ТАРИХТЫҢ ТАУСЫЛМАЙТЫН ТЕРЕҢІНДЕ…

0
15

Тарихтың таусылмайтын тереңінде,
Құлтай ата біз сізді көреміз де.
17 кітап қалдырып болашаққа,
Жетіпсіз мақсатыңа, дегеніңе.
Құлтай Нұрқалбайұлы 1943 жылы 15 наурызда Киров (Көксу) ауданы Қаражырық (Жеңіс) колхозында туған. Әкесі — Тоқымбайұлы Нұрқалбай, анасы — Уазипа Қалиқызы колхозшы болған.

Құлтай Нұрқалбайұлы 1950 жылы Көксу теміржол бекетіндегі орыс мектебіне барып, 1958 жылы жеті сыныпты бітіріп, Лепсинск кітапхана техникумына түседі. 1961-1967 жылдары Быжы теміржол бекетіндегі кітапхана, әрі клуб меңгерушісі қызметін атқарды. 1967-1970 жылдары Қаратал ауданының мәдениет бөлімінің аға инспекторы болып қызмет істеген. Құлтай ақсақал қызметті жасай жүріп, өндірістен қол үзбей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің тарих факультетін оқып бітіріп тарихшы мамандығы бойынша диплом алады. Сол сияқты Қарағанды кооперативтік институтының сауда бөлімін, екі жылдық Марксизм-Ленинизм университетін, Ленинградтағы 6 айлық жоғары басшы кадрлар дайындайтын курсын бітіреді. 1970-1978 жылдары Талдықорған қаласы №174 орта құрылыс кәсіптік-техникалық құрылыс училищесінде тарих, қоғамтану пәндерінен ұстаз, директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, директор болып қызмет атқарған. 1978-1999 жылдары Талдықорған облыстық тұтынушылар басқармасының кадр бөліміндегі аға инспектор, ұйымдастыру – кооперативтік бөлімінің бастығы болып зейнетке шықты.

ОТБАСЫ ЖАҒДАЙЫ

Әйелі Нұрқалбаева (Жансеңгірова) Нағима Жабайқызы (1946-2021) Кітапханашы мамандығын меңгерген. Талдықорған қаласындағы жасөспірімдер, облыстық С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана мен В.Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханаларында кітапхана директоры болып қызмет атқарған. ҚР Мәдениет қайраткері. Одан да басқа көптеген марапаттары бар. Талдықорған қаласындағы В.Маяковский атындағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесін» басқарған кезеңде қалалық әкімшілікпен біріге жүріп Еңбек, Өтенай ауылдарында, Талдықорған қаласының екінші шағын ауданында кітапхана филиалдарын ашты. Нағима Жабайқызының шәкірттері облыстық, аудандық кітапхана директорлары, меңгерушілері. Атап айтсақ сол шәкірттерінің бірі С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры М.Нұрғалиева, Талдықорған қаласының «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» директоры Ф.Хайбуллина және К.Сейтжанова, Ескелді аудандық кітапхана директоры Г.Мұқанова және т.б.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 2006-2014 жылдар аралығында Талдықорған экономика және жол колледжінің кітапханасының директоры болып қызмет жасаған. Кітапхана саласында барлығы 46 жыл үздіксіз еңбек етіп оның 33 жылын директорлық қызметті абыроймен атқарды.
Ұлы Нұрқалбаев Берік – медицина саласының қызметкері. Алматы қаласында тұрады.
Қызы Нұрқалбаева Ардақ – кооператор, қаржыгер. Талдықорған қаласында.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЫҢЫНДА

