ҮКІМЕТ ШЕШІМІ НЕГЕ БІРІЗДІ ЕМЕС?

0
27

Ұлттық баспасөз күні республикамызда 1-ақ рет атап өтілді. Ол 2024 жылғы 2 ақпан болатын. 2025 жылы да аталды, бірақ ол қателік болды. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы бұйрығына сәйкес кәсіби мерекелер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, 8 жаңа кәсіби мереке қосылып, Ұлттық баспасөз бен Радио күні тізімнен алынып тасталды.
Ең қызығы, биыл 2 ақпанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (Ақорда сайтында), премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады (turkystan.kz. сайтында). Соған қарағанда, Кәсіби мереке Ұлттық Баспасөз күні қайта тойланатын болған сияқты…

Ұлттық баспасөз күні – 2 ақпан,Радио күні – 1 қазан деп Үкіметтің 2023 жылғы 16 тамыздағы Қаулысына сәйкес бекітілген жаңа мерекелер болатын. Алайда олардың өмірі ұзаққа бармады. Үкімет мәртебесі жоғары мемлекеттік және ұлттық мерекелерді белгілеуді өз құзырына алып, кәсіби мерекелерді атап өту мерзімін бекітуді Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігіне тапсырды.
Мұндай құзіретке ие болған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы бұйрығымен аталған екі кәсіби мереке мерекелік тізімнен алынып тасталды. Сөйтіп, бұл екі кәсіби мерекенің өмірі қысқа болды.
Кәсіби мерекелер тізімінен алынған себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз, радио қызмет-керлері бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері деп саналатындықтан ол мерекені Ұлттық баспасөз күні деп, Радио күні деп бөліп-жарудың қажеті жоқ деп тұжырымдаса керек. 28 — ші маусым БАҚ қызметкерлерінің күні рентінде БАҚ-ның үш саласы қызметкерлерінің мерекесі болып қала берді. Бұл бір жағынан қисыны бар түзету деп қабылдадық.
Дегенмен, 2023 жылы 16 тамыздағы Үкімет қаулысының 2 ақпанды Ұлттық баспа күні деп белгілеуі себепсіз емес еді. Бұл күнді «Қазақ» газетінің алғашқы номері шыққан күнімен байланыстыра отырып, бұл тарихи датаны есте сақтауымыз керек. Өйткені газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынов үшін бұл газет бүкіл қазақтың үні еді… 2-ші ақпан қазақ баспасөзі үшін қасиетті күн деген ұғым бар еді. «Қазақ» газетінің шыққан күнін мерекеге айналдырайық деген тілек осыдан шықса керек. Бірақ бұл тілек ұзаққа бармады… Ақылгөйлер «28 маусым барлық БАҚ қызметкерлерінің мерекесі» деп сол күнге телеарна да, баспасөз де, радио да кіргізілді.Өкінішке орай, өндіріс цехына жататын баспалар мен баспаханалар жайына қалды.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ Кеңес одағы кезінде «Баспасөз мерекесі» (День печати) күні 5 мамырда, Радио күні және басқа да байланыс қызметкерлерінің күні 7 мамырда аталып өтетін.
Дәл сол даталар болмаса да бұл кәсіби мерекелерді ұмытпаған елдер де баршылық. Қазір Украина баспасөз күнін 30 мамырда атап өтсе, Ресей 19 сәуірде өз полиграфистерінің күнін атап өтеді екен.Бұл күні Ресейдің баспасынан Иван Федоров алғашқы баспағанада өзінің «Апостол» кітабын басып шығарған. Бұл тарихи деректі Ресей елі есте сақтап отырса, біз неге «Қазақ» газетінің шыққан күнін үндеместен жаба салдық? Үкіметке де, Еңбек министрлігіне де, қазақ халқына да бұл үлкен сын. Үкімет те, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы мәселеде мүлт кеткен сияқты. Ортақ іс неге халықпен кеңесіп істелмеді? Осындай тарихи маңызы бар істе тарихқа қиянат жасамау керек қой. 1563 жылы кітабы алғашқы баспаханада басылып шыққан Иван Федоровтың есімін Ресей тарихта сақтап отырса, күні кеше 1913 жылғы «Қазақ» газетін біз неге ұмыта салдық?
«Қазақ» газетінің тарихын жаңғырту болашақ үшін өте маңызды екенін ескерсек, оның алғашқы санының шыққан күнін неге күнтізбеге тарихи дата етіп көрсетпеске? Асығыстық жасамай қоғаммен келісе отырып дұрыс талқыласақ, мүмкін, ол күн атаусыз қалмас па еді?..
Бірді айтып, тағы бір басқаға кеткеніміз емес, нақты айтайық дегеніміз мынау еді.

Қазақстанда баспагерлер күні неге жоқ?

Полиграфия саласының ең бір маңызды бөлігі — газет-журнал, кітап басып шығаратын баспахана сияқты өндіріс орны екені белгілі.
Баспа саласында істейтін жұмысшылар «біз түнді ұйқысыз өткізетін ақындар сияқтымыз — кейде түнімен, кейде таң атқанша жүреміз», — деп әзілдейді. Онысы рас.
Бірақ ондай түнгі жүріс қазіргі озық баспа технологиясы жоқ жылдарда болушы еді. Бұрынғы денсаулыққа зиянды қорғасынмен әріп құю сияқты жұмыстар келмеске кетті.
Қазіргі дәуірде баспаханалар жаңа заманауи технологиялық талапқа сәйкес газет басып шығаратын жаңа сипаттағы машиналармен, жабдық-құралдармен қамтылған. Цехтағы жұмысшылар саны да жаңа озық технологияның келуіне байланысты ықшамдалған.
Десе де жұмысы замануи талапқа сай техникалық өзгерістерге бағытталған баспа саласы, баспаханалар өндіріс орны болып қала бермек. Олай болса, елімізде баспа күні, яғни, полиграфистер күні неге жоқ? — деген сұрақ туады.
Осы сұрақты журналистерге қойған баспахана жұмысшыларының мына бір тұжырымы бізді ойлантып қойды. «28 маусым — БАҚ қызметкерлерінің күніне бәрімізді тығып қойды: шығармашылық топты да, жұмысшы топты да. Жасыратыны жоқ, 28 маусымдағы кәсіби мерекеде шығармашылық қызметкерлерінің дені аталып жатады да, баспахана қызметкерлері ауызға да алынбайды. Неге?» — деген сұраққа жауап бере алмадық.
Бүгінгі статистика әлі жариялана қойған жоқ, бірақ елімізде бұдан 5 жыл бұрын 300 баспа, 800-ге тарта баспахана бар деген деректерге сүйенсек, елімізде онда істейтін кәсіби жұмысшылар саны да аз емес екені айтпаса да түсінікті. Сонда баспахана жұмысшылары жеке кәсіби мерекеге лайық емес пе?
Елімізде Еңбек министрлігі бекіткен 80-ге жуық мамандық иелерінің кәсіби мерекесі бар екен. Олардың ішінде салалық кәсіби мамандықтар қатарында күзет қызметкерлері, қоғамдық тамақтану орындарындағы аспаздар, есепшілер, тағы да көптеген басқа мамандармен салыстырғанда баспа ісі мен баспахана жұмысшыларының мәртебесі неліктен аталмай қалған?
Осыған көңіл бөлетін Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің жаңа министрі не дейді? Әлде бір палаталы жаңа парламентке өңірімізден сайланатын депутаттар арқылы жеткіземіз бе? Ойланатын мәселе екен…

Баян ТАҢАТАРОВА