АҚШАМЕН ӨРІЛГЕН БІЛІМ
Қазіргі таңда кейбір оқу орындары жастардың санасына емес, қалтасына көз тігетін деңгейге жетті. Соның салдарынан жастардың бір бөлігі білім мен ізденіске емес, ақшамен жеңіл жол табуға ұмтылып отыр. Бұл құбылыс жас ұрпақтың білімге, өнерге деген құлшынысын төмендетіп, болашаққа деген сеніміне сызат түсіруде. Білім – қоғамның қозғаушы күші болуы тиіс болса, бүгінгі таңда ол кей тұста саудаға айналып бара жатқандай әсер қалдырады.
Қазіргі уақытта елімізде түрлі оқу орындары бар. Кейбір білім ордалары талапкердің біліміне, ізденісіне, талпынысына қарап қабылдайды. Ал енді бір оқу орындары үшін білім маңызды емес, тек қалтаңда жеткілікті қаражат болса болғаны. Әрине, бұл біреулер үшін тиімді жол болып көрінуі мүмкін, алайда екінші біреулердің білімі мен өнеріне шектеу қойып отыр. Соның кесірінен талай білімі бар, бірақ ақшасы жоқ жастар базарларда, құрылыста немесе мүлде өзге салаларда жұмыс істеуге мәжбүр. Ал керісінше, білімі жоқ, бірақ ақшасы бар адамдар ешқандай қабілет пен дайындықсыз сол салаларда нәпақасын тауып жүр. Егер біз осы мәселені бүгін түземесек, ертеңгі болашағымыздың жарқын боларына қалай сенеміз?
Осы мәселені тереңірек ашу мақсатында осындай оқу орындарының біріне түскісі келген және оқуын аяқтаған адамдардың пікірін тыңдадық. Бірі білімінің жеткілікті бола тұра оқуға түсе алмағанын айтса, енді бірі оқу орнын тәмамдап, алайда жұмысқа орналаса алмай жүргенін жеткізді.
Сауда саттықпен қалыптасқан жоғарғы оқу орны
«Бала кезден өзімнің алдыма қойған мақсаттарым анық еді. Болашақта өзімнен керемет маман иесі шығатынын сезгенмін. Өзімнің арманыма жету үшін өнерім мен білімімді үнемі шыңдап жүрдім. 2025 жылдың жазында Алматы қаласына дәл сол өзім қалаған маман иесі болу үшін келдім. Алайда жоғары оқу орнына барғанымда қатты таңғалдым. Керемет маман боламын деген арманым қолдың кіріндей жуылып кетті. Мен армандаған мамандыққа түсу бағасы мен ойлаған ақылы оқудан да асып түсетінін естідім. Соған қарамастан бой бермей, емтихандарына да қатыстым. Бірақ сол жерде білімім мен өнерімнің түкке қажет емес екенін түсіндім. Нәтижесінде емтиханнан құлап, қазіргі таңда Қаскелең қаласындағы колледжде оқып жүрмін», – дейді Ермұрат.
Арман қуған мамандық
«Мен бала кезімнен сахна өмірін қатты жақсы көретінмін. Әртістік өнер бойымнан ешқашан ажыраған емес. Менің жан досым сахнада өзім ойнайтын кейіпкерлерім еді. Актерлік сабақтардан да қалмайтынмын. 2025 жылдың жас түлегі атанып, өз елімнің театр қабырғасына бір кірпіш қалау деген арманмен Алматыға жол тарттым. Алайда оқу орнына келгенде оқу құнын естіген сәтте арманымнан алыстауға тура келді. Сол себепті өзім қаламаған мамандыққа түсіп, қазіргі таңда сол сала бойынша білім алып жатырмын», – дейді Ерасыл.
Қазіргі өмірім
«Менің жоғары оқу орнын бітіргеніме қазіргі таңда үш жылдай болды. Төрт жыл бакалавриатта, екі жыл магистратурасында мемлекеттік грантпен оқып, білім алдым. Менің кезімде де оқу орындары сауда-саттықтың ордасы болатын. Соған қарамастан, білімімді таза еңбекпен, яғни мемлекеттік грантты ұтып алып тәмамдадым. Алайда оқыған мамандығым қазіргі таңда көп іске аспай отыр. Алты жылдық оқуым маған белгілі бір деңгейде жемісін берді, бірақ отбасымды толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сол себепті дипломымнан бөлек табыс табуға тура келді. Істемеген жұмысым қалмады. Қазіргі жастардың талпынысы мен бағасы шарықтаған білімін есіме алсам, ішім күйеді. Ақшамен сатып алынған білімді кейін адал еңбекпен қайтару өте қиын», – дейді Елдос.
Жоғарыда айтылған пікірлер тек бір оқу орнына қатысты алынған. Әрине, барлық жоғары оқу орындарына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, осындай білімді саудаға айналдырған оқу орындарының бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл – бүгінгі қоғамда ашық айтылуы тиіс маңызды мәселе.
P.S. Егер біз жоғары оқу орындарындағы осындай әділетсіз әрекеттерді тоқтата алсақ, білімді әрі өнерлі жастарды тәрбиелеп шығарар едік. Өзім де жоғарыда айтылған оқу орнына түскім келген, алайда қазіргі таңда өзім таңдамаған басқа салада білім алып жүрмін. Мен секілді өзі қалаған мамандыққа түсе алмай жүрген жастар өте көп. Сондықтан білім жүйесінде ақшаны емес, білім мен өнерді басты орынға қою қажет деп санаймын.
Рамазан САДЫҚБЕК