2015 жылдан шыққан Жалайыр тарихынан атты сериямен 13 кітап, оның ішінде «Қадырғали би Жалайыр – қазақтың тұңғыш тарихшысы» туралы 8 кітап, баспа беттерінде жарық көрген 50-ге жуық ғылыми-тарихи тағылымды мақалалардың авторы.
Негізінен Жалайыр тайпасының тарихын терең зерттеген. Иран, Ирак және Әзірбайжан жерінде 100 жылға жуық дамып билік құрған Жалайыр мемлекетінің 1336-1432 жылдар аралығындағы тарихын зерттеу барысында көп еңбектеніп тер төккен.
Қазақ тарихының көшбасшысы Қадырғали би Жалайыр туралы Құлтай Нұрқалбайұлы 9 ғылыми-тарихи тағылымды кітап жазып шығарды. «Қадырғали би Жалайыр қазақ тарихының Геродоты» деп атап 500 беттен тұратын ғұмырнама кітап жазды. ХVI ғасырда өмір сүрген Қадырғали Жалайыриды б.з.д. V – ғасырда өмір сүрген грек ғалымы тарих атасы аталған Геродотқа теңейді. Осымен тоқтап қалмай Құлтай ақсақалдың «Қазақ тарихының көшбасшысы» (532 бет) атты мақалалар жинағын Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы ҚР Жоғарғы және Білім Министрлігі Ұлттық Ғылыми кітапханасы «Ұлы тұлғалар» сериясымен тегін шығарып берген. Жалайыр баба туралы екінші кітап «Қазақ тарихының атасы» (560 бет) туралы кітап облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен шыққан. Қалған кітаптардың бәрін өз қаржысымен шығарған.
Құлтай ақсақал 9-кітапты энциклопедия етіп шығармақ болған екен, оған шамасы (қаражаты) жетпеген. Сондықтан бұл Қадырғали Жалайыри туралы кітапты анықтамалық етіп шығарған.
Төртінші кітабы Жалайыр – Ұлы жүздің «Ноқта ағасы» тарақ таңбалы 13 ата Жалайыр руының тарихын терең зерттеп, ел аралап жүріп шежіресін сұрап, жер атауларын анықтау жолында талмай тиянақты еңбек етіп келеді десек артық айтқандық емес.
Құлтай тарихшының негізгі мақсаты — Жалайыр тайпасының елдің аузында жүрген мәліметтерді, баспада жарық көргендерін қай уақытта, қай баспада, кім жазды бәрін жинақтап, Жалайыр руынан шыққан көрнекті тұлғаларды зерттеп, зерделеп жүйе-жүйесімен қағаз бетіне түсіріп кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру.
Құлтай ата үйінде 10 мыңнан астам жинаған кітап қорын көрдік. Үлкен бір бөлмеге әрең сыйып тұр. Барлық сөрелер жүйе-жүйесімен орналастырылған әр сөреге каталог жасалған. Әрбір оқыған кітаптарындағы керек жерлерінің бәрін жеке дәптерлерге зерттеп, зерделеп, қай бөлімде қай бетте екені анық көрсетіліп отырған. Өте жоғары ұқыптылықпен саралау жүргізген. Мәселен шежіре кітаптар туралы айтсақ, Ұлы Жүз тайпалары оның таралуы, одан шыққан танымал тұлғалар, тұрақты орны туралы. Сол сияқты орта жүз, кіші жүз бәрі мүмкіндігінше жүйеленген.
Алматы облысы бойынша, Талдықорған облысы бойынша болған облыстың бірінші басшысы, исполком басшысының аты жөні, қашан келді қашан ауысты және 1968 жылдан бергі яғни Талдықорған облысы болғаннан бергі әйел басшылардың толық мәліметі бар. 1968 жылдан бастап облыста шыққан барлық баспалардың 1 нөмірі қалың бір папка болып жинақталған.
Құлтай Нұрқалбайұлының өмірбаянында сәл-пәл анықтауды қажет ететін тұстарын білгіміз келді.
– Құлтай ата, педагогика саласында қызмет етіп, не себепті облыстық тұтыну корпорациясына ауыстыңыз?
– 1977 жылы №174 Талдықорған қалалық техникалық орта білім училищесінің директоры қызметін атқарып жүрген кезімде орыс студенттері мен қазақ студенттері арасында туындаған ерегестен төбелес болған. Анық-қанығына жетіп тексергенімізде, төбелестің шығуына орыс студент балалары кінәлі болып шықты. Істің турасына жүгініп, орыс балаларын кіналап, қазақ балаларының сөзін сөйлеген едім. Бұл әңгіме Талдықорған облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің бастығы шовинист Олег Поповтың құлағына жетіп, ол мені «ұлтшыл» деп, «За проявление национализма и антипедагогических действий» — деген кінә тағып, мені коммунистік партия қатарынан шығарды, педагогика саласында қызмет етуден аластатты. Соңыма КНБ қызметкерлерін салып, прокуратура арқылы тергеу жүргізіп, мені соттатпақ болды. Нақты дәлел таба алмай 2 жыл соңыма түсіп әуреге салды. Менің осындай қудалауға түсіп жүргенімді естіген болуы керек, Социалистік Еңбек ері Әбдіқадыр Дайыров барлық жағдайыммен танысып, маған ара түсіп, оңбаған шовинист Поповтың тырнағынан ажыратып алды. Содан кейін Талдықорған облыстық тұтынушылар одағына жұмысқа тұрдым. Осындай себептермен педагогика саласынан қол үздім, турасын айтқанда — қол үздірді.
