ӘЖЕЛЕР АЛҚАСЫ – САЛТ-ДӘСТҮР АРНАСЫ

Қазақ отбасында әженің орны ерекше екенін білмейтін қазақ жоқ. Себебі қазақ үшін әже – ең ақылды жан. Біз үшін олар тәрбие мектебі, шежіре бастауы, өннің үлгісі деп білеміз. Ата-баба аманатын адал сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттай білген асыл әженің қоғам үшін орны ерекше. Ғасырлар қойнауынан жеткен әжеден алған қазақи үлгі-өнеге тәрбиесі бүгінгі қоғамға дейін жалғасуда. Сондықтан болар, қазірдің өзінде қолы жетістікке жеткен ұрпақты ел ішінде «ата мен әже тәрбиелеген балалар осындай жетістікке жетеді» – деп қолдап отырады.
Қазіргі қоғамдағы құптарлық өнегенің бірі – ол жер-жерлерде құрылып, елімізді ұлттық дәстүрмен байытып отырған «Әжелер алқасы» деп аталатын қоғамдық ұйым. Осы ұйымның Көксу ауданындағы «Әжелер алқасының» жұмысымен танысудың сәті түсіп, аудандық әжелер алқасының төрайымы Рәшида Тұрсынәліқызымен аз-кем әңгімелесудің реті келген еді.
— Көксу ауданындағы әжелер алқасы қандай бағытта қоғамдық жұмыстар атқаруда?
— Өзіңіз білесіз, отбасындағы әже балаларға өнеге көрсетіп, отырып-тұрудан бастап, өзін-өзі қалай ұстап, қалай киіну керек, дастархан басындағы тәртіп, қалай сөйлеу керек сияқты ұсақ-түйектен басталатын тәрбиелік жағынан ең үлкен ұстаз ғой. Ал біздің қоғамдық ұйымымыз осындай өнегелі әжелерден құралған. Олар тек отбасындағы өнегелі әже емес, еңбекте де адал қызметімен ерекшеленген, әр салада абыройлы еңбек еткен әжелер. Көксу ауданындағы әжелер алқасы 2005 жылы құрылған. Бүгінде құрамында 15 (Әр округтен бір адамнан 10 адам әжелер ансамблінің жетекшісі 1-еу және ұйымдастырушы 4 әже) әже бар. Әжелер алқасы аудандық ардагерлер алқасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Қандай жұмыстар атқарасыздар? — деп қалдың. Көксу ауданының әжелер алқасы көптеген игілікті іс-шаралардың басы-қасынан табылып, өскелең ұрпақ арасында отбасындағы ата-анасын, бірге туған бауырларын құрметтеп, сыйласымды қарым-қатынаста болу, елді, жерді сүю т.б. Бір сөзбен айтсақ, патротизмді дамытуға себепкер болып, тұрмыстық-танымдық, мәдени құндылықтарды дәріптеу жолына ықпал етушіміз. Әжелер алқасы аудан көлемінде өткізіліп жүрген жаңа бастамалар мен бағдарламаларды іске асыру барысындағы заманауи идеяларды қолдаушы, бағыт беруші болып келеді.
— Әжелер алқасы қандай ұйымдармен біріге отырып жұмыс жүргізесіздер?
— Біз ардагер әжелер алқасы адамгершілік пен парасаттылық, кішпейілділік пен адалдық, еңбекқорлық пен төзімділік, ізгілік пен білімділік нұрын жастарға үйретіп, бойына сіңіру мақсатында аудан әкімдігі, АМАНАТ партиясы, аудандық маслихат, жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз.
— Атқарған жұмыстарыңызды нақтылай кетсеңіз?…
— 2025 жылды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жұмысшы жылы» деп жариялағаны белгілі ғой. Соған сәйкес Жетісу облысы ардагерлер үйінде «Адал еңбек – Адал табыс – Адал азамат» тақырыбында семинар ұйымдастырдық. Біздің Көксу ауданынан Балабекова Аңсабала әже баяндама жасап, аудан еңбеккерлерінің еселі еңбегін паш етті. Жұмысшы мамандардың беделін арттыру және кәсіптік білім беру реформасының жүзеге асырылуы жайлы мәлімдеді.
Өткен жылдың қараша айында Мұсабек ауылдық округінің орталығы Қызыларық ауылында «Адал еңбек — ұрпаққа үлгі» тақырыбына сәйкес осы ауылдан шыққан майталман еңбек адамдарының ауылдың экономикасын дамытуға қосқан үлестері дәріптеліп, олар жайлы жазылған кітаптардан үзінді әңгімелер, өлеңдер оқылып естеліктер айтылды.
1 қазан қарттар күніне барлық ауыл, елді мекендерде зейнеткерлерге құрмет көрсетілді.
Көксу ауданының ардагер ақсақалдары мен әжелерге Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Келемсейітов Ермек Әбілмәжінұлының ұйымдастыруымен қасиетті жер, киелі мекен Түркістандағы әулие аталар басына тәу етіп, жаңа Түркістан қаласын тамашалап қайтуға мүмкіндік жасалды.
— Қоғамдық ұйым болған соң жұмыс барысында қажеттіліктер деген болып тұрады ғой. Аудан әкімшілігі тарапынан ақсақалдарға, әжелерге қандай жағдайлар жасалып, көңіл бөлінуде?
— Аудан әкімі Халелов Дәулет Кенжеханұлының көмегі, әрі қолдауының арқасында қарттарымыз ғалым, этнограф, ағартушы, руханияттың алтын қазынасы Шоқан Шыңғысұлы Уалихановтың 190 жылдығына орай, оның музейіне саяхаттап қайтты. Осы сияқты ірілі-уақты көптеп айтатын істер атқарылуда. Біз, әрине, өзіміздің сапарларымыз жайлы бөлісуді жұмыс жоспарымызға енгізіп, кездесулерде әңгімелейміз.
— Әжелердің жағдайлы жұмыс жасауы үшін қандай мүмкіндіктер бар?
— Барлық ауылдық округтерде ақсақалдар мен әжелерге арналған мәдениет үйінің бұрышынан ыңғайлы жұмыс бөлмелері берілген. Яғни әжелерге ұлттық құндылықтарды насихаттауға мол мүмкіндік бар. Алғабас ауылында бірнеше жылдан бері «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі» атты үйірмелер жұмыс істеп келеді. Оған Нүсіпова Макура басшылық етеді. 2025 жылы Көксу аудандық балабақша тәрбиешілерімен «Ұсақ қол лотерейкасын дамытудағы түрлі әдіс-тәсілдер» тақырыбында семинар өткізілді. Сол сияқты «Қазақ халқының ырым-тыйымдары», «Шілдехана», «Тұсаукесер» тақырыптарында әдістемелік жұмыстар жүріп тұрады.
— Пайдасы зор көптеген істер атқарып жүр екенсіздер. Сұхбаттасу арқылы сізден көптеген мәліметтер алдық. Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін.
Сембек ӘБДІРАХМАН,
Көксу ауданы
