ЗОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚҰРА АЛАМЫЗ БА?

0
37

Әлемде жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні, ал 10 желтоқсан – Адам құқықтары күні болып атап өтіледі. БҰҰ қабылдаған бұл бастаманың негізінде әлем елдері, соның ішінде Қазақстан да 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» науқанын өткізеді. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ащы хабарлар бүгінгі қоғамның жүрегін сыздатып, алаңдаушылығын үдете түсуде. Соңғы кездері орын алған қылмыстардың ортақ сипаты – олардың айрықша қатыгездікпен жасалуы. Бұрын «жанжал», «даурығу» деп жеңіл қарайтын кейбір жағдайлар бүгінде адам өмірін қиюға дейін жетіп отыр. Жақында облысымызда резонанс тудырған Ақсу ауданындағы қайғылы оқиға да бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын ескерткендей.

 

Биыл бұл акция Жетісу облысында да кең көлемде ұйымдастырылуда. Оның жай-жапсары жөнінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-нің басшысы Қадыров Сұңқар Сапарұлы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Белгібаева Мадина Айдосқызы және Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Байгозинов Серік Өмірханұлы БАҚ өкілдеріне толық ақпарат берді.

Зорлық көргендерге
көмек көрсету орталығы

2018 жылы Талдықорған қаласы әкімінің № 44 қаулысына сәйкес құрылған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» бүгінде зорлық көрген жандардың қауіпсіз мекеніне айналып отыр. Орталық ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 6 наурыздағы №72 бұйрығына сәйкес қызметін атқаруды бастаған.
Мұнда 55 адамға арналған жатын орын бар. Оның 35-і әйелдерге, 20-сы балаларға арналған. Құрбандарға әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, экономикалық, тұрмыстық, медициналық және психологиялық қызметтер толық көлемде көрсетіледі. Құқықтық кеңес те, психологиялық қолдау да, әлеуметтік бейімдеу де – барлығы бір орталықтан жүзеге асады.
Аталған орталықтан көмегіне зәрулерге алты ай мерзімге дейін уақытша тұруға мүмкіндік беріледі, ғимарат қажетті жиһазбен жабдықталған, тұрмысқа қолайлы жағдай әзірленген, қызмет көрсетуді жеделдету үшін автокөлік құралдары да қарастырылған .
– 2018 жылдан бері орталыққа 927 адам жүгінген, олардың 276-сы – әйелдер, 651-і – балалар. Жүгінгендердің барлығына қажетті әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлік пен киім-кешек және гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген, — дейді Сұңқар Сапарұлы.
Орталықтың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Жетісу облыстық Полиция департаменті, Әділет департаменті, адвокаттар алқасы, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері, «Жанұя» орталықтары, «Жастар» спорт кешені, Оқушылар үйі, театр, орталық мұражай және басқа да ұйымдармен екіжақты меморандум жасалған. Осы келісім аясында жыл бойы жоспарлы іс-шаралар іске асырылады .

Жалпы, 2025 жылы орталыққа 136 адам (36 әйел, 100 бала) жүгінген. Оның ішінде мектеп жасында – 49 бала болса, мектепке дейінгі жаста – 51 бала. Қазіргі таңда 26 адам (7 әйел, 19 бала) орталықта тұрып жатыр. Олар киім-кешекпен, азық-түлікпен, гигиеналық заттармен қамтылған. Барлығы толық медициналық тексеруден өтіп, психологиялық жағдайы бақылауға алынған. Мектеп жасындағы балалар Талдықорған қаласындағы 19 орта мектепке орналастырылып, оқу құралдары мен қажетті киімдермен қамтамасыз етілген.
Тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен жандарға тәулік бойы жұмыс істейтін 1301 қалалық, 8 (7282) нөмірлері және WhatsApp арқылы 8 700 710 82 66 желісі қызмет етеді. Күні бүгінге жейін қауырт желіге жүгінген 663 адамға психологиялық және құқықтық кеңес берілсе, олардың 179-ы орталыққа орналастырылған. Биылдың өзінде 129 адам хабарласып, 24 адам уақытша баспанамен қамтылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында орталық жыл басынан бері 286 іс-шара өткізген. Сондай-ақ 2024 жылы Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер қоғамның қауіпсіздігін арттыруға үлкен серпін берді. 2024 жылғы 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Бұған дейін әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралған ұрып-соғу немесе жеңіл дене жарақатын салу енді қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Бұл өзгерістер халыққа құқық қорғау органдарымен бірлесе кеңінен түсіндірілуде.
Ағымдағы жылғы акция аясында арнайы жоспар әзірленіп, 26 қараша күні «Жанұя» отбасын қолдау орталығының бастамасымен «Отбасы игілігі үшін серіктестік: қауіпсіздік пен қолдау жолындағы өзара іс-қимыл» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Жетісу облысының әйелдер істері жөніндегі комиссия, адам құқықтары жөніндегі өкіл, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы, «Жанұя» орталықтары, Полиция департаментінің әйелдерді қорғау бөлімшесі қатысты. Шараның мақсаты, тұрмыстық және гендерлік зорлықтың алдын алуда ведомствоаралық әрекеттестікті күшейту және жәбірленушілерге жүйелі қолдау көрсету.