– Үйіңіздегі кітаптарды көріп қатты қызықтым. 10 мыңнан астам кітап жүйелеп жинапсыз. Кітапқа деген осыншама құлшыныс қалай, қайдан туындады?
– Менің өмірбаяныммен таныс болған шығарсың, алғашқы мамандығым кітапханашылық. Сондықтан кітап-тарды қалай жүйелеуді жақсы білемін. Кітап оқуға деген құлшыныс менің бала кезімнен, мектеп қабырғасынан басталған еді. В.Маяковскийдің, Лермонтов, Пушкиндердің өлеңдерін жатқа айтатынмын. Кейінірек КАЗГУ-дің тарих факультетін бітіргеннен соң тарихпен айналысып, тарихи кітаптар қажеттіліктен жиналды. Әрбір жалақымды алған сайын кітап сатып алатынмын. Басында мақалаларымды орыс тілінде жазатын едім. 1967 жылы С. М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүріп «Жизнь, революционная деятельность Токаша Бокина» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, оны ойдағыдай қорғадым. Диплом жұмысымның жетекшісі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, ғалым, жазушы, драматург Мұсатай Ақынжанов болатын. Көрнекті ғалым Кеңес өкіметі кезінде Мұқаметжан Тынышпаевтан кейінгі 1957 жылы «Қазақтың тегі туралы» 163 беттен тұратын алғашқы ерте заманнан басталатын қазақ шежіресінің ғылыми тарихын жазып шығарған тарихшы еді. Бір күні тарихшы ғалым-ұстаз Мұсатай Ақынжанов үйіне шақырды. Мекен-жайы Абай даңғылы мен Мир көшесінің қиылысындағы «элитный» үйдің 4 этажында тұрады екен. Ол менің диплом жұмысымды қарап, қосымша тапсырмалар бере отырып, әңгіме арасында қай жердің тумасысың, қай рудан боласың деп сұрай отырып, жазуға бейім екенімді айтты да, орысшаңды жоғалтып алатындай шүлдірлей бердің ғой. Бұдан былай қазақша газет-журналдарды көп оқы, қазақша жазып үйрен. Қазақтың тарихын қазақша оқысаң ғана терең білетін боласың деді. Содан маған ойлы көзбен қарап отырып: «Сенің ата-бабаларың Жалайыр көрінеді. Бұл қазақтың беделді, тарихы мол, белгілі үлкен тайпалы руы. Олардың тарихында құнды деректер, мұрағаттар да көп. Мұрағаттар таптырмас деректерге толы. Соларды жиыстырып зерт-тейтін ғалымдар да жоқтың қасы. Ғылыми зерттеумен шұғылданатын жастар болса ғой шіркін, — деп, маған бұған қалай қарайсың?» — дегендей сыңай танытты. Осыдан кейін ғылыми жетекшімнің ақылы ойға оралып, 1970 жылдардан бастап орысша, қазақша Жалайыр тарихына, шежіресіне, тарихи тұлғаларына байланысты ғылыми, тарихи-тағылымды көркем әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарық көрген мақалаларды жиыстырып, жіктей оқып бір жүйеге келтіру мақсатында іске батыл кірістім. Ізденіс барысында қазақша да орысша да материалдарды оқып, мақалаларды тек қана қазақ тілінде жаздым. Жинаған кітаптарымның 30 пайыздан астамы қазақ тіліндегі кітаптар.
Көп жылдар бойы жинаған деректерімді республикалық, облыс-тық, қалалық газет-журналдарға жазып тұруды әдетке айналдырдым. Сонымен өз халқының тарихын оқып бағалайтын, өз ру-тайпаларын дәріптей білетін жас ұрпақтар үшін 17 кітаптан тұратын «Жалайыр тарихынан» атты топтама (серия) кітаптарды дайындап шығардым.
Құлтай ақсақал өте ұқыпты, алғыр, қабілетті адам. Мектепті және екі жоғары оқу орнын орысша оқып бітіре отырып, кітаптарының барлығын тек қана қазақ тілінде жазады.
Ақсақалдың кітапқа деген құлшынысын естіп, көріп еріксіз бір өлеңім еске түсіп, содан үзінді жазуды жөн санадым:

