САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
Жыл басынан-ақ Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл құжат елдегі салық жүйесін түбегейлі жаңғыртуды көздейді дегенді айтады басшылық тарап. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар үшін енгізілген жаңа салық режимі қоғам назарын аударып отыр. «Бұл өзгерістер нені білдіреді, салықты қалай және қанша төлейді, қандай жеңілдіктер қарастырылған?» дегендей сұрақтар редакциямызға келген болатын. Осы сауалдарға жауап алу үшін Жетісу облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарымен сұхбаттасуды жөн санадық.
Алғашқы сұрақтарымызға мемлекеттік көрсетілген қызмет басқармасының басшысы Нұршанова Жанар ханым жауап берді.
– 2026 жылы қабылданған жаңа салық жүйесінің артықшылығы неде? Оның қандай оңтайландырылған тетіктері бар?
– 2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл құжат салық жүйесін жаңғыртуға, әкімшілік жүктемені азайтуға және кәсіпкерлік қызметті жүргізуді барынша жеңілдетуге бағытталған.
Жаңа Салық кодексіндегі ең маңызды реформалардың бірі – арнайы салықтық режимдерді қайта қарау. Бұрын елімізде 7 түрлі арнайы салықтық режим қолданылса, 2026 жылдан бастап олардың саны 3-ке дейін қысқартылды. Мұндағы негізгі мақсат – салық жүйесін күрделендірмей, барынша түсінікті әрі ашық ету.
Енді келесі үш арнайы салықтық режим қолданылады:
• өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим;
• оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
• шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим.
Ал патент, бөлшек салық, мобильдік қосымша арқылы жұмыс істеу, тіркелген шегерім және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған бұрынғы режимдер алынып тасталды.
Алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға тоқталайын. Бұл режим ең қарапайым әрі қолжетімді форматта жасалған. Оны жеке кәсіпкер болып тіркелмеген, жалдамалы жұмыскер ұстамайтын, интернет-платформа арқылы қызмет көрсететін азаматтар қолдана алады. Айлық табыс шегі – 300 айлық есептік көрсеткішке дейін.
Бұл режимнің басты артықшылығы – салық дек-ларациясын тапсырудың қажеті жоқ. Азамат табысының 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төлейді, жеке табыс салығы алынбайды. Барлық есеп e-Salyq Business мобильдік қосымшасы арқылы автоматты түрде қалыптасады.
Бұл – көлеңкелі экономиканы азайтуға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңды алаңға шығаруға бағытталған маңызды қадам.
Екінші режим – оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салықтық режим. Бұл режим шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Мұнда кіріс лимиті айтарлықтай жоғары, ал қызметкерлер санына қойылатын шектеулер алынып тасталды. Салық мөлшерлемесі – 4 пайыз, алайда жергілікті атқарушы органдар оны 2 пайызға дейін төмендетуге немесе 6 пайызға дейін арттыруға құқылы.
Осы режимді қолданатын салық төлеушілер қосылған құн салығын және әлеуметтік салықты төлемейді, бұл кәсіпкерлер үшін елеулі жеңілдік болып табылады. Есептілік те жеңілдетілген: декларация жылына екі рет тапсырылады.
Үшінші арнайы режим – шаруа және фермер қожалықтарына арналған. Бұл режим ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған. Салық мөлшері айналымнан небәрі 0,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар шаруа және фермер қожалықтары жер, көлік, әлеуметтік салықтан және экологиялық төлемдерден босатылады. ҚҚС та, жекелеген жағдайларды қоспағанда, төленбейді.
Бұл өзгерістер ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және аграрлық сектордың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
– Жаңа енгізілген арнайы салық режимінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар зейнетақы жарналарын қалай төлейді? Ай сайын оны кім есептейді? Мысалы әр айда әртүрлі табыс болса ол қалай есептелетін болады?
– Жаңа арнайы салық режимін қолдану үшін салық кодексімен белгіленген талаптар бар. Ол үшін Қазақстан азаматы немесе қандас мәртебесі бар болу керек және тек жеке қызмет түрімен жұмыс жасауы міндеттелген. Соның ішінде жалдамалы жұмысшылардың қызметін қолдануға болмайды. Тағы бір маңызды ақпарат ҚР 2025 жылдың 21 қарашасында қабылданған №194 қаулысы бойынша 40 түрлі сала өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне қосыла алады деп бекітілген. Негізі қызмет түрлері аяқ киім жөндеу, тігінші, үй жинау, шаштараз қызметі, жүк тасымалдаушы, такси, жеке пәтерлерін жалға берушілер, жеке өнімдерін сатушы, тұрмыстық техника жөндеушілер мен интернет сауда жасаушылар, өнер саласындағы азаматтар және басқа да қызмет түрлерін пайдаланушылар жатады.
Салық есептілігін тапсыру міндетті деп қарастырылмаған. Тек ай сайын тапқан табыстан 4 пайыз әлеуметтік төлемдерді өтеуі керек Оның ішінде зейнетақы жарнасы т.б әлеуметтік аударымдарға 1 пайыздан ай сайын аударым жасайды. Табысты e-Salyq Business мобильді қосымшасы өзі анықтап, төлеу қажет қызметтерді шығарып береді. Бар болғаны түбіртекті уақытылы қосымшаға енгізу жеткілікті.
