«АМАЛ» МЕРЕКЕСІ ДЕГЕН НЕ? ОЛ НЕГЕ 14 НАУРЫЗДА ТОЙЛАНАДЫ?

0
17

Қазақтың терең дәстүрін қарап отырсаңыз бәрінде мағына бар. Сол сияқты, басқаны айтпағанда мына жақындап келе жатқан жыл басы Наурыз мерекесі алдында, әсіресе, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірінің қазақтары 14 наурыздан бастап атап өтетін «Амал» немесе «Көрісу» деп аталатын күндер ертеден келе жатқан дәстүрлі салттар. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, — деп Абай атамыз жазғандай, көктем лебі есе бастаған алғашқы күндерден-ақ Наурыздың беташары секілді болып келетін «Көрісу-Амал» мерекелерінің де халықтың тұрмысы мен мәдениетінде алатын орны ерекше екенін байқауға болады.

рғындар Наурыз мейрамын тойлауды 14 Наурыздан бастайды. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Таңертеңнен бастап уақыты барлар үйді-үйге кіріп, « жыл құтты болсын!» — деп қауышып, көрісіп, жаюлы мерекелік дастарханнан ауыз тиіп жатса, кеңседе отырғандар телефон арқылы сәлемдесіп жатады. Ол күні телефонға маза жоқ… Жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Бір ерекшелігі — «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Есіме Ақтауда алғаш рет «көріскенім» түсіп отырғандықтан, айта кетейін.
Ақтауда алғашқы жылдары қоныстанған кезімізде ол уақыт Кеңес одағы жылдары болғандықтан, біздер үшін «Көрісу» күні түсініксіз болды. Ол жылдары «Көрісу» күні тұрмақ, біздің Жетісу өңірінде Наурыз мерекесі де тойланбайтын. 14 наурызда көрші апай таңсәріде,біз жұмысқа жиналып жатқанда келіп, «кел, көрісейік!» — дегенде мен «кім өлді?» — деп шошып кеттім. Мереке екенін білмегендіктен, біз жақта кісі өлгенде ғана көріседі деген түсінікте болғандықтан ғой. Ол кісі менің білмегенімді түсіндіріп, «Амал» мерекесінде былай көріседі – деп, үш рет қауышу керек екенін көрсетті. Кейін түсіндік «Көрісу» күнінің мағынасын, түсінген соң дұрыс екен деп қабылдадық сол күнді.

«Көрісу» мерекесі неге 14 наурызда тойланады?

Бұл күннің осылайша белгіленуі астрологиялық та, астрономиялық та, жыл мезгілдерінің Ай мен Күн планеталарының қозғалысына байланысты екенін көрсетіп отыр. 14 наурыз — Көрісу күні. Неге десеңіз ,Наурыздың 13-нен 14-не қараған түнде Ай мен Амал жұлдызы бір сызықтың бойында теңеседі екен. Мұны халқымыз Ай мен Амалдың көрісуі — деп атаған. Осыдан келіп Амал мерекесі, Көрісу күні шыққан.
Жалпы белгілісі, біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осьін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы — 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы — 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал, Жердің өз осьін айналуы — 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұдан біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағат емес екендігін ұғамыз. Біз бұл деректерді мектептегі «Астрономия пәнінен оқып білгеніміз есімізде шығар.
Біздің күнтізбелеріміз ғасырлар бойы өзгерістерге ұшырап отыруына байланысты, (Юлиан, Григориан күнтізбелері), мысалы біз 1918 жылы Ресей сияқты Григориян күнтізбесінде болдық . 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде «Юлий» және «Григорий» күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді .Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай «Көрісу» мерекесін 14 наурызда тойлайтын болды.

Неге «Амал» мерекесі деп аталған?

Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.
«Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт — көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.
Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі: «Әкей (Шәкәрім деп түсініңіз – ред.) айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген, тіпті ескі мақал». Соған қарағанда күн мен түн теңелер Наурыз мерекесінде Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – деп бекер айтылмапты
Мәжіліс депутаты ,ақын Қазыбек Исаның «Наурыз келді – басталды Амал күні!» өлеңінде құттықтау былай айтылады:
Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік
Қашағанын уақыттың аңғарасың…
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы – елімнің амандығы!
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпан таудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Тарихшы Жамбыл Артықбаев «Көрісу мерекесі еліміздің батыс өлкелерінде жақсы сақталған себебі – батыста қазақтардың үлес салмағы басқа ұлттарға қарағанда көбірек болды. Кеңес заманында да, патшалық заманда да. Әсіресе мынау шөлейт жерлерге орыс отарлаушылары бара қойған жоқ. Сондықтан батыс өлкеде, қазақтың байырғы дәстүрлердің бірсыпырасы сақталған. Әйтпесе, көрісу – исі қазаққа ортақ мейрам – дейді Ел.кз. сайтында. Мүмкін бұл сараптау да орынды болар. Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды.

/дереккөз: /kaz.inform.kz/news/
Баян ТАҢАТАРОВА