Оқысам кітап қаламын қуаттана,
Ой-санам көкке өрлейді қанаттана.
Рухани нәр алар — суатым да,
Ақылшым — жол сілтейтін кітап қана.

Жарық берген маңайға шырақ дара,
Ойыңа ой жалғайды сыр ақтара.
Кітап жолдас адал дос серігім де,
Шежіре боп шертілер күй ақтара…
– Құлтай аға, өткен қоғам мен қазіргі қоғамда қандай өзгешеліктер бар?
– Өткен қоғамда өмірге келдік, оқыдық, ержеттік, отбасылы болдым, балаларым өмірге келді. Барлық жастығым,қызықты күндерім, еңбек еткен жылдарым өткен қоғамда болды. Білім алу, ем алу тегін болды. Қуаныштарым да ренішім де болды. Бір ғана Олег Попов үшін барлық қоғамға тас лақтырып жамандай алмаймын. Бір артықшылығы бай, кедей деп бөліну болған жоқ. Екіншіден жемқорлық болған жоқ. Дегенмен де сол қоғамды қайта аңсамаймын. Өткен уақыт өтті. Өткен қайтып келмейді.
Қазіргі қоғамда егеменді, демократиялық Қазақстан Респуб-ликасы болдық. Егемендігімізді анықтайтын Елтаңбамыз, Әнұран мен Туымыз бар. Мемлекеттік шекарамыз анық. Әлемге Қазақстан Республикасы деп танылдық, бұның бәрі әрине қуантарлық жай. 1960-1970 жылдармен салыстырсақ халықтың жағдайы көп жақсы. Халықтың көбісі жоғары білімді. Киімдері бүтін,қарны тоқ. Әрбір отбасында жеке жеңіл көліктері бар. Кейбір жолын тапқан адамдардың бір басында бірнеше квартирасы бар. Жеке бизнесі бар. Есесіне білім алу, ем алу бәрі ақылы. Жемқорлық деген лаулаған оттай өрлеп кетті. Бақылау аз. Дегенмен түзетуге мүмкіндік бар.
– Құлтай Нұрқалбайұлы, сіз тарихшы, өлкетанушы ретінде осы газеттің 6-санында жаңа Ата заң туралы төмендегідей пікіріңізді білдіріпсіз.
– «Ата заңның жобасымен танысып шықтым. Салиқалы жерлері бар, келісемін.
Ата заңның 84 пайызы жаңармақ яғни 77 бапқа түзетулер енгізілмек. Қос азаматтыққа жол берілмейді,егер басқа ел азаматтығын алсаң Қазақстан азаматтығынан шығарыласың деген бап өте дұрыс. Дегенмен мен келіспейтін жерлерді атап айтайын.
Біріншіден, тіл туралы 9-бапта «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дейді де мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену әрі дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді — дейді. 9- баптың екінші тармағы бұрынғы Ата Заңнан өзгеріссіз қалғаны қазақ тілінің жанашыры ретінде маған қатты батты. Қазақ тілінен орыс тілі қалыспай қолданылса қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуынан не пайда?
Екіншіден, қазақ тілін бұлайша қорламас болар. Сыртқы саясатқа байланысты ма сонда, орыс тілінің қатар жүруі? Бұл үлкен қателік меніңше.
Үшіншіден, жоғарыдағы пікірлерімнің жалғасы ретінде ұсынысым — мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбасын.
Төртіншіден, телеарналар мен радиолардан берілетін хабарлардың 70 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілгені жөн.
Бесіншіден, қазақ ұлты көп жиналған жиналыстарда және басқа ортада іс-шаралар қазақ тілінде жүргізілуін талап етемін.»
– Бұл жерде сіз мектепте, жоғары оқу орындарында да орыс тілінде білім алдыңыз, сөйте тұра, қазақ тілінің жанашыры болып жүрсіз…
– Неге десеңіз, басқа орыс тілді қазақтар мен сияқты ана тілін меңгеріп, ана тілінің жанашыры болса, Ата Заңның 9 бабының 2-тармағы дау дамайсыз алынып тасталар еді.
– Референдум өтуге санаулы күндер қалды. Осы пікіріңізде әлі тұрсыз ба?
– Мен бұл пікірімді ойланбастан айта салғам жоқ. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Мен ол пікірімнен айнымаймын. Бір құптарлық жағдай осы жаңа ата заң қабылдау үшін заң жобасы халықтық талқылауға берілді. Халықтың пікірінің барлығы түгелдей қабылданбаса да көптеген ой-пікірлерді айтуға мүмкіндік берілді. Оның өзі сәл де болса алдыға қадам жасағандық емес пе?
– Мынау төрде ілулі тұрған суретте сіз Талдықорған өңірінің тумасы Қазақстан космонавты Қазақстан халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Айдын Ақанұлы Айымбетовпен суретке түсіпсіз. Оны бұрыннан танып білесіз бе?
– Айдын Айымбетов менің аталас туысым. Ол тәуелсіз Қазақстан туы астында ұшқан тұңғыш ғарышкер. Туған жері Қазіргі Жетісу облысы Талдықорған қаласының іргесіндегі Өтенай (Заря коммунизма) ауылында дүниеге келді.

ҚҰЛТАЙ ТАРИХШЫНЫҢ МАРАПАТТАРЫ

В.И.Лениннің туғанына 100,150 жыл толуына арналған медаль, Ұлы Отан Соғысының жеңісіне 75 жыл мерейтойлық медаль, Мұсабек Сеңгірбаев медалі, Еңбек ардагері медалі, СССР Мәдениет министрі Е.Фурцеваның қолы қойылған «За отличную работу» -деген медалі, «Отличник потребкооперации СССР» және «Отличник потребкооперации Каз ССР» төс белгісімен, IX, X, XI СССР бесжылдықтардың екпіндісі төс белгі және 50-ге жуық мақтау грамоталарымен марапатталған.

50 жылдан астам өмірін тарих қойнауын аршуға арнап, өте маңызды материалдарды іздеп тауып, оқырмандарға ұсынған тарихшы, өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлы жақында 15 науырызда, Жаңа Ата Заң қабылданатын референдум өтетін күнмен сәйкес келетін күні 83 жасқа толады. Құлтай ақсақалдың қоржынында әлі 2 томдық «Жалайыр» ғылыми-этнографиялық зерттеу еңбегі мен «Жетісудың ел басқарған арулары» атты кітабы баспаға дайын тұр. «Жетісудың жайсаңдары», «Жалайыр хандығы (1335-1435)», «Жетісу саңлақтары» атты кітаптары дайындалып зерттелуде. Құлтай ақсақалға Алла қуат берсе, бұл кітаптар да жарық көретін болар. Құлтай Нұрқалбайұлының 15 кітабі С.Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапханаға және Көксу аудандық кітапханаға сыйға тартылды. Алматыдағы Республикалық және ҚР Ғылым Академиясының кітапханаларында да ол кісінің кітаптары пайдаға асып жатқанына күмәніміз жоқ. Осыншама ғылыми еңбектердің иесі Құлтай Нұрқалбайұлының көзінің тірісінде өкімет тарапынан жоғары деңгейде еңбегіне лайық құрмет көрсетілсе үлкен бір тағылымды іс болар еді.

Үңіле қарап тарихтың тереңіне,
Мақсат қойып жетіпсіз дегеніңе.
Жалайыр ру-тайпасын толық зерттеп,
Жазыпсыз 17 кітап көлемінде.

Тура жолдан таймапсыз айнымапсыз,
Ашық аспан түндегі айдан ақсыз.
Қазақ рухын көтеріп биік ұстап,
Тарихқа енгізем деп ойға алыпсыз.

Әлі талай жанады еңбегіңіз,
Іске асады теріп жинап бергеніңіз.
Кейінгі ұрпақ соңыңнан ілеседі,
Бағдар қылып алдағы көрген ізін — деп ақсақалға жоғарыдағы жыр шумақтарын тарту еттім.
Құлтай ақсақал өзінің тарихшы-ғалым ұстазы Мұсатай Ақынжановтың үміті мен сенімін ақтапты. Енді кейінгі жас буыннан Құлтай Нұрқалбайұлындай жігерлі жас табылар ма екен? Егер табылса, Құлтай атаның ізін жалғастыра ма?
Сөз соңында айтарым Құлтай аға келе жатқан 15 наурыз туған күніңіз құтты болсын! Жасыңыз 83-ке келсе де жігерлісіз, сізді алда күтіп тұрған бірталай жұмыстарыңыз бар. Соның бәрін атқарады деп сенеміз.

Сондықтан шаршамаңыз, қажымаңыз,
Таусылмасын жинаған қазынаңыз.
Қашан да сізге көмек керек болса,
Әрқашан жаныңыздан табыламыз!

Сембек ӘБДІ-РАХМАН