АҚ ЖАУЛЫҚ — АНА ҚАДІРІ

1 ақпан – халықаралық орамал күні. Бұл күн қазақ үшін жай ғана мерекелік дата емес, ұлттың әйелге, анаға, отбасыға деген құрметін айшықтайтын тағылымды күн.
Қазақы дүниетанымда «Орамал – әйелдің қасиеті» деген терең мағыналы ұғым бар. Кешегі әжелеріміз ақ жаулықты тек бас киім емес, ар-намыстың, ұят пен ибаның, отбасыға адалдықтың белгісі деп білген. Сол асыл дәстүр ұмыт қалмасын деген ниетпен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің ақ жаулықты әжелері мен «Ауыл» партиясының Жетісу облыстық филиалы бірлесіп қала орталығында нәзікжандыларға орамал тарату шарасын ұйымдастырды.
Шараның шымылдығы «Ерлер қанатының» аталары берген ақ батамен түріліп, домбыраның қоңыр үнімен, әжелердің әуезді әнімен жалғасты. Одан кейін Бағила Азанбаева қаламынан туған орамалға арналған өлең жолдарын оқып, көпшіліктің көңілін тербеді. Ән мен жыр, бата мен ізгі тілек – барлығы бір арнаға тоғысып, ұлттық рухты асқақтатты
Ақ жаулықты әжелердің айтуынша, орамал – әйелдің өмірлік мәртебесін аңғартатын белгі. Ол – аналықтың, адал ниетпен құрылған шаңырақтың, отбасылық жауапкершіліктің нышаны. Сонымен қатар, орамал ешқашан сәннен қалған емес. Қайта бүгінгі таңда заман ағымына сай түрленіп, жаңа сипат алып келеді.
– Қазір орамалды тағудың сан алуан үлгісі бар. Шалма да орайсың, тюрбан да киесің. Кез келген киіммен үйлесіп кетеді. Ең бастысы – жинақылық пен көркемдік. Қазақ әйелі орамалсыз жүрмеген, бұл үрдіс қазір де қайта жаңғырып келеді, – дейді ақ жаулықты аналар.
Расында да, соңғы жылдары орамал тағу мәдениетінің қайта жанданып келе жатқаны қуантады. Әлеуметтік желілерде сәнді әрі әсем етіп тағу тәсілдерін үйрететін парақшалар көбейіп, жастар арасында қызығушылық арта түскен. Шығыс, араб нақышындағы үлгілерді заманауи стильмен ұштастырған жаңа формалар да сұранысқа ие.
Орамалдың өзіндік тәрбиелік, танымдық мәні де бар. Ақ түсті жаулық – қуаныш пен жақсылықтың, ал қара түс – қайғы мен ауыр сәттің белгісі саналған. Сонымен бірге, орамал қазақта сый-сыяпаттың, жол-жоралғының ерекше түрі ретінде бағаланған. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген тәмсіл сөздер соның дәлелі.
Осы дәстүрді негізге алған кимешек киген әжелер Арбатта жүрген қыз-келіншектерге орамал сыйлап, өз қолдарымен басына тақты. Бұл көрініс көпшіліктің ерекше ықыласын тудырды. Ақ жаулықты аналарды қызыға суретке түсіргендер де аз болмады. Орамал таққан нәзікжандылардың жүзінен қуаныш пен ризашылықтың лебі сезілді.
Қала тұрғыны Гүлмира да шараға дән риза болғанын жасырмады:
– Орамал – әйелдің ары мен сәні. Ол – ана екеніңді, біреудің адал жары екеніңді білдіретін белгі. Қазақта орамалдың қадірін ұқтыратын қаншама әдет-ғұрып бар. Осындай игі істі қолға алған әжелерге, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ақ жаулықты әжелерді көргенде адамның жаны жадырап кетед екен, – дейді ол.
Айта кетерлігі, бұл үрдіс тек қазақ халқына ғана тән емес. Түркі тілдес халықтардың барлығы дерлік орамалды қастерлеп, оны күнделікті өмірде қолданған.
Арбаттағы шара барысында Өзбекстаннан келген қонақтар да қызығушылық танытып, әжелер олардың қара орамалының үстінен көзге жылы, ашық түсті жаулық жауып, батасын берді. Тіпті кішкентай бүлдіршіндерге дейін орамал сыйға тартылды.
Әр орамал – ақ тілекпен, ақ батамен берілді. Әжелердің жүректен шыққан тілегі жас келіндер мен қыз-келіншектердің жүзіне нұр болып қонғандай әсер қалдырды.
Қорытындылай айтқанда, ақ жаулық – уақытпен өлшенбейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі құндылық. Ол – әйелдің арын, ананың мәртебесін, ұлттың болмысын айқындайтын қасиетті нышан. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық дәстүріміз қайта жаңғырып, жас буынның санасына сіңе беретіні анық. Ақ жаулықты аналарымыз бен орамал таққан келіндеріміз азаймасын!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
