина 25 жаста: Қазір қыз болу – бұрынғыдай тек әдемілікпен өлшенетін дүние емес. Қыздар өз арманына жетуге, білім алуға тырысады, бірақ қоғамның қысымы бәрібір көп. Көшеде қорықпай жүре алмайсың, интернетте сауатсыз пікірлер толып тұр, қыздың әр әрекетін сынайтындар бар. Қыз тағдыры ата-ананың ғана емес, қоғамның да қолында екенін бәрі айтқанымен, іс жүзінде қызды қорғауға келгенде көптеген адам үнсіз қалып кетеді. Сол үшін қыздарға қауіпсіз орта керек – бәрі осыдан басталады.
Айша 18 жаста: Менің ойымша, қызға ең қажет нәрсе – түсіністік. Көп ата-ана қызымен ашық сөйлеспейді, проблемасын тыңдамайды. Сосын қыз басқа жерден жылу іздейді, сол кезде қателік басталады. Әлеуметтік желіде бәрі әдемі өмір көрсетеді, қыздар соған сеніп қалады. Өзін бағаламайтын, өзіне сенбейтін қыздардың көбейіп кетуі – үлкен мәселе. Қыздың рухани әлеміне, психологиясына көңіл бөлінсе, бәлкім, қазіргі көптеген қиындықтың алдын алуға болар еді.
Гүлдана 19 жаста: Меніңше, қазақ қыздарының мәселесі – екі әлемнің ортасында қалуы. Бірі ұлттық құндылықты талап етеді, екіншісі заманауи көзқарасты итермелейді. Осы екі жолдың ортасында жүрген қыздың өзіне қиын. Кейде қоғамның күткен бейнесіне сай боламын деп, өз табиғатынан алыстап кететіндер бар. Ал шын мәнінде қызға керек нәрсе – еркіндік емес, жауапкершілікпен үйлескен тәрбие. Ұлт болашағы қыздың қолында десек, онда қызды тәрбиелеу – ең үлкен міндет.
Құрбыларымның пікірлері бүгінгі қазақ қыздарының қандай ортада өмір сүріп жатқанын анық көрсетеді. Қоғамда қызға айтылатын талап көп болғанымен, сол талапты қолдайтын жағдай әркезде жасала бермейді. Бұл – ең өзекті мәселе. Қыздардың сөзінен өз болашағына деген сеніммен қатар, уайымның, қорқыныштың, қорғансыздықтың да бар екенін аңғаруға болады.
ЖІГІТТЕР ҚАУЫМЫ НЕ ДЕЙДІ?
— Заманауи қыздар қандай?
Берік 20 жаста: Қазіргі заманауи қыздар өзіне сенімді, мақсатшыл келеді. Өзіне күтім жасайды, білімге де, карьераға да мән береді. Әдемі жүріп-тұруды, стильді болуды жақсы көреді.
Ұлағат 22 жаста: Қазір заманауи қыздар дегенде — жауапкершілігі бар, өз мақсаттары айқын, өзін дамытудан қашпайтын қыздарды елестетемін. Сыртқы сұлулықтан бұрын мінезі, тәрбиесі, қарым-қатынастағы мәдениеті маңыздырақ. Өмірге деген көзқарасы позитивті.
Мұстафа 21 жаста: Қазіргі қыздардың көпшілігі тым тез есеюге тырысатын сияқты. Барлығы әдемі көрінуге, әлеуметтік желіде жақсы өмір көрсеткенге құмар. Кейде табиғилық пен қарапайымдылық жетіспейді. Кейбірі бәрін тез алғысы келеді, бірақ жауапкершілікке келгенде қашқақтайды. Дегенмен, еңбекқор, өзін сыйлайтын, шынайы қыздар да көп. Тек кейде қыздардың тым сыртқыға мән беріп, ішкі әлемін екінші орынға ысырып қоятындары қынжылтады.
Жалпы алғанда, бүгінгі жас жігіттердің көзқарасы осындай. Олар заманауи қыздардың өзін дамытатын, мақсатшыл болғанын жоғары бағалайды. Дегенмен, сыртқы көрініске тым көп мән беріп, табиғилық пен қарапайымдықтан алыстап кететіндерге қатысты сын да бар. Жігіттердің айтуынша, әлеуметтік желідегі жасанды өмірге ұмтылу, жауапкершіліктен қашу сияқты тенденциялар жиі байқалады. Соған қарамастан, олар шынайы, тәрбиелі, еңбекқор қыздарды құрметтейтінін айтады.
ӘЙЕЛ ҚАУЫМЫНЫҢ ПІКІРІ
Осы тақырып аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Журналистика кафедрасының меңгеруші, оқытушы Каримова Бибігүл ханымнан сұрап көрдім:
-Қазіргі қыздарға көңіліңіз тола ма?