– Түбіртекті қосымшаға енгізу туралы айттыңыз. Бұл бағытта оның қосымшаға толық банк картасымен немесе қолма қол берілетін қаржыларды жүктеуін кімдер қадағалайды?
– Ол жерде төлем банк қосымшасы арқылы қабылда-нады. Мысалы қазір Kaspi.kz және Halyk Bank банктерінен өзін өзі қамтушыларға арнап шоттар ашылып жатыр. Негізі арнайы шотқа төлемді қабылдап отыру керек, ал түбіртекті қосымша арқылы береді. Ал қолма қол ақша болса, оны банктер әрине қабылдамайды. Оны да алған соң міндетті түрде түбіртекті тіркеу керек. Өзін өзі жұмыспен қамтушы қолма қол табысын белгілемесе біз оны еш жерден көре алмаймыз. Бақылаудан тыс қалып тұр деген сөз. Бұл салық төлеушінің қаншалықты салықтық жауапкершілі жоғары екендігіне байланысты.
– Азаматтар өзін өзі жұмыспен қамтушы болып қайда, қалай тіркеледі?
– e-Salyq Business қосымшасы арқылы өзін өзі жұмыспен қамтушы деген статусты алса болды. Ол үшін арнайы құжаттарын өткізу керек. Кейін тұрақты жұмыс жасаса болғаны бағдарлама барлығын өзі жасап, аударымдарды есептеп береді. Шығарылған чек арқылы ай сайынғы табыс есептеліп риестр құрастырылады. Мысалы, қаңтар айындағы табыс бойынша өзін өзі қамтушы тұлға аталған пайыздық аударымдарды ақпан айының 25-і күніне дейін төлейді. Дәл солай өзге айларда да келесі айдың соңына дейін төлеуі керек. Аударымдар жайлы ақпарат толық e-Salyq Business қосымшасында шығарылып тұрады. Сол сомадағы аударымдарды екінші деңгейлі банктер арқылы төлеуге болады.
– «Халық бухгалтері» деген акция туралы түсінік беріп кетсеңіз?
– Кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік әрі салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясын өткізеді.
Акция 2026 жылдың 5 қаңтарында басталды және 2026 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. «Халық бухгалтері» — бұл жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған тегін консультациялық көмек.
Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салық есептілігі және ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу мәселелері бойынша түсінікті әрі практикалық түсіндірмелер ала алады.
Акция Жетісу облысының қалалары мен аудандарындағы Мемлекеттік кірістер басқармалары базасында өткізіледі. Жұмыс кестесі: алғашқы айларда (2026 жылғы қаңтар-ақпан) кеңес беру аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. 2026 жылғы наурыздан бастап кеңес беру аптасына 2 рет болады.
Қабылдау орындары жұмыс кестесі мен мекенжайы көрсетілген «Халық есепшісі» арнайы маңдайшаларымен белгіленген. Акция аясында кеңесті кәсіби есепшілер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының ең тәжірибелі қызметкерлері жүргізеді, — деді маман.
Ал жеке табыс салығы бойынша сұраққа Талдау және тәуекелдер басқармасының басшысы Ләззат Айтахунова жауап берді.
– Жеке табыс салығы биыл қалай төленеді?
– Жаңа кодекске сәйкес жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Осы жылдан бастап жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілді. Бұған дейін жеке табыс салығы біріңғай 10% мөлшерлеме бойынша ұсталып келген болса, енді жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын, яғни 36 762 500 теңгеден жоғары табыстарға 15% мөлшерлеме қолданылады.
Сонымен қатар, жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылатын салықтық шегерімдерге де өзгерістер енгізілді. Бұрынғыдай, келесі стандартты шегерімдер сақталады:
— міндетті зейнетақы жарналары;
— әлеуметтік аударымдар;
— міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары.
Жаңалықтардың бірі – стандартты базалық шегерімнің ұлғаюы.
Егер бұрын базалық шегерім 14 АЕК болып, 58 048 теңгені құраса, 2026 жылдан бастап ол 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, 129 750 теңгені құрайды.
Осыған байланысты, айлық табысы 147 000 теңгеден аспайтын азаматтардан жеке табыс салығы мүлде ұсталмайды.
Ал табыс осы сомадан асқан жағдайда, міндетті зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыру жарналары және 129 750 теңге мөлшеріндегі базалық шегерім ескерілгеннен кейін ғана жеке табыс салығы ұсталады.
Автордан: Жаңа Салық кодексі – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жүйе қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бұл – еңбегін заңдастырып, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың нақты мүмкіндігі. Ал салық органдары үшін – көлеңкелі экономиканы азайтып, экономикалық процестердің ашықтығын арттырудың тиімді тетігі. Ең бастысы, әр азамат жаңа талаптарды дұрыс түсініп, өз табысын ашық көрсетіп, уақытылы төлем жасап отырса, бұл өзгерістердің игілігін қоғам болып көруге болады.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ

