Отбасында банкир кім?

0
20

Редакциядағы қыздардың бір сәт компьютерден бастарын көтеріп, тықылдатып клавиатура басқаннан қолдары босаған сәтті пайдаланып бәріне сұрақ қойдым: — қыздар, миымызды сергітейік, басқа тақырыпты талдайық. Үйлеріңде ақшаны кім ұстайды, осы? Өзің бе, күйеуің бе? Ақша бітіп қалғанда не істейсіңдер? Мен үшін қызық сияқты бұл тақырып. Өйткені отбасындағы кикілжіңдер ақшадан басталатын сияқты.
— Охо, мынау қызық сұрақ екен! — деді бірінші болып жауап қатқан Нұржамал.
— А зачем вам это надо? — деді орысша оқыған Гүлжахан.
— Ой, ақшаны жұмсайтын әйел ғой. Үйдегі еркек ақша ұстаса күйеуге тиіп нем бар? — деп қалды Гүлсара.
Осылайша әрқайсысы бір-бірлеп өз пікірінен хабар беріп жатты. Ортамыздағы жалғыз жігіт Самат қана болатын. Ол да өз ойын айтып қалды.
— Ақша ұстаған адам үйдегі шаруаның бәріне жауапты болады. Сол үшін мен қолымдағы ақшаның бәрін әйеліме беремін. Не істесе де өзі біледі. Тек мені мазаламаса болды «ақша жоқ, бітті!» — деп. Әйел деген ері берген ақшаны ұқсатып жұмсап, ешкімге қарызданбай, көрпесіне қарай көсіліп, не болса соны сатып ала бермей, той сайын жаңа көйлек ала бермей, үнемдеп жұмсауы керек. Қысқасы, келесі айлыққа дейін қысылмай жетуіміз керек. Мен әйеліме осындай шарттар қойып, оның орындалуын талап етем — деген Саматтың сөзі бізді ойлантып жіберді.
Сәл паузадан кейін әңгімеге Гүлжахан араласты. Ол ойын орысша жеткізді. Бірақ мен оны қазақшалайын сіздерге түсінікті болу үшін.
— Мен өзімнің айлығымды күйеуіме беремін. Өйткені мен ақша жұмсай алмаймын. Керек емес дүниелерді қызығып алып қоямын да, несие төлемек түгілі тамаққа ақша жетпей қалады… Ол болса өте үнемшіл. Ал мен бес ұлдың ортасында еркелеп өскен жалғыз қыз болғандықтан ақшаны білгенімше жұмсап үйренгенмін. Күйеуім болса тұрмысы тапшылық көрген отбасынан болғандықтан шығар, ақшаның бәрі есепке алынады. Есесіне менің құлағым тыныш, үйде бәрі бар. Тоңазытқышты азыққа толтырып қояды, күнделікті нан-сүтке өзі барады, коммуналдық төлемдер мен машина алған несиемізді өзі уақтылы төлейді. Біз киімді ай сайын жаңартпаймыз.
— Ойбууу, сен жындысың ба айлығыңды күйеуге беріп! Мен ондай күйеумен тұрмас едім, ақшаны күйеуіме беретін болсам маған байдың керегі не? — деп Гүлсара шықты.
Көп сөйлемейтін Мәрия қызымыз:
— Менің күйеуім таксист, тапқан табысын қолыма ұстатады. Керегіңді ал дейді. Ал мен ол ақшаны жұмсағым келмейді. Шаршап жүріп тапқан табысын шашқым келмейді өзіме жұмсап, тығып қоямын. Оған ақша керек кезде беремін. Өз айлығымды үнемдеп жұмсаймын…
Қызық болды өзі, қыздар қыза-қыза айлықтың төмендігі мен бағаның шарықтауына үкіметті кінәлап, біз қашан байимыз, бала өсіріп оқыту да ақша, бәрі ақша, журналистен кедей адам жоқ шығар біздің қоғамда — деп тақырып басқа жаққа кетті …
Міне, осылайша отбасындағы ақшаның банкирі кім деген тақырыпты талдауда пікір әрқилы екенін байқадық. Қалыптасқан әдет бойынша, ер адам табыс табады, ал әйелі — ол табысты құрайды, шаңырақтың игілігіне жұмсап, отбасының ырысын шашпай, аз тапсын — көп тапсын, азаматының табысын ұқсатып отырады дегенмен, барлық отбасында бұлай емес екен.

Отбасында ақшаның маңызы

Осы тақырыпқа ел не дейді екен деп ғаламторды біраз шарлағанда ақша жұмсаудың қыр-сырын ғалымдар да зерттейді екен. Олардың тұжырымына қарасақ, ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісі көбіне неден туындайтыны анықталған. Ұрыс-керістің себептерін ғалым болмасақ та күнделікті өмір тәжірибесінен байқағанымыз бар ғой, ғалымдардың зерттеуі тура біздің ойлаған ойларымызбен дөп түсті. Соларды айта кетсек:
Үшінші орында — үйдегі шаруашылық міндеттерді дұрыс атқармауға байланыс-ты ұсақ ұрыс-керістер орналасқан.
Екінші орын – жұптардың бір-біріне деген қызғанышы.
Бірінші орында — ақшаға байланысты жанжал тұр екен.
Осы пікірдің нәтижесіне қарайтын болсақ, отбасылық қарым-қатынаста ақшаның қаншалықты маңызды екенін көреміз. Егер жұптардың бірі қаржылық жағынан екіншісіне тәуелді болса проблема туындамауы мүмкін емес. Шаңырақ құрған алғашқы кезде гүл мен кәмпит сыйлау кезеңі саябырлап, отбасылық мәселелер басталатыны романтикалық қарым-қатынасты біраз сейілтетіні рас. Алда тұрмыс қажеттілігі бірінші орынға шығады. Әкелер мен аналардың «махаббаттарың нан біткенде ол да бітіп қалмасын!» деп ескертуі тегін емес.
Шынайы өмірде қаржы мәселесі маңызды рөл атқара бастайды. Ақша көптеген отбасыларда реніштің себебі болып табылады. Тұрақты табысы жоқ отбасында жұмыссыздық жайлаған кезде махаббатты сақтап қалу өте маңызды. Олай болмаған жағдайда сезімге салқындық түседі.
Байқауымша, ерлі-зайыптылардың екеуі де табыс тауып, жұмыстары бар болса отбасылық ақшаға байланысты реніштер болмайтын тәрізді. Өйткені бәрі жеткілікті ғой. Ал ері күреп ақша тауып, әйелі отбасы, ошақ қасында жүрсе оның еріне тәуелділігі арта түседі немесе керісінше, ері үйде бала бағады, ал әйелі жұмыс істеп ақша табады.
Есіңізде ме, 90-шы жылдары ала сөмке арқалап, әйелдердің отбасын асыраған кездері…Қазір де саудада тұрғандардың көбі әйелдер екенін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Ер адамды ез ету ақша тауып отырған әйелге байланысты қиын сұрақ. Қысқасы, табыс табушы – ол отбасын асыраушы болғандықтан отбасылық бюджетті өзі басқарады. Басқаша айтсақ, үйдегі банкир. Дегенмен, жұмысбастылыққа салынған әйелдер еркекке аса ұнай қоймайды. Ер адам өзін шаңырақтың иесі сезінуден қалады. Сонымен әйелдің жұмысбастылық мәселесінің кері жағы осындай көрініске апаруы мүмкін… Сіз не дейсіз бұған?

Баян МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