ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ – ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЙНАСЫ

0
16

Кейде бір адамның қолынан шыққан қарапайым ғана бұйым тұтас бір ұлттың тарихын сөйлетіп тұрғандай әсер қалдырады. Ұқыппен тігілген әрбір тігіс, сабырмен салынған әрбір ою – үнсіз шежіре. Осындай үнсіз тілмен сөйлейтін өнердің иесі – Көксу ауданында тұратын қолөнер шебері Айгүл. Ол ұлттық киімді тек кәсіп көзі емес, ұлт жадын сақтаудың бір жолы деп біледі.

Ұлттың рухани болмысы, тарихи жады мен өмір салты ең алдымен оның сыртқы келбетінде, соның ішінде ұлттық киім үлгісінде көрініс табады. Себебі киім – жай ғана жабын емес, ол халықтың дүниетанымы, табиғатпен байланысы, эстетикалық талғамы мен ішкі мәдениетінің айнасы. Қай халықты алсақ та, оның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен таным-түсінігі ұлттық киімінен анық байқалады.
Соңғы жылдары қоғамда ұлттық құндылықтарға бетбұрыс айқын байқалып отыр. Той-томалақта қазақы стильдегі дресс-кодтың қойылуы, білім ошақтарында ұлттық желетке мен кәжекейдің әр жұма сайын киілуі – соның жарқын дәлелі. Бұл үрдіс тек Қазақстанмен шектелмейді. Бүгінде әлем елдерінде де ұлттық болмыс-ты дәріптеуге, тарихи тамырға қайта үңілуге деген қызығушылық артып келеді. Өйткені жаһандану дәуірінде өзгелерді шетелдік брендпен таң қалдыру қиын, ал ұлттық нақыштағы киім әрқашан өзіндік ерекшелігімен, терең мазмұнымен құнды.
Айгүлдің тігін үстіндегі әрбір сәті – өткен мен бүгінді жалғаған рухани сабақтастықтың көрінісі. Туған жерден жырақта жүріп-ақ қазақы кестені жанына серік еткен ол Атажұртқа табан тірегеннен кейін ұлттық өнерді жаңаша қырынан дамытып келеді. Оның қолынан шыққан киімдер мен тұрмыстық бұйымдарда сағыныш та бар, төзім де бар, ең бастысы – қазақы болмыс бар…
Оның айтуынша:
– Халқымыз ежелден-ақ киім тігу, оны болмысына сай кию ісіне ерекше мән берген. Әрбір киімнің жас ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебеге сай кию әдебі болған. Ою-өрнек те кездейсоқ салынбаған. Әр өрнектің өзіне тән мағынасы, философиялық астары бар. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз төрт түлік малдың жүнін иіріп, терісін илеп, табиғатпен үйлескен киім үлгілерін жасаған. Бұл – ата-бабадан жеткен асыл мұра. Бүгінде сол дәстүр жаңғырып, заман талабына сай жаңа сипат алып отыр, — дейді.
Қазақтың ұлттық киімі десе, көз алдымызға оюлы шапан, кестелі камзол-көйлек, саптама етік киген, сәні мен салтанаты жарасқан ата-әжелеріміздің бейнесі келеді. Осындай ұлттық өнерді жүрегіне серік етіп, өмірінің бір бөлшегіне айналдырған Айгүл 1974 жылы дүниеге келген. Ол бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйел. Туған жері – Қытай Халық Республикасы. 2019 жылы тарихи Отанына оралып, Атажұртқа қоныс аударған. Дегенмен, қай елде жүрсе де, жаны сүйген ісінен бір сәтке де алыстамаған. Кестелі тігін, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары – оның өмірлік серігіне айналған.
Айгүл Талдықорған өңіріне келген алты жылдың ішінде ұлттық өнерді дамытуды басты мақсат етті. Қазір ол «Ауыл» сауда үйінен орын алып, ұлттық киімдермен қатар кимешек, орамал, жастық-көрпе, тұмар, алаша секілді тұрмыстық бұйымдарды кестелеп тігеді. Оның айтуынша, оюды құрақтап тіккеннен гөрі жіппен кестелеу әлдеқайда көп еңбекті, төзімділікті және уақытты талап етеді. Бірақ нағыз өнер сол маңдай термен келетін еңбекте екенін шебер жақсы түсінеді.
– Тігіннің де бірнеше түрі бар. Қызай кесте, қазақша кесте деп бөлінеді. Мен көбіне кесте тігумен айналысамын. Осы жаққа келгелі қайтадан осы кәсіпті жандандырдым. Жасым 52-ге келсе де, үйренерім әлі көп. Сол үшін үнемі ізденіп, жаңалыққа ұмтыламын, – дейді ол.
Ұлттық киімге сұраныс көбіне мерекелер қарсаңында артатынын айтады шебер. Қазіргі таңда көпшілік дайын киім сатып алғаннан гөрі, прокатқа алуды тиімді көреді. Айгүл мектеп оқушыларына түрлі мәдени іс-шаралар мен мерекелерде ұлттық киімдерді жалға береді. Сонымен қатар, арнайы тапсырыс-пен тігілетін киімдерге де сұраныс жоғары. Алайда барлық жұмысты жалғыз өзі атқаратындықтан, кейде тапсырыстардың бәрін қабылдап үлгермейтін кездері де болады екен.
Бағалары да көпшілікке қолжетімді. Мәселен, оқушылар арасында сұранысқа ие тақиялар – 1500 теңге, қыз-келіншектерге арналған ұлттық көйлектер 13-15 мың теңге аралығында, ал үлкен кісілерге арналған киімдер шамамен 18 мың теңгеге бағаланады.
– Ұлттық нақышты, ұлттық рухты жаныммен жақсы көргендіктен, бағаларды қымбат қоймаймын. Кейде жағдайға қарай арзандатып та беремін, – дейді шебер шынайы көңілмен.
Айгүлдің шағын ғана тігін машинасынан шыққан ұлттық киімдері бүгінде облыс пен аудан тұрғындарының зор ықыласына ие. Арнайы тапсырыспен тігілген киімнің басты артықшылығы – адамның дене бітіміне дәл келіп, оның сымбатын аша түсуінде. Әрбір ою-өрнек, әрбір тігіс иесінің қалауы мен талғамына сай орындалады.
Ұлттық өнер – халықтың рухани байлығы, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Осындай асыл мұраны сақтап, дамытып жүрген Айгүл сынды қолөнер шеберлерінің еңбегі – ұлт рухының өлмегенінің, дәстүр сабақтастығының айқын көрінісі. Ұлттық киім – тек сән үлгісі ғана емес, ол – тарих, тағылым және ұрпаққа қалатын қастерлі аманат.

Гүлнұр БАЙМҰХАН