Cұрағың орынды, десек те жалпы сұрақ. Қыз балаға деген көзқарас адамға, ортаға, тәрбиеге байланысты өзгереді. Қазіргі қыздардың арасында білімді, тәрбиелі, мақсат қоя білітіндер көп. Сонымен бірге, қоғамның ықпалына еріп, құндылықтан алыстап жатқандары да жоқ емес. Маңыздысы – жеке адамды жеке әрекетімен бағаламау керек деп ойлаймын. Барлық қыздарға бірдей баға беру – әділетсіздік те болуы мүмкін. Қыздардың бойынан жақсы қасиеттерді көргіміз келсе, оларға қамқор болатын ер азаматтарымыз көп болу керек. Сонда қыздарымыз қылықты, сүйкімді, намысшыл болады деп ойлаймын.
— Қызым үйде, қылығы түзде дегенді қалай түсінесіз?
«Қызым үйде, қылығы түзде» – халық мақалы. Оның мағынасы: қыз бала тәрбиеде жақсы көрінгенімен, сыртқа шыққанда шынайы мінезі мен тәртібі байқалады. Үйде инабатты, тәрбиелі болып көрінген қыздың шынайы тәрбиесі мен болмысы қоғамда, сырттағы жүріс-тұрысынан көрініс береді. Кез келген қыз тәрбиелеп отырған ата-аналар қыз баланы шынайы өмірге, ортада өзін дұрыс ұстай білуге тәрбиелеу керек. Қыз баланың абыройын, мінез-құлқын, сырттағы жүріс-тұрысын бақылап, бағыттап отыру өте қажет. Демек, тәрбиенің сапасы қыздың сырттағы қылығынан танылады деп ойлаймын.
ҮЙДЕГІ ТӘРБИЕ МЕН
СЫРТТАҒЫ ЕРКІНДІК
Меніңше, адасудың басты себебі – үйдегі тым қатал тәрбие сияқты. Қазақ қызы тек отбасының емес, бүкіл ұлттың айнасы екенін айтамыз. Бірақ айнаға шаң түссе, оны сүртіп тазартатын – сол айнаның иесі. Яғни, қыз тағдырына әсер ететін жағдайларды қалыптастыру – қоғамның әр мүшесінің міндеті. Тәрбиені тек отбасына жүктеп қою жеткіліксіз. Мектеп, орта, ақпараттық кеңістік, заң, қоғамдық мәдениет – бәрі бірігіп жұмыс істеуі тиіс.
Бүгінгі қыздың алдында екі үлкен сұрақ тұр: «Мен кіммін?» және «Мен қандай ортада өмір сүріп жатырмын?» Егер екінші сұраққа берілетін жауап көңіл көншітпесе, қыздың өзін табуы да қиындайды. Сондықтан қоғам қызға бағыт көрсететін емес, алдымен оның қауіпсіз, ашық түрде өсуіне жағдай жасайтын орта қалыптастыруы керек. Жақсы тәрбие – тек тыйым емес, сенім мен жан жылуы екенін естен шығармау қажет.
Бүгінде қыз тәрбиесінің негізгі проблемасы – тәрбие мен бақылаудың арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы. Бір отбасы шектен тыс қатал болса, екіншісі тым еркіндікке жол береді. Екі жағдай да қыздың тұлға болып қалыптасуына кері әсер етеді. Қызға бағыт көрсетудің орнына талап қою немесе керісінше, еркелетіп шектен тыс еркіндік беру – болашақта оның өмірлік ұстанымын әлсіретуі мүмкін.
Осылайша, қыз тағдыры – бір отбасының ғана емес, тұтас елдің рухани деңгейін көрсететін айна. Егер біз қыздың қадірін түсінсек, оның абыройын қорғай білсек, онда ұрпақтың да, ұлттың да болашағы жарқын болмақ. Бүгінгі қыздың сенімі – ертеңгі елдің күші. Сол себепті қазақ қызына жасалған әр қамқорлық – Қазақстанның ертеңгі сапалы ұрпағына жасалған инвестиция екенін ұмытпауымыз керек.
Қорытындылай келе, қазақ қызының тағдыры – тек тәрбие мәселесі емес, бұл ұлттың рухани бет-бейнесін айқындайтын үлкен құндылық. Қыздың жүрегінде сенім, жанында қауіпсіздік, өмірінде қолдау болса – ол мықты ана, арлы азамат, рухы биік тұлға болып қалыптасады. Ал қыздың тағдырына салғырт қарау – ұлттық болмыстың әлсіреуіне әкелетін ең үлкен қауіп. Сондықтан қоғам болып қызға қамқор болу – елдің ертеңін қорғаудың ең дұрыс жолы.
Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ
