ПОЛИАНДРИЯ – БІРНЕШЕ КҮЙЕУМЕН БІРГЕ ТҰРУ

0
15

Осы бір қызық болса да күрделі, біздің қоғамымызға жат тақырыпты біз газетіміздің өткен жылғы 5 желтоқсандағы санында 1 бетте жариялаған болатынбыз. Оған себеп болған мәселе Мәжілісте ер азаматтардың көп әйел алуын заңдастыру туралы көтерілген тақырыпқа  қоғам белсендісі, продюсер Баян Алагөзованың  әйелдерге де көп күйеумен тұруын заңдастыру туралы ұсынысы еді.  Осы жарияланымнан кейін редакциямызға хабарласқан оқырман ер-азаматтар көп болды. Олар ерлердің намысын қорғап, айтқан уәждерінің  бәрін болмаса да, орынды деп тапқан пікірлерін жариялауды жөн көрдік. Оқырмандардың аты-жөні өзгертіліп және жазғандары  түпкі мағынасы сақталып, бірақ өңделіп берілгенін ескертеміз.

Дәулет Ахметов:

— Алдымен «матриархат» пен «патриархат» деген сөздердің мағынасын ажыратып алайық. Матриархат дегеніміз  ертедегі адамдардың алғашқы  қоғамындағы әйел басқарған қауым. Бұл қоғамда әйелдердің үстемдігі жоғары болды. Ол үстемдіктің болу себебі әйелдің тұрмысты билеу ақылы мен қауымды басқару  шеберлігі, икемділігі  алғашқы қауымдық қоғамда қажет болған шығар. Ал біз білетін алғашқы қауымдық қоғамда әйел күйеуін  аң аулап, мамонтты  әкелуге жіберіп, лашығында немесе үңгірде  лаулатып  от жағып отыратынын  оқыдық. Кейбір тарих зерттеушілері матриархаттың адамзат тарихында болғанына күмән келтіріп жатады. «Әйелдің шашы ұзын,ақылы қысқа» деген мақалдар мүмкін, сол кезде пайда болған шығар.

Ал патриархаттық қоғамды, өздеріңіз білетіндей, адамзат тарихының дамуындағы қажеттілік – ерлердің үстемдігі. Міне, біз қазір патриархаттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ерлер мен әйелдердің қоғамдағы орны мен атқаратын міндеті әртүрлі. Мен интернеттен оқып алған емес, өз ойымды айтсам, қазір Алагөзова айтқан көп күйеулік жүйе бізге жат нәрсе. Ол қоғамды артқа, кері сүйрейтін құбылыс. Біздің қоғам ерлер басқарып отырған патриархаттық жүйедеміз. Алагөзова әйелдігін білдіріп, тек әйелдік эмоциямен айтып отыр, ерлер төрт әйел алса біз де қалыспайық  дегендей.

Бір мезгілде бірнеше жігітпен жүретін әйелдер бар шығар, бірақ бір төсекте бірнеше күйеумен қазақ әйелдері тұра алмайды. Мен оларды ондай қылыққа қимаймын және  қазақ әйелдері оған бармайды деп ойлаймын.

Қасымбек Бөлтіріков:

— Біздің қоғамдағы әйелдер ондай «жетістікке», меніңше, бармайды. Оған адамның физиологиялық таңдауы керек пе, жоқ, басқа мәселе ме, білмеймін, миым жетпейді. Қараңызшы, қыз үшін, әйел үшін ер адамдар шайқасып, таласып жатады емес пе? Тіпті жынысы ұрғашы үшін жануарлар да шайқасады. Ал бір әйелдің бірнеше күйеуі болуы оғаш екен, тіпті естіген құлақ та шошиды одан. Сіздер жазған Тибеттік ағайынды кісілердің әйелі болудан сақтасын құдайым. Ол деген жабайылық қой. Тіпті айтар сөзім жоқ…

Дархан:

— Сіздердің жазған тақырыптарыңызды қызыға оқып шықтым. Бірден интернетке кірдім бұл не деп. Себебі мұндайды бұған дейін естімеппін. Сіздер жазған екі күйеуі бар әйел талдықорғандық па? Қазақ па? Сеніңкіремей тұрмын жазғандарыңызға. Ислам дінінде мұндай жоқ шығар.

Санат Бекбосынов:

(орысша сөйлейтін жігіт екен, аударма жасадық – ред.!)

— Мен, расын айтсам, қазақша оқымаймын сөйлемеймін, орысша ортада өстім. Бірақ жігіттерден естідім сіздердің жазғандарыңызды. Қызық екен тақырып. Мен қазақша білмесем де дінге сенетін адаммын. Сондықтан айтарым, мұсылман дініндегілер үшін Құдай ер адамдарға 4 әйел алуға рұқсат берсе де, әйелдерге ислам діні көпкүйеулікке тыйым салған. Себебі, ол әйел қай еркектен екіқабат болып қалғанын біле алмайды. Сол себептен ол туып алған  баласына «сенің әкең мынау» деп жатқан еркектерін көрсете алмайды. Қайдан біледі ол кімнен көтергенін? Ал Тибет әйелдері ағайынды жігіттерге тиген соң олар бөлініп-жарылмайды. Бір шаңырақтың ұрпақтары болып көбейе береді. Құдай сақтасын мұндайдан. Артта қалған елдерге еліктемейік.

Жанат: (әйел адам)

— Сіздердің бұл әңгімені тақырып етіп таңдағандарыңызды түсінбеймін. Үлгі алатын әңгіме емес. Мұндайды неге жазасыздар? Оқырмандарымыз көбейсін десеңіздер басқа  жақсы тақырыптар да бар ғой…

РЕДАКЦИЯДАН: Ия, біздің қоғам үшін бұл өте жат нәрсе. Ал адамзат тарихында ғылыми тілде «полиандрия» деп аталатын құбылыс жер шарының 5-6 мемлекетінде кездесетін жағдай. Біз де оны интернеттен оқып білдік. Қарап отырсақ ол елдер озық елдер қатарына жатпайды, әлі де тайпалық даму кезеңінде, өркениеттен алыс. Оның себебі де әрқилы екен… Талдықорғандық  келіншектің де екі күйеумен тұру себебі бар. Оны мақаламызда жазғанбыз. Адам тәуелділікке тап болған жағдайда кездесетін құбылыс шығар бұл. Қалай десек те, біздің оқырмандарымыздың бұл құбылысқа қарсы екендіктеріне қуандық.

Баян ТАҢАТАРОВА