«ЖАНҰЯ» отбасын қолдау орталығы

Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл науқанында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы нөлдік төзімділік қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарды.
Науқанның алғашқы күнінен бастап орталық мамандары полиция және қоғамдық комиссиялармен бірлесіп, жастар мен студенттер арасында кең ауқымды ақпараттық кездесулер ұйымдастырды. Шара барысында заңгерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жәбірленушілердің қайда және қалай көмек сұрай алатынын, қауіп белгілерін қалай анықтау керектігін түсіндірді. Сонымен бірге қатысушыларға алғашқы әрекет алгоритмдері жөнінде кеңес берілді.
Жастардың қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру мақсатында «өзін-өзі қорғау» және зорлықтан сақтану бойынша арнайы тренингтер өтті. Бұл жаттығулар жас буынның өз құқығын қорғауға, қауіп-қатерді дер кезінде тануға үйретеді.
Орталық қоғамда зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік идеясын кеңінен насихаттап, тұрғындарға сенім телефондары, дағдарыс орталықтары мен құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі туралы ақпарат таратты. Мұндай кең қолжетімді ақпараттық жұмыс кез келген азаматтың қажет жағдайда көмекке жедел қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Халықаралық сипатқа ие «16 күндік белсенді іс-қимыл» акциясының басты мақсаты – әйелдерге, қыздарға және балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою және алдын алу. «Жанұя» орталығы бұл бағытта құқық қорғау органдарымен, әлеуметтік қызметтермен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп, қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосуда.
Гендерлік зорлық-зомбылық – тек жеке отбасының емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан бұл науқан зорлықтың алдын алу жүйесін күшейтіп, тұрғындардың ақпаратқа және қолдауға қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Орталық барлық мемлекеттік органдарды, білім беру мекемелерін, үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтарды осы бастамаға белсенді қатысуға шақырады.

Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы

Жетісу облысында акция аясында кең көлемді ақпараттық-ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Халықпен кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, жедел желілердің ұйымдастырылуы, дөңгелек үстелдер, мекемелер мен білім беру ұйымдарындағы семинарлар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтеді. Сонымен қатар, зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріліп, қауіпсіздік жадынамалары таратылуда.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы» атты жаһандық бастама әлемнің 180-нен астам елін біріктіріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне назар аударуды, отбасылық құндылықтарды нығайтуды және халықтың қолжетімді қорғану тетіктері туралы ақпараттандыруды мақсат еткендіктен, акцияның маңызды бағыты – агрессорлармен жұмыс жүргізу және қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыт бойынша мамандар отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға жол бермеу үшін кешенді шараларды қолға алмақ.
– Ағымдағы жылдың басынан бері облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 175 қылмыстық іс және 1076 әкімшілік іс тіркелген. Құқық бұзушыларға 2093 қорғау нұсқамасы рәсімделіп, соттар 423 ерекше талап орнатқан. Бұл көрсеткіштер мәселенің өзектілігін және алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айқын көрсетеді, — дейді Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Серік Өмірханұлы.
Жетісу облысының Полиция департаменті мемлекеттік органдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және қоғамның белсенді мүшелерін акцияға белсенді қатысуға шақырады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Байқағанымыз, өкінішке орай, өңірімізде тұрмыстық зомбылықтар биыл 37 пайызға көбейген. Соған қарағанда қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау мекемелері тек Біріккен ұлттар ұйымының аталған күндері ғана емес күнделікті өмірде күрес жүргізіп отырғаны дұрыс-ау.
Ол үшін не істеу керек? Отбасылық мәдениетін, ондағы адамдардың ара-қатынасын реттеу тәрбиесі, қоғамдық орындар мен қызметте өзін-өзі ұстау тәртібі сияқты қазір ешкім мән бермей кеткен адами қатынастарды жандандыру керек сияқты. Бірақ қалай жандандырамыз? Тек жанжал бітіп, зорлық іске асып кеткен соң ба?
Осы орайда қазір соты Талдықорғанда жүріп жатқан Ақсудағы әйелін өлтірген азаматтың ісін еске түсірсек, оның қылмысын дәлелдеу үшін жерленген әйелінің денесін қайта ашып тексеруге тура келген. Ұрып өлтірген себебі әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлескені.
Сол үшін әйелін өлтіруге дейін барған ауыл әкімінің санасы зомбылыққа жол беріп тұраны ғой сонда. Бірақ, министр Бишімбаев та сол төңіректегі жан ғой. Қалай десек те,тұрмыстағы зорлық-зомбылық – бір адамның емес, бір отбасының емес, бүкіл қоғамның қайғысы. Оны жою үшін заң да, мекеме де, маман да жұмыс істейді. Бірақ ең маңыздысы – қоғамның үнсіз қалмауы, әрбір азаматтың бейжай қарамауы.
Зорлық-зомбылықсыз өмір – жай ұран емес. Ол адам құқығын ең жоғары құндылық деп бағалайтын қоғамның таңдауы. Бұл жолда бірлік, қолдау және жанашырлық қана бізді алға бастырады.

Егер Сіз зорлық – зомбылық көріп жатсаңыз, 24 сағат бойы істейтін мына номерлерге хабарласуыңызға болады:
1301, 8(7282)28-00-05,
41-53-13 немесе
ВАТСАП номері
8 700 710 82 66

 

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН